Аты аңызға айналған италиялық футболшы өмірден өтті

Ол қыркүйектен бері ауруханада жатқан болатын.

Аты аңызға айналған италиялық футболшы өмірден өтті
сурет: istockphoto.com
720

1990 жылғы Әлем чемпионатында дүние жүзінің назарын өзіне аударған италиялық футбол жұлдызы Тото Скиллачи 59 жасында қайтыс болды. Ол сол жылы «Алтын бутса» және «Алтын доп» иегері атанған.

Палермодағы «Сивико» ауруханасында 7 қыркүйектен бері ауыр халде жатқан Скиллачи бірнеше отадан кейін жағдайы біршама жақсарғандай көрінген, бірақ жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, кейін денсаулығы күрт нашарлап, өмірден озды. «Месина», «Ювентус» және «Интер» клубтарының бұрынғы орталық шабуылшысы біраз уақыт бойы ісікпен күресіп, қыркүйектен бері ауруханада жатқан болатын.

1964 жылы Палермода Сальваторе Скиллачи есімімен дүниеге келген Тото «Мессина» клубында ойнап, 1989 жылы «Ювентусқа» ауысып, 15 гол соғып, Италия Кубогы мен УЕФА Кубогын жеңіп алған. Ол Әлем чемпионатына Адзельо Вичиниден шақырту алған еді.

Әлем чемпионатын Австриямен алғашқы ойында гол соғудан бастаған Скиллачи барша итальяндықтардың сүйікті ойыншысына айналды. Турнирді алты голмен аяқтап, Италияға үшінші орынды алып келді және үздік сұрмерген атанды.

Әлем чемпионатынан кейін ол 1992 жылы «Интерге» ауысып, кейін Жапонияда мансабын аяқтаған. Италияға оралған соң, балаларға арналған футбол мектебінде қызмет атқарған.

Серіктес жаңалықтары