Астана әкімі Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шәмейге пәтер сыйлады
Ал демеушілер тарапынан ақшалай сыйақы берілді.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Паралимпиада ойындарының елордалық жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына пәтер мен ақшалай сыйақы табыстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, Ақмарал Науатбекке 3 бөлмелі пәтердің сертификаты және 30 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Айдын Анапинге 10 млн теңге табыс етілді. Ерғали Шәмейге 2 бөлмелі пәтердің сертификаты мен 25 млн теңге ақшалай сыйақы, ал оның жаттықтырушысы Дәурен Оразовқа 7 млн теңге табыс етілді. Ақшалай сыйақы демеушілер тарапынан берілді.
Паралимпиада ойындарының елордалық жүлдегерлерімен кездестім. Ақмарал Науатбек елімізге көптен күткен жеңіс сыйлады. Ол пара дзюдодан әлем чемпионы атанған және Паралимпиада алтынын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде ел тарихына енді.
Әлем алдында көк туымызды желбіреткен тағы бір елордалық спортшы – Ерғали Шәмей. Ерғали күміс медаль жеңіп алды. Олардың жеңісінің артында тоқтаусыз жаттығулар, темірдей тәртіп, шыдамдылық, жақындарының, бапкерлерінің қолдауы, өзіне деген сенім жатыр.
Біз өз тарапымыздан спортшыларымызға қолдау көрсетуді ары қарай да жалғастырамыз, сол сияқты қаланың спорттық инфрақұрылымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне тиісті жағдай жасаймыз, - деді қала әкімі.