Елімізде спорт журналистері мен комментаторлардың қауымдастығы құрылды

Қауымдастықты белгілі комментатор, «Бірінші бол» YouTube-жобасының резиденті Олжас Байбосын басқарады.

Елімізде спорт журналистері мен комментаторлардың қауымдастығы құрылды
Фото: 1bol.kz
306

Қазақстандағы спорт журналистері және спорт комментаторлары бір қауымдастыққа бірікті. Жаңа ұйым Спорттық масс-медиа, блогерлер және комментаторлар қауымдастығы деп аталады. Бұл туралы ҚФФ БАҚ комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды, деп хабарлады turkystan.kz сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Қауымдастықты белгілі комментатор, «Бірінші бол» YouTube-жобасының резиденті Олжас Байбосын басқарады. Бүгінгі жиында оның орынбасарлары тағайындалып, ұйымға жаңа мүшелер қабылданды.

Қауымдастық спорт журналистері мен комментаторлардың заңды құқығын қорғаумен айналысады.

«Біздің негізгі мақсатымыз – спорт журналистерінің құқығын қорғап қана қоймай, олардың талап-тілегі болса алдымен өз ішімізде талқыға салып, сосын ортақ ұсынысты құзырлы органдарға жеткізу. Жалғыздың үні шықпас дейді ғой, бұған дейін әріптестеріміз жалақы, қаламақы, еңбек құқықтарына қатысты көптеп шағым айтып, оны шеше алмай келген еді. Осы жайттардан кейін күшімізді біріктіріп, бір заңды ұйым құру туралы шешім қабылдадық», - дейді Олжас Байбосынов.

Бүгінде ұйымға жиырмадан астам журналист пен комментатор мүше болып тіркелді. Олардың қатары әлі де артады дейді қауымдастық басшысы.

Серіктес жаңалықтары