Осы аптада, Мәжілісте...

Мәжіліс депутаттары бірқатар заңды жұмысқа алды.

Осы аптада, Мәжілісте...
сурет: parlam.kz
70

Осы аптада Мәжілістің жалпы оты­ры­сында депутаттар тауар биржалары мә­селелері бойынша түзетулерді бі­рін­ші оқылымда мақұлдады. Сонымен қа­тар Қазақстан мен Өзбекстан үкі­меттері арасындағы экология және қор­шаған ортаны қорғау саласындағы ын­тымақтастық туралы келісімді ра­тификациялап, Сенатқа жолдады.

Тауар биржалары микро және шағын бизнес санатынан шығарылмақ

Тауар биржалары мәселелері бойынша тү­зетулер биржаларға қойылатын реттеуші та­лаптарды қатаңдатып, мемлекеттік ба­қы­лауды күшейтеді. Осыған байланысты тауар биржаларын микро және шағын биз­нес санатынан шығару, сондай-ақ бро­керлер мен клиринг орталықтарын ли­цен­зия­лауды енгізу ұсынылып отыр.
Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді: ол биржалық саудаға жосықсыз қаты­су­шы­лардың тізілімін жүргізіп, тауар бир­жа­ла­рын лицензиядан айыруға және оларды тоқ­татуға мүмкіндік алады.
Тауар биржалары мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы бол­ды. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смы­шляева бұл жоба Мемлекет басшысы­ның биржалық тауарларға ашық баға белгілеуді қалыптастыру және «қалта» бир­­­­жаларын нарықтан шығару жөніндегі тап­сырмасын орындау мақсатымен әзір­ленгенін атап өтті.
– Бұл заң жобасы бірқатар нақты проб­лемалық мәселені шешеді. Тауар биржалары ша­ғын кәсіпкерлік, оның ішінде микро­кә­сіп­керлік субъектілері ретінде алынып тас­талады. Брокерлер мен клирингтік ор­талықтарды лицензиялау және оларды қар­жы мониторингі субъектілері санатына қосу қарастырылады. Стандартты аукцион жә­не стандартталмаған тауарлар бир­жа­лық саудадан шығарылып, стандарт­тал­ма­ған тауарлармен сауда электронды сауда алаң­дарына ауыстырылады, – деді Е. Смыш­­ляева.
Сонымен қатар Үкімет конкурстық не­гізде әлеуметтік маңызы бар биржа тауар­­­­лары­ның саудасы жүзеге асырылатын тауар биржаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және ин­теграция министрлігі бекітеді, оған кө­мір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнімдері кіреді.
– Қазір 9 биржаның 8-і – микрокә­сіп­кер­лік субъектілерінің қатарында. Ал мұн­дай биржалардың жылдық айналымы 2 тр­лн теңгеге дейін жетеді. Яғни, бұл – олар айтарлықтай салмағы бар экономикалық инс­титут деген сөз. Ал микро және шағын биз­несте салық саясаты да – басқаша, мем­лекет бақылауы да – өзгеше, мемлекеттің қол­дау шаралары да – бөлек. Ал дәл қазір бир­жалар шағын шаштараз, дүкендермен қатар тұр. Сондықтан биржаларды енді қыз­­мет түріне қарай жіктегенде, микро жә­не шағын бизнеске жатқыза алмаймыз, кі­ріс көлеміне қарай ірі немесе орта биз­неске жатқызылатын болады, – деп тү­сін­дірді депутат Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, мұның нәти­же­сінде отандық тауар өндірушілер жер қой­науын пайдаланушылардың сатып алым­да­рына кедергісіз қол жеткізе алады. Осы­­­­лайша, осы кәсіпорындардың төңіре­гін­д­е отандық өндірушілердің белдеуі қа­лыптастырылады.
Мұның барлығы қаржылық тұрақ­ты­лық пен тауар биржалары жұмысының ашық­тығына қойылатын талаптарды қа­таңдатып, мемлекеттік бақылауды кү­шей­теді. Мемлекеттік бақылауды Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігі де кеңейтеді. Ол биржалық саудаға жосықсыз қаты­су­шылардың тізілімін жүргізіп, тауар бир­жа­ла­рын лицензиядан айыруға және оларды тоқтатуға мүмкіндік алады.
Бұл ретте Үкімет конкурстық негізде әлеу­­меттік маңызы бар биржа тауар­ла­ры­ның саудасы жүзеге асырылатын тауар бир­­­­жаларының тізбесін айқындайды. Тауар биржаларының тізбесін Сауда және интеграция министрлігі бекітеді, оған кө­мір, бидай, мұнай және бірқатар азық-түлік өнім­дері кіреді.
Талқылау нәтижесінде түзетулерді бірін­ші оқылымда мақұлдау туралы шешім қа­былданды.

Қазақстан мен Өзбекстан экологияны жақсартуға бірлесе күш салмақ

Мәжіліс сондай-ақ 2022 жылғы 22 жел­тоқ­санда Ташкентте жасалған Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы эко­логия және қоршаған ортаны қорғау са­ласындағы ынтымақтастық туралы ке­лі­сімді ратификациялады. 
Оны депутаттарға Экология және таби­ғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырды. Ол құжат 1997 жылғы жасал­ған келісімді өзектендіруге, экология және қор­шаған ортаны қорғау саласындағы ын­тымақтастықты кеңейтуге бағыт­тал­ға­нын айтты.
– Құжатта бірқатар жаңа бағыт көз­дел­ген. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасы­малдау және оларды жою мәселелері бойын­ша мемлекеттік бақылау жүргізу қам­тылады. Бұған өзбек тарапымен Арал бас­сейніндегі экологиялық жағдайды жақ­сарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзір­леу және қоныс аударушы жануарларды қор­ғау шараларын үйлестіру де кіреді. Сон­дай-ақ Қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақ­стан-Өзбекстан бірлескен комиссиясы құрылады, – деді Экология министрі.
 Жұмыс тобының жетекшісі Аян Зей­нул­лин қосымша баяндамасында келісімді ра­тификациялау екі елдің қоршаған ор­та­ны қорғау жөніндегі мемлекеттік орган­да­ры қызметінің тиімділігін арттыруға, екі­жақты экологиялық жобаларды жүзеге асы­руға және өзара тиімді ынтымақтас­тық­тың басқа да нысандарын жүзеге асы­ру­ға мүмкіндік береді.
Ал депутат Еділ Жаңбыршин заң жо­басы бойын­ша қорытынды сөзде Мәжіліс коми­тет­тері Келісімді оң бағалайтынын және оны ратификациялауды ұсынатынын жет­кізді.
– Келісімге сәйкес Тараптар қоршаған ор­таны қорғау саласындағы ынтымақ­тас­тық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бір­­­­­лес­кен комиссиясын құрады, ол Келі­сім­ді іске асыруға бағытталған мәселелерді ше­шуге жауапты болады. Келісім орман ал­қаптарын қалпына келтіруді ұйым­дас­тыру­ды, сондай-ақ топырақ пен өсімдік жа­бы­ны­ның тозуына қарсы күресті қоса алған­да, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бе­реді. Мәжіліс комитеттері Келісімді оң бағалайды және оны ратификациялауды ұсынады, – деді депутат.

Пошта қызметін реттейтін заң жобасы жұмысқа қабылданды

Бұдан соң Мәжілістің Экономикалық ре­форма және өңірлік даму комитеті «Пош­та туралы» заң жобасын жұмысқа қа­был­дады. 
Депутаттар заң жобасы бойынша қоры­тынды әзірлеуге кіріседі. Осы заң арқылы пош­та қызметін реттеудің тың тәсілдері құ­қықтық тұрғыдан негізделмек.

Серіктес жаңалықтары