Ақтөбеде 92 жастағы кейуана сегіз баласынан алимент өндіріп алды
Батыр ана жасы келіп, көптеген созылмалы ауруға шалдыққанын айтқан. Сондықтан күтіміне қаражат керек.
92 жастағы қарияның тоғыз баласы бар. Кенже қызы өзімен бірге тұратындықтан және ақшалай көмектесетіндіктен, кейуана тек сегіз баласынан алимент өндіру үшін арыз жазған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Істі қарау барысында талапкер балаларының өзіне келмейтінін, оларды алты жылға жуық уақыт көрмегенін айтты. Ал жауапкерлер қарияның кенже қызы З-ның өздерін үйге кіргізбейтінін, аналарын көрсетпейтінін айтқан. Бірақ сот олардың бұл сөздерін назарға алған жоқ. Себебі оған дәлел жоқ. Керісінше сот оны еңбекке жарамсыз ананы бағудан қашу ретінде қарастырды. Сот сегіз жауапкердің төртеуі зейнет жасына жеткенін, олардан алимент өндірілмейтінін ескеріп, қалған төрт жауапкерден 7 АЕК мөлшерінде (25 844 теңге) алимент өндірді», - делінген соттың баспасөз хабарламасында.