АЭС елді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

Халықтық штабтың өкілдері атом энергетикасының тиімділігі туралы ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерімен бөлісті.

АЭС елді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді
Халықтық штаб
318

Мәжіліс депутаты Лұқбек Шабданұлы Тұмашинов Средигорное ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында ауылдықтарға халық қалаулысы АЭС салу бойынша  6 қазанда өтетін референдумның маңызын түсіндірді.

«Қазақстанда қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне сәйкес келетін жаңа буын атом электр станциясын салу мүмкіндігі талқылануда. Егер елімізде АЭС салынатын болса нысанды салу мен пайдаланудың бүкіл процесі бүкіл өркениетті әлемде қолданылатын халықаралық қауымдастық әзірлеген ережелер мен нормаларға сәйкес жүзеге асырылады»,- деді Лұқбек Тұмашинов.

Сондай-ақ, АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері бүгін Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы бірқатар еңбек ұжымдарында болып Қазақстанның энергетикалық секторын трансформациялауға арналған бастамалар жөнінде ой бөлісті.

Парламенті сенатының депутаты Әли Бектаев және Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков бастаған Халықтық штабтың өкілдері еліміздегі электр энергиясының қорымен байланысты туындап жатқан түйткілдерді айта отырып, атом энергетикасының тиімділігі туралы ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерімен бөлісті.

Түсіндіру тобы алдымен «ERNUR корпорациясы» ЖШС-нің өндіріс алаңында серіктестіктің жұмысшыларымен кездесіп, АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның өткізілуі – елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына үлес қосып отырған үлкен қадам екені айтылды. Мемлекетіміздің әрі қарайғы дамуын айшықтайтын жобаның халық талқысына шығуы – мемлекеттік маңызы бар істе барлық азаматтың үнін есту дегенді білдіретініне айрықша мән берілді.

Қазіргі кезде Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін станциялар болып табылатыны мәлімделіп, олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызын құрайтыны жарияланды. Электр қуатын тұтынудың жылдық өсімі 3 пайызға тең екені жеткізіліп, көмір станцияларының тозу деңгейі 70 пайызға жетіп отырғаны назарға алынды.

Штаб мүшелері бұл мәселеде атом энергиясына балама жоқ екенін түсіндіре отырып, ел қуатын арттыруда және оның жарқын болашағын қамтуда азаматтық жауапкершілік танытып, таңдау жасауда белсенділік танытуға шақырды.

Халықтық штаб өкілдерінің келесі түсіндіру жиыны Шаян ауылындағы №19 колледжде өтті. Мұнда колледждің оқытушылар құрамымен еркін форматта жүздесу өтіп, атом энергетикасының экологиялық аспектілері кеңінен қозғалды.

Ядролық энергетика, өзінің пайда болу табиғатына сәйкес, шын мәніндегі жаңартылатын энергия көзі болып табылмаса да, парниктік газ шығарындылары аз және үлкен көлемде электр қуатын өндіру қабілетіне ие энергия көзі болып табылатыны және жаһандық экологияны қамтуда маңызды рөл атқаратыны айтылды. Дәстүрлі көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы, атом электр станциялары энергия өндіру кезінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайтыны түсіндірілді.

Ал аудандық орталық ауруханада медицина саласының қызметкерлерімен өткен жүздесуде атом электр станциялары тұрақты және болжамды электр энергиясын өндіруге қабілетті екені атап көрсетілді. Ал күн және жел энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерін табиғи ресурстардың максималды қолжетімділігі кезеңінде ғана пайдалануға болатыны мәлімделді.

«АЭС салудың бірнеше стратегиялық міндеті бар. Оның ішінде басты себептердің бірі – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету. Атом электр станциясы импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтуға және елді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Халықтық штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Бәйдібек ауданындағы жұмыс сапары барысында штаб өкілдері Шаян лицейі жалпы орта білім беретін мектебінде аудандағы білім беру ұйымдарының басшыларымен жүздесіп, АЭС салудың экономикалық және экологиялық маңыздылықтарына тоқталды.

Серіктес жаңалықтары