Халықтық штаб Қостанай облысының жұртшылығымен кездесті

Халықтық штаб Қостанай облысының жұртшылығымен кездесті
404

Қазақстанда АЭС салу бойынша Халықтық штаб аймақтардағы тұрғындармен кездесулерін жалғастыруда. Кезекті сапар Қостанай облысында өтті, мұнда студенттерден бастап энергетика саласының мамандарына дейінгі өңір тұрғындарымен талқылаулар ұйымдастырылды. Кездесулерді Халықтық штабтың мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау және Еркін Әбіл өткізді.

Кездесулердің бірі Рудный индустриалды университетінде өтіп, оған 100-ден астам студент пен оқытушылар қатысты. Өңір жастары жалпыұлттық референдумға шығарылған мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп, Халықтық штаб мүшелеріне түрлі сұрақтар қойды. Өз кезегінде сарапшылар мен депутаттар бұл мәселенің ел болашағы үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Мәжіліс депутаты Альберт Рау жылдан жылға ұлғайып келе жатқан энергия тапшылығы проблемасын айтып, АЭС-ті Қазақстан үшін баламасыз шешім деп атады.

«Қазақстанда атом электр станциясын салу – елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі. Атом энергетикасының болашағы – сіздердің болашақтарыңыз. Жас инженерлер мен мамандар осы саланың негізін қалап, жаңа технологияларды дамытуға үлес қосады. АЭС Қазақстанда мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, технологиялық инновациялар үшін мүмкіндіктер туғызады. Жаһандық деңгейде мұндай электр энергиясының көзі елдегі электр энергиясы тапшылығын азайтып, инвестиция тартып, экономиканың өсуіне қуатты серпін береді», — деді Альберт Рау.

Университет оқытушылары да бұл пікірталасты қолдап, атом энергетикасы студенттер үшін бірегей дағдыларды игеруге, сондай-ақ жергілікті және халықаралық деңгейде сұранысқа ие болуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, АЭС тек негізгі энергия көзі ғана емес, ғылыми зерттеулердің орталығы болатынына назар аударды.

«Біздің студенттер озық технологияларды дамытуға қатыса алады, бұл Қазақстан үшін үлкен қадам», — деді оқытушылардың бірі.

Жастар атом энергетика саласының болашағы, тәжірибе жинақтау және мансаптық даму мүмкіндіктері туралы сұрақтарын қойды. Қатысушылар АЭС құрылысы идеясын қолдайтындарын білдіріп, бұл кәсіби дамуға мүмкіндік беретін жоба екенін айтты.

Сондай-ақ Халықтық штаб мүшелері Рудный қаласындағы Жастар ресурстық орталығында қала белсенділерімен кездесті. Кездесу барысында Халықтық штаб мүшесі Еркін Әбіл АЭС салуда қолданылатын заманауи экологияға зиянсыз технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Атом энергетикасы — бұл энергияның ең экологиялық таза көздерінің бірі. Озық технологияларды қолдану арқылы шығарындыларды азайтып, қоршаған ортаға әсерін барынша төмендетуге болады. Сонымен қатар мұндай станциялар көмірге тәуелділікті азайтуға көмектеседі, бұл еліміздің экологиясына оң әсер етеді. Еуропада АЭС жасыл энергия көзі болып саналады. Оған қоса, АЭС тәулік уақытына, ауа райына қарамастан тұрақты энергия көзі болып табылады», — деп түсіндірді мәжілісмен Еркін Әбіл.

Кездесу қатысушылары өз ойларымен бөлісті. Жас эко-белсенді Дильназ Бисенова АЭС сияқты заманауи энергия көзіне сенім артатынын білдірді.

«Біз үшін, қазіргі қазақстандық жастар үшін, елдің болашағы туралы қазірден бастап ойлану өте маңызды. Бұл – біздің жұмыс істеп, балаларымызды тәрбиелейтін болашақ ел. Мен бұл туралы өзім қатысатын «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы эко-акцияларда жиі айтамын. Қоқыс тастау орындары, ауаның ластануы және су қоймаларының ластануы, энергия тапшылығы – бұл мәселелерді шешуді бастау керек. АЭС бұл мәселелерді шешуге үлкен үлес қосады. Энергия тапшылығын шешіп қана қоймай, табиғатқа минималды әсер ету де маңызды. АЭС — бұл болашақ ұрпақтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік», — деп атап өтті белсенді.

Халықтық штаб мүшелері Рудный қалалық емханасының медицина қызметкерлерімен де кездесті. Кездесу барысында өңір тұрғындарының денсаулығына ауаның ластануының әсері, сондай-ақ АЭС экологиялық жағдайды жақсарта алатыны туралы талқылау өтті. Дәрігерлер ауаның ластануы салдарынан тыныс алу органдарының ауруларының көбеюіне қатысты мәселелерді көтеріп, жаңа экологиялық стандарттардың бұл жағдайды жақсартуға қалай ықпал ететінін сұрады.

Сапардың соңғы кездесуі «КЕGOC» АҚ филиалының өндірістік алаңында өтті, онда делегацияны энергетика саласының мамандары қарсы алды. Талқылау барысында энергетикалық жүйені жаңғырту және халықаралық ынтымақтастық перспективалары, атом энергетикасын қолданыстағы жүйеге енгізу және оның дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда артықшылықтары талқыланды.

Қостанай облысындағы кездесулер АЭС құрылысы идеясының тұрғындар арасында кең қолдау тапқанын көрсетті. Ашық пікірталастар, азаматтар мен мамандардың белсенді қатысуы өңір тұрғындарының бұл тарихи жобаны қолдауға дайын екендігін айғақтады.

 

 

Серіктес жаңалықтары