АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – депутат
АЭС салу – елдің энергетикалық тәуелсіздігіне үлкен қадам.
Халықтық штаб мүшелері Алматы облысындағы «APORT mall» ойын-сауық орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізіп, атом энергетикасының қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға әсері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай атом электр станцияларында қолданылатын заманауи қауіпсіздік жүйелері мен радиациялық бақылау технологияларының маңызын атап өтті. Ол қазіргі заманғы III+ буын реакторларының сенімділігін және олардың халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетінін айтты.
«Қазіргі атом электр станцияларының қауіпсіздік жүйелері әлемдегі ең жоғары стандарттарға сай жасалған. Бұл станцияларда белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімі қолданылып, оларды сыртқы және ішкі әсерлерден барынша қорғайды. Мысалы, Чернобыль мен Фукусима сияқты ескі буын реакторларында қауіпсіздік жүйелері әлсіз болатын, бірақ бүгінгі станциялар технологиялық тұрғыдан әлдеқайда жетілдірілген. Атом станцияларының сырты табиғи апаттарға – 8 баллға дейінгі жер сілкінісіне, торнадо мен дауылға төтеп бере алады», – деді Мақсат Толықбай.
Оның айтуынша, станциялардағы күмбездер реактордан шыққан радиоактивті бөлшектердің сыртқа таралуына жол бермейді. Бұл жүйелер АЭС жұмысын апат жағдайында да қауіпсіз етеді, ал радиоактивті бөлінулердің ықтималдығы миллион жылда бір реттен де аз.
Кездесуге қатысқан «APORT mall» қызметкерлері бұл ақпаратты қызығушылықпен тыңдап, АЭС салу жобасын қолдайтындарын білдірді. Орталық қызметкері Айбек Мәте атом электр станцияларының сенімділігін түсіне отырып, жобаны қолдауға дайын екенін жеткізді.
«АЭС салу – елдің энергетикалық тәуелсіздігіне үлкен қадам. Біз әлемнің жетекші елдері сияқты, қауіпсіз әрі экологиялық таза энергия көздеріне көшуіміз керек. Бұл тек экономикалық тұрақтылық емес, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін маңызды шешім деп білемін», – деді ол.
Кездесу соңында Халықтық штаб өкілдері тұрғындарды АЭС салудың елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына тигізетін оң әсері туралы ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратынын айтты. Бұл кездесулердің басты мақсаты – халықты толық әрі ашық ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің энергетикалық болашағына қатысты дұрыс шешім қабылдауға ықпал ету.