Сенат төрағасы: АЭС экономикамыздың дамуына тың серпін береді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Абай облысына келді.

Сенат төрағасы: АЭС экономикамыздың дамуына тың серпін береді
Әли Ғалым
Автор
Админ
375

Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар бар. Олар референдумға орай жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен, білім беру саласының мамандарымен және коммуналдық қызметтер саласындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде экологиялық және экономикалық проблемаларды шешу жолында АЭС салудың маңызы сөз болды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазіргі таңда климаттың өзгеруіне және экологияның нашарлауына байланысты бүкіл әлем түрлі сын-қатермен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды. Сондай-ақ ол уақыт өткен сайын электр энергиясының тапшылығы артып отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде еліміздегі энергия өндірісінің негізгі көлемі, яғни 70 пайыздан астамы көмір электр стансаларына тәуелді. Кездесуде энергия өндірісін арттырудың және оның экологияға әсерін азайтудың маңызына, бұл жолда атом электр стансасын салу ең тиімді қадамдардың бірі екеніне де баса мән берілді.

Штаб мүшелері «Приречное агрофирмасы» ЖШС-ның базасында облыстағы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен жүздесті. Одан бөлек, «Эйкос» ЖШС-ның кәсіпкерлерімен және қызметкерлерімен, сондай-ақ, коммуналдық сектор кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер өткізіп, аталған мәселелерді кеңінен талқылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Атом электр стансасы – көмірқышқыл газының шығарындыларын және көмірге тәуелділікті азайтудың ең тиімді жолдарының бірі. АЭС-тің көмір стансаларынан айырмашылығы зор. Аталған сала қоршаған ортаны улы газдармен, күлмен немесе құрамында мұнай өнімдері бар зиянды қалдықтармен ластамайды. Бұл – атом энергиясы табиғатқа зиян келтірмейтін, экономикамыздың дамуына тың серпін беретін таза және тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етеді деген сөз», – деді Палата Спикері.

Білім беру саласының қызметкерлерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев АЭС салу мәселесіне кешенді көзқарас қажет екенін айтты. Бұл ретте жаңа технологияларды зерделеу және өндіріске инновацияны енгізу маңызды. Сонымен бірге Сенат Төрағасы дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіретін қасаң қағидалардың салдарына да тоқталып өтті.

«АЭС-тің қауіпсіздік мәселесі көпшілікті алаңдатып отырғанын білеміз. Мұндай алаңдаушылыққа өткен ғасырда болған ядролық сынақтар мен апаттар себеп екені анық. Осы ретте қазіргі атом стансалары сенімді, ең озық және тексерілген технологиялар арқылы салынып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл орайда әңгіме III және III+ буындар туралы сөз болып отыр. Егер халық референдумға шығарылған мәселені қолдаса, елімізде атом электр стансасы ең жоғары әлемдік стандарттарға сай салынып, жабдықталады. Аталған істе адамдардың қауіпсіздігі негізгі басымдық болатыны сөзсіз. Жобаны іске асыру кезінде табиғи апаттарға және басқа да ықтимал сын-қатерлердің алдын алу үшін қажетті шаралар ескеріледі. Стансаның қауіпсіз жұмысы МАГАТЭ-нің және басқа да халықаралық ұйымдардың мұқият қадағалауында болады. Мұның бәрі АЭС-тің жұмысын және оны пайдалану кезеңін сенімді бақылауға кепілдік береді», – деп, Сенат Спикері азаматтарды ел игілігі үшін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Серіктес жаңалықтары