Соқпағы бөлек суреткер

Соқпағы бөлек суреткер
963

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетін жасаған тұлғалардың арасында ыңғай саясаттың жетегінде кетпей, айтарын айта білгендер бар. Әрине, ол кезде «кессеңіз, ханым, міне, бас» деп қасқайып тұрудың заманы өткен, сол үшін де қолына қалам ұстағандардың таланттылары негізгі ойларын кейіпкерлерінің бойына жасырды. Астарлап айтып, сомдалған характерлермен берді. 

Мемлекет ананы жазба, мынаны жаз, өй­туге болмайды, бүйтуге бол­­­май­ды, шығармадан оның пар­тия­лы­лы­ғы көрі­ніп тұруы керек т.с.с. деп нұқып отыр­ғанда ұшқыр қиялдың аяғына тұсау са­лынбай ма? Еркіндік жоқ жерде ақта­ры­­лып айту қалай болсын? Қоғамды сынайын де­­сең, соны құрғандар қаптаған «шын­шыл­дар­ды» айдап салып ит талағандай етсе, өкі­метке «се­німсіз» атанып, басқан ізің ба­қылауда болса, жазуға қалай құштар бо­ла­сың? 

Мемлекет ананы жазба, мынаны жаз; өйтуге болмайды, бүйтуге бол­­­май­ды; шығармадан оның пар­тия­лы­лы­ғы көрі­ніп тұруы керек, т.с.с. деп нұқып отыр­ғанда ұшқыр қиялдың аяғына тұсау са­лынбай ма? Еркіндік жоқ жерде ақта­ры­лып айту қалай болсын? Қоғамды сынайын де­сең, соны құрғандар қаптаған «шын­шыл­дарды» айдап салып ит талағандай етсе, өкі­метке «сенімсіз» атанып, басқан ізің ба­қылауда болса, жазуға қалай құштар бо­ла­сың?

«Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз»

Әрине, шырқ бұзбағандар қатарында жүр­­сең, әлдебіреуге жақпай қалудан аман бол­саң, тәуір адам саналасың. Оны бәрі бі­ле­тін, бірақ бәрі соған амал қылып, ағыс­тың ығына қарай кете берген жоқ. Біреулер қо­ғамға өкпесін астарлап жазды, біреулер заманды қолдаған болып негізгі пікірлерін «ұнамсыз» кейіпкерлерінің аузына салды. Ал кейбір қаламгер сирек жағдайда мемле­кет саясатына ашық қарсы шықты! Сол біре­гей сиректер басында Бердібек Соқпақ­баев тұр!
Батырлық біреудің жүрегінде бар: за­ман­ның ыңғайына көнбей, көңілі қалаған нәр­сені ғана істейді. О бастағы ұстаны­мы­нан айнымай күн кешеді.
Батырлық біреудің тілінде бар: кейде өмі­рін қауіпке тіксе де айтарын ашып ай­тып, ар-намысының алдында адал болып өтеді.
Ал осы екі батырлық бір адамның бойын­­да тоғысса кім болады?
Біз, «Бердібек Соқпақбаев болады» дер едік.
Иә, солай. Шығармаларында адамның ер­кіндікке құштарлығын байқатып отыра­тын жазушы өзі де еркіндікті аңсап, аңсап қана қоймай кезі келгенде «тәуекел етіп – тас жұтып», талай қазақтың түбіне жеткен қы­лышынан тамған қаны әлі кеппей тұр­ғанда оның астам саясатына ашық қарсы шы­ғуға жүрегі дауалаған! 
Бұл жайында кейінгі ширек ғасырда ғана ашық айтыла бастады. Қазақ­тың аса көрнекті ақындарының бірі, шы­ғар­маларында қазақи болмысты дәріп­теу­ден танбаған Қадыр мырза Әли өзінің атыш­улы «Иірім» атты кітабында Бердібек Соқ­пақ­баевтың ерлігі жайында былай дейді:
«Мен Бердібек Соқпақбаевтың ерте та­ны­дым. Тіпті, өзін көрмей жатып білдім. Әри­­не, кітаптары арқылы. Кейін «Бал­дыр­ған» журналы ашылып, екеуміз де сол жур­налға әдеби қызметкер болып орналастық: Бе­кең ол кезде Мәскеудегі Жоғары Әдеби курс­ты бітіріп жақында ғана елге оралған. Жай оралған жоқ. Жаңа бағыттағы жаңа жазу­шы, балалар әдебиетінің классигі бо­лып оралды. Бүкіл кеңес әдебиетінің, со­ның ішінде Қазақ кеңес әдебиетінің жалған ба­ғыттағы жәдігөй әдебиет екенін түсініп кел­ді. Республиканың республика емес, ко­лония екенін ұғып келді. Сол жылдары Таш­кентте Азия және Африка жазушы­лары­ның халықаралық көнференциясы өтті. Міне, осы конференцияға ақын Нұр­сұл­тан Әлімқұлов екеуі «Бізді арнайы шақырыңыз­дар! Біздің айтатын уәжіміз бар. Біз отар­лан­ған елде өмір сүріп жатырмыз...» деп телег­рам­ма беріп, біздің саққұлақтарды біраз сас­тырған. Ол заман үшін мұның өзі барып тұрған ерлік болатын. Жай ғана ерлік емес, көзсіз ерлік! Ол кәдімгі қан қақсаған сорлы әдебиеттің ышқына шыққан жан дауысы еді».
«Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген сөз жайшылықта айтыла береді ғой, алайда бас кесілетін әрекетке кім көрінген бара бере ме? Бірақ соған Бердібек бара алған ғой. Осы әрекетінің өзіне зор қауіп екенін білмеді ме? Білді, біле тұра барды. Дегенмен құдіреті күшті Құдай бір пәледен аман алып қалған Бердібектің ғұмыры бұдан кейін, әрине, мамыражай бола қойған жоқ. Сөйтсе де, жаңағы әрекеті оны танытып кеткен сияқ­ты: былайғы жұрт қазақ әдебиетінде қай­сар қаламгер барын білді, сол арқылы қазақ­ты таныды дей аламыз.

«Мен өлгеннен емес, тіріден қорқамын»

Қазақ көркемсөзінде балалар әдебиетінің классигі деп танылған қаламгер о баста әдебиет есігін өлеңмен ашқан көрінеді, тіпті ал­ғашқы кітабы – «Бұлақ» атты өлеңдер жи­на­ғы болыпты. Замандастарының айтуынша, ол лирик қана емес, сатирик ақын ретінде мойындалған секілді. Белгілі қаламгер Мыңбай Рәш Б.Соқпақбаев туралы естелігінде оның КазПИ-дегі бір кездесуінде мынадай ирониялық өлең оқығанын айтады:
Аяқтан екеу,
Қасықтан төртеу –
Жалғыздық көрер жайым жоқ.
Ағайын бек көп,
Ішеміз ептеп,
Оған бір тояр қарын жоқ.
Баяғы қарын – бір қарын,
Білмеймін не жоқ, не барын.
Бұл, әрине, Абай өлеңіне пародия емес, «Ішкен мәз, жегендер тоқ күнде, күнде» (Сұл­танмахмұт) болып жүрген ойсыз қауымның түй­сіксіздігін сынау ғой!
Расында, «өкімет өлтірмейді» деп арқаны кең­ге салып, «бәрі сәбет өкіметінің арқасы ғой» заманына күйлеген тоғышарлардың ке­сірі кімге тимеді? Ондайлар өзгелердің де өздеріндей болғанын қалады, қолында билігі барлар, тіпті талап етуге дейін барды...
Бірде Кеңсай зиратының маңында сая­жайы бар Бердібекке Тахауи Ахтанов:
– Зираттан қалай қорықпайсың-ей? – дегенінде ол:
– Мен өлген адамдардан емес, тірі адам­дар­дан қорқамын, – деп жауап беріпті. Ра­сын­да, ол кезде киесі бар өлі аруақтан «иесі бар тірі аруақтар» қауіпті болған ғой. Сон­дай­лар батыр жазушының адымын аштыр­май, барынша оған кедергі жасап баққан.
Жазушының көзі тірісінде тасқа басыл­ған соңғы туындыларының бірі – «Өлгендер қайтып келмейді» атты романы республи­ка­лық Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, ал­ғашқы турда көп дауыс алса да, жеме-жемге кел­генде сыйлық оған берілмей, атақты Бауыр­жан Момышұлының «Ұшқан ұя» кіта­бына бұйырған. Былай қарасаң, екеуі де лайық­ты тұлға, керек десең, шыншылдығы жа­ғынан екеуі де ұқсас. Демек, баяғы әрекеті үшін кеңестік зымиян саясат кек алып, өз бауы­рымен таластырып қойған. Бірақ олар бәр­ібір Бердібекті түпкілікті жеңе алған жоқ, тоғышарлар әлемде «теңдесі жоқ қоғам құрды» деп мақтайтын елдің шынайы бет-бейнесін жазушы «Ергежейлілер еліне сая­хат» атты шығармасында өлтіре сынады. Памф­леттік формада жазылғанымен, «бала­лар­ға арналғаны» үшін ғана бұл шығарма қырағы көздердің секемінен аман қалды. Десе де, аз ғана үзінділері 1966 жылы «Қазақ­стан пионері» газетіне басылған бұл шығар­ма­ның толық нұсқасы автор дүние салардан бір жылдай бұрын ғана «Жұлдыз» журналын­да жарияланып үлгіріпті...

Қожа – Бердібектің өзі

Бұл қаламгердің шығармаларындағы пер­сонаждардың бойында ылғи тәртіпке көн­гісі келмей, бұлқынып тұратын бол­мыс­тың көріне беруі жайдан-жай ма? Жоқ, әри­не. Ол жазушының өмірлік мұратынан туған кейіп­керлер болатын.
Шығарма қашан да иесіне ұқсайды. Иесі тарпаң болса ол да тарпаң болады, иесі терең бол­са, туынды да оқығанды тұңғиыққа сүң­гі­тіп ой салады. Ал кейбір шығармалардың жа­дағайлығы, түйірі жоқ сапырма сөзі де оны жазған адамның жан дүниесінің сондай жұпыны, қарабайырлығын байқатса керек. Жазу­шының бүгінде жұрттың бәрі білетін «Ме­нің атым – Қожа» атты тамаша хикаятын о баста «Өзім туралы повесть» деп атағаны­ның өзі көп жайттан хабар бермей ме?
Бердібек қашанда өзі көрген, таныған шын­дықты бояп-сырламай, өмірден ал­шақтатпай ұсынған. Бірақ оның шығар­ма­лары өмірден өнерге көшіріле салған на­турализммен қоңсы қонған жоқ, керісінше, автор өнеге болар, ой салар шындықтарды айта білді. 
Адамның болмысы азаттықты қалайты­ны, қолдан жасалған шаблон-өмір мен сте­рео­тип көзқарастар адам жанын жұбат­пай­ты­ны, өз жолымен – жан қалауымен өмір сүр­гісі келетіндердің бәрі бірдей ойлайтын қо­ғам мүшелерінің қарсылығына қалай ұшы­райтыны жазушының «Менің атым – Қожа» повестінде ым-ишарамен берілген. Әрине, мұны балалар әдебиетінде саяси астар болмайды деп ойлайтындар байқай бер­мейді, бірақ Б.Соқпақбаев айтқысы кел­генін кейіпкер әрекеттерін суреттеу үстінде айта алған.
Өзге шығармалары сияқты Берді­бек­тің «Менің атым – Қожасының» да маңдайы бірден жарқырап кете қоймаған. Шы­ғарма жарияланған соң одан «ерсі қа­сиет» көрушілер көп болған. Повестің басты кейіпкерінің іс-әрекеті совет мектебінің оқушысына сай емес балаларды өзіне елік­тіріп, хулигандыққа тәрбиелейді деп сы­налған. Совет педагогикасындағы стан­дарт­тарға еті үйренген мұғалімдер екібастан то­сырқай қараған. Бірақ Құдайға шүкір, жақ­сының жақсылығын танитын адамдар ол кезде табылатын. Талай қазаққа «ұна­ма­ған» шығармасын орталықтан шығаруға тал­пынған жазушы оны орыс тіліне тәр­жі­мелетіп шығарғысы келгенде басында ол жақ­тан да қолдау таба қоймай, теріс рецен­зия алса да, кейін «Детгиз» баспасы қазақ жазу­шысының тұрпаты бөлек туындысын көп тиражбен басып шығарған. Жұрттың ықы­ласы ауған бұл шығарма келесі жылы қай­та басылып, оны ізді-ізінен молдован, ла­тыш, литван, украин, өзбек, беларусь, эстон елдері өздеріне аударып жариялаған. 
Енді жолы ашылған шығарманы жас ұр­паққа берері мол екенін сезген жазушы Та­хауи Ахтанов Бердібекке белгілі режиссер Аб­долла Қарсақпаевты таныстырып, оны «Ме­нің атым – Қожа» повестін киноға айнал­дыруға көндіреді. Сүйтіп, 1963 жылы «Қа­зақфильм» повестпен аттас кино түсіріп, экранға шығарады. Алайда киноны сынау­шы­лар көп болыпты. Сөйтсе де, бұл туынды 1967 жылы Францияның Канн қаласындағы халықаралық фестивальда ынталандыру сый­лығын жеңіп алып, қазақ қаламгері сом­даған кейіпкер әлемге танылды. 
А.Қарсақбаев бұдан кейін де жазушының «Ба­лалық шаққа саяхат» атты шығармасы бойын­ша кино түсірген (1969 ж).
...Жаңалықты қабылдау қай кезде де оңай болмаған. Өйткені көлденең жұрт не нәр­сені де тереңдеп ұғын­бай, атүсті пікір ай­туға әуес. Сол үшін алдымен ел­дің қалай қа­былдап жат­қанына назар ау­да­рып көрсе, асы­ғыстыққа жол берілмес еді ғой. Осы орай­да, «Менің атым – Қо­жа» повесті туралы өзім ті­келей байқаған екі жағ­дай туралы айта кет­сем дей­мін. Оның бірін­ші­сін оқу­шы ке­зімде көрдім. Әдебиет сабағында мұға­лі­мі­міз Б.Соқпақ­баев­тың «Ме­нің атым – Қожа» повестін (мек­теп оқулығында үзін­дісі беріл­ген) өткен соң, ке­лесі сабаққа сол шы­ғарма бойынша бүкіл сынып дайындалып келгенін көрдім. Бәрі сол шығарма туралы сабақ айт­қысы келді. Екіншісі, өзім мұғалім болып жүр­ген кезімде байқаған нәрсем. Оқу­шы­ларға «Менің атым – Қожа» повестін тү­сін­дір­ген соң келесі сабаққа бәрінің дайын­да­лып келгенін байқадым. Сонда бұл не құді­рет? Ол – жазушы туындысының жас ұр­­пақ­­тың жүрегінен орын тапқанын көр­сетпей ме? Бұл әдебиеттегі шыншылдық пен шеберліктің тұтасқан көрінісі болса керек.
Мектеп көрген қазақ баласы бәрінің есін­де өмір бойы сақталатын жалғыз әдеби шы­ғарма болса, ол – әлемнің 68 тіліне ауда­рылып жарияланған «Менің атым – Қожа» шығар-ау.

Чемпиондар елі болуды аңсаған жазушы

Әдебиеттің миссиясы – оқырманды жай ғана көркем шығармаға қызық­тыру емес, қызықтыру арқылы ой салу, асқақ арманға ұмтылдырып, өмірден өз жолын іздеуге талпындыру. Б.Соқпақбаевтың әуелі (1951 жылы) «Он алты жасар чемпион» аты­мен жарияланып, кейін «Жекпе-жек» аталған повесті кезінде мотивациялық рөлі өте жоғары шығарма болғаны анық. Онда қа­зақ­тың боксшы баласының 16 жасында бок­стан әлем чемпионы болғаны баяндалған. Ал сол шығарманың әсері қандай болды? Ол қа­зақтың қарадомалақтарын мықтылық пен қайсарлыққа тәрбиелеп, осы спорт түріне қатты қызықтырғаны анық. Бүгінде қазақ елі әлемдік бокс державасына айналып, біз­ден әлем, олимпиада чемпиондары шығып жатса, соның ең алғашқы себепкерінің бірі Б.Соқпақбаевтың «16 жасар чемпион» атты туындысы деу әділдік болар еді.
Бердібек Соқпақбаев балалар тақыры­бына жазуды кездейсоқ таңдап алмаған. Бұл жайында жазушы Қалмұқан Исабаевтың естелігі көп сыр аңдатады. Онда Бердібектің сөзін былай деп береді:
«Егер алуан-алуан өмір салаларынан бірін­ші шығармаларды – шаруашылықтан «Миллионерді», «Обком хатшысы», соғыстан  – А.Бектің «Волоколам тас жолын», револю­ция­дан «Ботагөзді» ғана қалдырып, осыларды қайталап тұрған туындылар ретінде басқаларын сыпырып тастасақ, сонда біздің 60 жыл бойы жасаған әдебиетімізден 3-4-ақ кітап қалады екен. Бұл – әдеби жұтаңдық деген сөз. Ал әдеби жұтаңдық халықты ру­хани жұтаңдыққа апарады. Ал рухани жұтаң халық ешқашан тәуелсіз ел бола алмақ емес. Міне, бізді осы жұтаң жолға, яғни «стан­дарт­қа» социалистік реализм салып тұр. Ал бұл реа­лизм тәсілі әзірге балалар өміріне жете қойған жоқ. Сол себепті бүгін халыққа айт­қың келген сөзді тек баланың ғана іс-қимы­лы, ой мен әрекеті арқылы жеткізуге болады. Ал стандартқа жатпайтын екінші тақырып халықтардың тарихи тақырыбы еді, оның өзін «тарих Октябрь революциясынан баста­лады!» деп одан арғыға бару жолын кесіп тастаған. Міне, менің «балалар тақыры­бы­нан» шықпайтын себебім – осы».
Адамға бала жасында сіңген қасиет оның ғұмыр жолын айқындайды, осыны жақсы түйсінген Бердібек Соқпақбаев қиюы кеткен кер заманда қазақ балаларына тәрбие беруді, өнеге көрсетуді ойлап өзінің қаламгерлік мис­сиясы етіп алды және қателескен жоқ!
Үлкен әдебиетке қызығу бала жастан бас­талатын болса, оған себепкер болатын ру­хани күш – балаларға арналған таңдаулы шы­ғармалар екені даусыз. Біздің әдебиетте бұл саланың басында қайсар қаламгер Бердібек Соқпақбаев тұр!

Әр қаламгер руханиятта әртүрлі із қалдырады. Біреу тек жаманды-жақсылы шығармалар жазып, әйтеуір көптің қатарында жүріп ғұмырын өткізеді. Біреудің қолдауы күшті болып, атақ-даңққа қол жеткізіп, жалғанды жалпағынан басып өмір сүреді. Ал енді біреу қаламгерлікті ұлт мұратының өркендеуіне арнап, сол жолда қиындық көреді, қиындық көрсе де тағдыр кедергілерін жеңіп, мақсатына жетеді. Біздіңше, үлкен мақсат жолында жеңіске жетіп, халқының жүрегінен мәңгілік орын алған жазушы Бердібек Соқпақбаев қазақ барда ұмытылмайтын қаламгер. Сондықтан Соқпақбаев соқпағы туған халқы үшін тер төгем деген әр қаламгерге өшпес өнеге, үздік үлгі болып қала береді.
 

 

Серіктес жаңалықтары