«Алатау жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтініштер 2024 жылдың 1 қазаннан бастап 15 қазанға дейін қабылданады.

«Алатау жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды
İstockcom
379

Алматы облысында жастарға арналған «Алатау жастары» бағдарламасы басталады. Жоба 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) облыстың жас тұрғындарына жеке баспана сатып алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында «Отбасы банк» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Естияр айтты. 

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтініштер 2024 жылдың 1 қазаннан бастап 15 қазанға дейін қабылданады. Үміткерлер Қонаев қаласы, 1 ш/а, № 41, «Бәйтерек» БО мекенжайы бойынша өтініш берулері қажет. 

«Алатау жастары» бағдарламасының шарттары бойынша қатысушылардың Алматы облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс. Оны міндетті түрде зейнетақы жарналарының тұрақты түсімі көрсетілген құжатпен растау қажет. 

Сондай-ақ өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда аттарына тіркелген жылжымайтын мүліктері болмауы тиіс.

Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайлар бойынша бағдарламаға қатысушыларды іріктейді.

Ұпайлар қалай есептеледі?

– жұмыс өтілі – 1 жыл жұмыс өтілі – 2 балл, қалған әрбір жылға 1 балл (5 жылға дейінгі жұмыс өтілі ескеріледі); 

– отбасылық жағдайы – тіркелген неке – 5 балл, тұрмыс құрмағандар – 1 балл;

– 18 жасқа дейінгі балалардың болуы – бір бала үшін — 2 балл, екі және одан да көп бала үшін – 1 балл; 

– мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері – 5 балл;

– жалдамалы пәтерді өтеу туралы келісімі бар бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (көшіп келген және қабылданған мемлекеттік қызметшілер) – 10 балл;

– депозитінде кемі 500 мың теңге салымы бар банк клиенттері – 2 балл.

Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, бағдарлама иегелеріне жіберіледі. Үй алу мүмкіндігін алған жастар Отбасы банкінің бөлімшелерінде төлем қабілеттілігін бағалап, ізінше өз күштерімен баспана табады. Оны сатып алуға банк 18 млн теңге несие береді. Егер мүліктің құны 18 млн теңгеден асатын болса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады. Алғашқы жарна 10%. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-ға тең. Несиенің мерзімі – 19 жылға дейін.

Серіктес жаңалықтары