Ел дамуындағы жаңа серпін

Ел дамуындағы жаңа серпін
328

Жамбыл облысындағы АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штаб мүшелері Серік Қойбақов пен Сауран Қалиев облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлерімен кездесті. Онда АЭС құрылысы туралы алдағы референдум, атом энергетикасының келешегі мен еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің мән-маңызы талқыланды. Сондай-ақ, кездесуде мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеуіне ықпал ететін атом электр станциясының стратегиялық, экологиялық, экономикалық және ғылыми артықшылықтары жөнінде кеңінен айтылды.

Штаб мүшелері Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда атом энергетикасының әлеуеті зор екенін атап өтті. Уранның бай қорына ие және өзінің ядролық бағдарламасын дамытуда тиімді позицияда тұрған еліміздің жер қойнауынан алынатын отынға тәуелділікті азайтуға және энергетика саласын әртараптандыруға мүмкіндігі бар. Олар өз сөздерінде атом энергетикасына салынған инвестиция Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін айтарлықтай нығайта алатынын және булану газдары шығарындысын азайту есебінен орнықты даму мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Мамандардың айтуынша, атом энергетикасының болашағы зор. Бұл жобаға бұрын күмәнмен қараған көптеген елдер қазір өз көзқарастарын қайта сараптап, оны жаңартылатын энергия көздеріне маңызды қосымша ретінде бағалауда. Демек, атом энергетикасы осы салада жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және таза экологиялық шешім саналады. Жалпы, АЭС құрылысы –  елімізге өз электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді және барлық өңірді энергиямен қамтамасыз ету деңгейін арттырады. Ең негізгісі – атом энергиясы көмір мен газға қарағанда әлдеқайда қуатты, одан қалдық аз шығады және қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдеседі, – деді Серік Қойбақов.

Сондай-ақ, басқосу барысында АЭС салу кезінде заманауи технологияны қолдану, қалдықтарды кәдеге жарату, кадр әлеуетін қалыптастыру және станцияға қызмет көрсету үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де көтерілді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта елімізде өтетін маңызды саяси оқиғаның бірі – атом электр станциясын салу бойынша референдумға қатысты сөз қозғалды. Штаб мүшелерінің пікірінше, АЭС құрылысы  – елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен даму жолындағы маңызды қадам.

– Атом энергиясы – климаттың өзгеруімен күресу және көміртегі шығарындыларын азайтудағы маңызды құрал саналады. Қазақстанға көміртек ізін азайту үшін атом энергиясын пайдаланудың табысты мысалдары көрсетілген халықаралық тәжірибе бағдар бола алады. Елде жаңа атом электр станцияларының құрылысы энергетикалық қауіпсіздікті, экономикалық өсуді және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етеді, – деген Сауран Қалиев жиын соңында 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдумда дұрыс шешім қабылдау арқылы әрбір азамат егемен еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға тамшыдай үлесін қосатынын баса айтты.

 

 

Серіктес жаңалықтары