Абай университеті Ұстаздар күнін атап өтті

Абай университеті Ұстаздар күнін атап өтті
365

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Ұстаздар күніне арналған «Білімнің шамшырағын жаққан – ұстаздар» салтанатты іс-шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы педагог мамандығының мәртебесі мен беделін арттыру, сондай-ақ ұстаздарды құрметтеу дәстүрін, әсіресе жастар арасында насихаттау болды. 

Салтанатты кештің ашылуында Басқарма төрағасы – ректор Болат Тілеп университет ұжымын келе жатқан Ұстаздар күнімен құттықтап, педагогтардың қоғамдағы маңызды рөлін және олардың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Педагог – бұл тек тәлімгер ғана емес, жас ұрпақтың құндылықтары мен көзқарастарын қалыптастыратын болашаққа бағдар беруші. Ұстаздар жастарды жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады, сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытуға және білім көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Олар жаңа білім беріп қана қоймай, қоғам өміріне белсене араласуға дайын, сенімді, мақсатты тұлғаларды тәрбиелеуге ықпал етеді», – деді ректор.

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен К.Есенова, «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен Ж.Ишпекбаев, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Н.Ошанова, сондай-ақ «Тіл жанашыры» құрмет дипломымен Е. Оспанов, «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен Ұ.Әбдіғапбарова, «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен А.Смағулова марапатталды. Білім беру саласының дамуына сүбелі үлес қосқан университеттің үздік оқытушылары мен қызметкерлеріне арнайы құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.

Ұстаздарға арналған концерттік бағдарламада белгілі әнші, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Ақбота Керімбекова, сондай-ақ оқу орнының талантты шығармашыл жастары өнер көрсетті.

Серіктес жаңалықтары