Шымкентте 425 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Шымкентте 425 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
istockphoto.com
390

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 425 кәсіпкерлік субьекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімін алдын-алу бойынша 3 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, біріншісі айналым механизмі аясында қарыз қаражат беру және форвардтық шарттар түзу болса, екіншісі тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу. Ал, үшінші бағыт делдалдық қызметті шектеу.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, сауда желілері мен тауар өндіруші кәсіпорындарға (ұн, жұмыртқа, нан, сиыр еті, тауық еті, күнбағыс майы) айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім-шарттар түзілген. Соған сәйкес, 70-ке жуық сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылып келеді. Биылғы жылдың күзгі және 2025 жылдың көктемгі маусым аралық кезеңдеріне ерте пісетін көкөністер бойынша отандық шаруа қожалықтармен жалпы 17 000 тоннаға жуық келісім-шарт түзілді», - деді Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханиев.

Бүгінде қаладағы халық көп жиналатын 8 орында апта сайын азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Мұнда күнделікті тұтыну тауарлары нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылуда. Жалпы жыл басынан бері 312 жәрмеңке өткізілген.

«Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылып, аптасына 2 реттен комиссия отырыстары өтуде және көшпелі жиналыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерге электрондық шот-фактуралар арқылы хронометраждық зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде шекті сауда үстемесін 15 пайыздан асырған 425 кәсіпкерлік субьектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда кемшіліктер толығымен жойылды. Жалпы бүгінде қала аумағында азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, баға да тұрақты бақылауда», - деді Жандос Ханиев.

 

 

Серіктес жаңалықтары