«Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс – Президент

Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет.

«Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс – Президент
istockphoto.com
292

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында қоғамда тазалық мәдениеті орнығуы қажет екенін атап өтті.

«Маңызды құндылықтың бірі – туған елге жанашырлық. Өздеріңізге мәлім, мен экология мәселесіне айрықша мән беремін. Қоғамда тазалық мәдениеті орнығуы қажет. Осыған орай, биыл елімізде «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынды. Бұл – өте маңызды бастама. Аймақтарда ауқымды экологиялық шаралар атқарылып жатыр. Жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде айқын көріне бастады. Шетелден келген қонақтар елді мекендеріміздің ерекше тазалығына назар аударуда. Тіпті, мұны басқа жұртқа үлгі етіп, әлеуметтік желіге жариялап жүрген туристер бар. Әрине, шетелдіктердің мақтағаны жақсы. Бірақ тазалық өзгелерден бұрын өзімізге керек.

Бұл – Жарлықпен жасалатын, Өкіммен орындалатын шаруа емес. Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет. Шын мәнінде, өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс. Сіздер әр қиырдағы ауыл-аудандардан келіп отырсыздар. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызды «Таза Қазақстанды» тұтас ел болып қолдауға шақырамын. Бұл іс-шарадан бір де бір елді мекен шет қалмауы керек. Әрбір ауыл, әрбір қала тазалықтың үлгісі болуы қажет.

Жалпы, біздің елімізде Заң және Тәртіп үстемдік құруға тиіс. Сонда ғана реформаларды табысты жүзеге асыруға және ел экономикасына инвестиция тартуға болады. Заң және Тәртіп – Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Кез келген қоғам әділдік болғанын қалайды. Қазақстан халқының да талабы – осы. Сондықтан мен әділдік қағидатын орнықтыруға бар күш-жігерімді саламын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Серіктес жаңалықтары