Қызылтас шатқалында «Таза Қазақстан» аясында экоакция өтті

Қызылтастың бірегей петроглифтері мемлекет қорғауына алынды.

Қызылтас шатқалында «Таза Қазақстан» аясында экоакция өтті
Жетісу облысы әкімдігі
Автор
Админ
325

Бүгін Талдықорған қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Қызылтас – тасбақа» экологиялық акциясы өтті.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, қала әкімі Ернат Бәзіл, қоғам белсенділері, өңір жастары, эко-еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасақтары қатысты. Шара барысында Қызылтас аумағындағы бірегей петроглифтер жергілікті маңызы бар қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілгендігі туралы тақта орнатылды.

Осы орайда өңірдің экобелсендісі Динара Бакирова тасқа қашалған петроглифтерді тарихтан сыр шертетін ескерткіш ретінде қорғауға алғаны үшін Мемлекет басшысы мен облыс басшылығына өз алғысын білдірді.

Еске салар болсақ, осының алдында облыс әкімі Бейбіт Исабаев экологтармен, қала тұрғындарымен, құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Тасбақа» тауы мен жартастағы петроглифтерді сақтау бойынша қажетті шаралар қабылдағанын, карьерді игеру заң аясында тоқтатылғанын, бірлескен күш-жігердің арқасында бұл мәселенің шешімі табылғанын мәлімдеген болатын.

«Ел көлемінде өткізіліп жатқан ауқымды тазалық акциясы – аса маңызды науқан. Жастар ғана емес, аға буын – ардагерлердің, орта буын – ел ағаларының, жас ұрпақтың иық тіресуімен бірге атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың туған өлкенің табиғаты мен тарихына деген сүйіспеншілігін, жер алдындағы жауапкершілігін өте жақсы тәрбиелейді және адамдардың экологиялық сауаттылығын арттырады!»«Қазақстан студенттер Альянсы», – деді Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы, эковолонтер Ескендір Амандос.

Сонымен қатар, Текелі қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Торғын Тұрлыбаевамен «Жан мен тәннің тазалығы – рухани тазалықтың өзегі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада қала жастары, эко-еріктілер бас қосты. Дөңгелек үстел барысында жастар табиғатқа ұқыпты қарау, қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде пікір алмасты.

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» тазалық акциясы аясында тазалық шаралары тұрақты үрдіске айналып, жалғасын тауып келеді. Тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болған экологиялық шараға бүгінде 200 мыңға жуық адам ат салысып, түрлі тазалық шараларына қатысуда белсенділігін танытуда.

Жалпы «Таза Қазақстан» тазалық акциясын өткізуге Жетісу облысы бойынша жалпы саны 1 611 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 7 793 тонна қоқыс шығарылып, 30 726 түп ағаш отырғызылды.

Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының ақпарат бойынша

Серіктес жаңалықтары