Астанада жаңа кітапханалар ашылды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан ашылған кітапханалар туралы жазды.

Астанада жаңа кітапханалар ашылды
Автор
Админ
224

«Достар! Өздеріңіз білетіндей, балаларды ерте жастан кітап оқуға баулудың маңызы зор. Бұл баланың сауатын арттырып, сөздік қорын көбейтіп қана қоймай, көкжиегін де кеңейтуге әсер етеді. Соңғы бірнеше жылда қаламызда жаңа кітапханалар ашылған жоқ. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» 18 кітапханадан тұратын.

Биыл біз 4 кітапхана ашамыз. Қазір олардың екеуі ашылды. Олар мына мекенжайларда орналасқан: бұқаралық кітапхана (Нәжімеденов көшесі, 27), балалар кітапханасы – (Бөкейхан көшесі, 25v).

Бүгін балаларға арналған жаңа кітапханаға бардым. Жалпы ауданы 340 шаршы метрді құрайтын кітапхана балаларға қызмет көрсетуге арналған. Дегенмен ересектер де кітапхана қызметін пайдалана алады. Бұл кітапхананың қоры 3 мыңға жуық жаңа кітаптан тұрады.

Мемлекет басшысы кітап оқитын халық қана нағыз интеллектуалды бола алатынын айта келе, «Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген.

Жуырда Астанада тағы екі кітапхана ашамыз. Осылайша, қаланың кітапхана желісі 22 кітапханадан тұрады. Олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар.

Сол сияқты қолданыстағы кітапханаларды жаңғырту жұмысымен де айналысамыз. Өткен жылы 4 кітапхананы, биыл тағы 4 кітапхананы жаңарттық. Қалалық желінің кітап қоры 800 мыңға жуық дананы құрайды. Мәселен, қазіргі уақытта кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты, бұл оқырмандардың өсуіне де айтарлықтай әсер етті.

Кітапханалар – білім орталығы ғана емес әрі демалыс орны!», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Серіктес жаңалықтары