Қызылорда оқытушылары атом энергиясының қажеттілігін талқылады

Қызылорда оқытушылары атом энергиясының қажеттілігін талқылады
391

АЭС салуды қолдау жөніндегі аймақтық Халықтық штаб өкілдері С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжінің оқытушыларымен диалог алаңында пікір алмасты.

"Білім саласында оңтайлы жаңалық көп. Байқағандарыңыздай, кез-келген сала бір орында тұрмай, ұдайы дамып келеді. Соның ішінде атом энергетикасы да бар. Мамандардың болжауынша, бүгінде елімізге керекті электр қуаты 3 пайыз тапшылық туғызуда. Сәйкесінше көрші Ресейден, Қырғызстаннан электр қуатын сатып алып отырмыз. Оның қаржысы шамамен 100 млрд. теңгеге жуық. Оқытушылар әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелердің басы-қасында жүріп, оны сараптап, зерттейді. Атом станциясы, референдум жайлы өздеріңіз онсыз да білесіздер. Келешек үшін маңыздылығынан да хабардарсыздар. Сондықтан, 6 қазан күні өз таңдауларыңызды жасайды деп сенемін", – деді аймақтық халықтық штаб мүшесі Серік Дүйсенбаев.

Кездесуде ұстаздар қауымы атом энергетикасына байланысты өздерінің пікірін білдірді. Мәселен, атом станциясының құрылысын кімдер жүргізеді, ол қайда салынады, жел мен күн энергиясының әлеуетін дамыту арқылы қажеттіліктерімізді жаба аламыз ба және өзге де сауалдарын жолдап, ой бөлісті.

"Араларыңызда физиктер де бар шығар. Өздеріңізге белгілі атом энергетикасының ел әлеуетіне берер пайдасы мол. Соңғы ІІІ+ буыны жаңа технологиялармен жабдықталып, жасанды интеллект, роботтық техника көмегімен жүйелендіріліп, қашықтан басқарылады. АЭС салынар болса 8000 азамат уақытша жұмыспен, 2000 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа әріптесім Серік Әбішұлы айтқандай еліміздегі энергия тапшылығының көлемі 3 пайызды қамтып отыр. Демек, 10 жылда қажеттілігіміз 30 пайызға өседі деген сөз. Ал атом станциясы біздің қажеттілігіміздің тек 9 пайызын ғана өтейді. Сондықтан, бір емес, тіпті бірнеше атом станциясының өзі біздің елге көптік етпес, – халықтық штаб мүшесі Серікбай Өмірзақов.

Талқылау алаңында колледж оқытушылары атом энергетикасының әлеуетін, жаһандық экологиялық жағдай және «жасыл» энергия бағытында ой алмасып, Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары