Көп ойдың трансформациясы жинақталған кітап

Мұн­дағы эсселер мен ой­мақтай ойлар мемлекет, ел, жер, дәуір, заман айнасына үңі­ліп, ұлт, қауым, отбасы ұғым­да­ры­на бой­лап, дін мен діл, тіл мен руханият майданын шар­лап, адам, тағдыр, та­лант, мі­нез, махаббат әлеміне жетелейді.

Көп ойдың трансформациясы жинақталған кітап
291

Айбоз ақын Төлеген Айбергеновтің: «Ешкім оған қоя ал­­майды нүктені, Өмір деген сөйлем емес өйт­кені», – де­ген ғажап байламы бар еді. Академик,  Сенат де­пу­таты Дархан Қыдырәлінің «Нүкте фило­со­фиясы» кіта­бын қолыма алғанда осы жолдар ойыма орал­ды. Иә, өмір нүкте емес, онда тіршіліктің барлық ты­ныс белгісі бар. Леп белгісі де, сұрақ белгісі де, қос нүк­тесі мен үш нүк­­тесі де көп... Өмір – сонысымен өмір, оның ағысы мен шабысы сонысымен де мәнді.

«Нүкте философиясын» оқы­ғанда ең әуелі ақынның екі тар­мақ өлеңінен ұшқын­даған сан ойдың қатпарына автордың терең бой­лағанын байқадық. Кітап нүктеден өрбіп, қоғам­ның, біз бастан ке­шіп жатқан за­манның сан­сыз қырын ақ­та­рып, алуан тақырыпты қам­тыпты. Мұн­дағы эсселер мен ой­мақтай ойлар мемлекет, ел, жер, дәуір, заман айнасына үңі­ліп, ұлт, қауым, отбасы ұғым­да­ры­на бой­лап, дін мен діл, тіл мен руханият майданын шар­лап, адам, тағдыр, та­лант, мі­нез, махаббат әлеміне жетелейді. Қай тақырыпты жазса да, автор тиянақты, тұшымды ойларын ортаға салады. Бірақ толық кесім, өзгермес шешім айтпайды, керісінше, оқырманын ойлан­дырады, ойдың соңғы нүктесін қоюды оқушының өзіне қалдырады. Бо­лымсыз пікір, болбыр байлам, жеткізер тиянағы түсініксіз сөй­лем­дер жоқ. Бәрі түсінікті. Бәрі өзіміз күнде көріп, сана сарабында сал­мақтап жүрген жағдаяттар. Алайда білсек те арғы өзегіне үңіл­меген, көрсек те – көлеңке тұсына зер салмаған көп жайтты ал­дыңыз­ға жайып салғанда, қоғамдағы көп жұртқа елеусіз дүние­лер­дің қаншалықты маңызды екенін біле түсесіз. Кітаптың басты ерек­шелігі сол, автор өзі өмір сүріп жатқан ортасы мен әлемдік кеңіс­тіктегі байланыстарды, ұқсастықтарды, тіпті мүлде кереғар ұстын­дар мен ұғымдарды жіті бақылап, таным таразысына салып ек­шейтінін аңғарлы оқырман бірден сезеді. 
Кітаптағы басты ерекшелік – стильдік тиянақтылық дер едік. Мұн­да публицистік, ақындық және ғалымдық көзқарастар мен жазу стилі біте қайнасып, бірін-бірі толықтырып тұр. Дархан Қы­­дырәлі ойын публицистикалық, пәлсапалық иірімдермен, ұғым­дармен көмкеруге әбден машыққан. Қысқа да нұсқа ой иірім­дерінің көбіне аңыздар кіріктіріп, жеткізбек пікірін түрлендіріп береді. Ежелгі Шығыс пен таяу дәуірдегі Батыс ғұла­маларының тұжырымдары мен толғамдарын өзі көтеріп отырған тақырып­тың маңызын үстеу үшін дәл қолданады. Шығыс пәлсапасы мен Батыс философиясының син­тезі қысқа эсселерге салмақ қосып, тақы­рыптың маңызын арт­тыра түседі, ойдан ой туындатады. Бірер эссесін оқыған соң автор­дың қолтаңбасын бір­ден айыра­сыз. Бұл – үнемі ізденісте жүретін қаламгерлік ыж­да­ғаттылық. 
Содан кейін эсселерде ақындық мәнер айшықтары менмұн­да­лап, оқушысын желпіндіріп те, тебірентіп те үлгереді. Қасаң ой, жадағай сөз­ден қашып, шынайы да қарапайым сөйлемдер арқылы поэти­ка­лық жүлгені нақты нысан еткені байқалады. Мұн­да ақынға тән баяндау, сөз қолдану үлгісі бар. Қарапайым жур­налистік мақаладан өзгешелігі де сол. 
Дархан Қуандықұлының ғалымға тән тұжырымдары ойдың жүйелілігін арттырған. Жоғарыдағы сан алуан тақырыпты жазар тұста ғылыми байыптылық, сұрыптау тәсілін жақсы пайдаланады. Кей ой-толғамдарында статистикалық мәліметтерді кірістіріп, нақ­ты деректерді қолданып, айтар ойын нығарлай түседі.
Автор өзінің «Буырқанған бұла буын» атты эссесінде қазіргі за­ман жастарының еркіндігі мен бет-бейнесін өте тамаша сурет­теген. Жастар – елдің жүрегі. Әр буын өзімен бірге өзіне қажетті құн­дылықтарды ала келеді. Олар өзінің қақы мен құқын талап ете­ді. Ескі сүрдекті қаламайды. Қашанда жаңалықтың жаршысы болу­ға ынта танытады. Олардың ыңғайсыз сұрақтары мен біз үшін то­сын көрінетін талаптары – қоғамның тек бір бағытта қозғалуы­ның мүмкін еместігінің көрінісі. Өзгеріс қоғамның сыртқы тұрпа­тын­да емес, әуелі ішкі идеясында жүруге тиіс. Жастар – жаңа идея­­­­лардың мотиваторы. Біз оларды тыңдап, түсініп, қолдай алсақ, қажет кезде қорғай алсақ қана, ескі мен жаңа­ның тайталасы емес, идея­лық тұтастық қалыптасады, қоғам өз арнасымен өрлейді, мем­лекет қуаты мығым болады.
«Біз жастарға жол ашып, олардың жан-жақты білім алуына, өмір­ден, қоғамнан, біз құрғымыз келетін жаңа мемлекеттен өз ор­нын табуына мүмкіндік беріп, бар күш-қуатын жаңа мемле­кетті қа­лыптастыруына, ерен күшін жасампаздыққа бағыттауына жағдай жасауымыз керек», – дейді автор. Бұл – есті адамның ойы. Мұндай ойды айтып қана қоймай, жүзеге асырып жүргеннің бірі де өзі. Дархан Қыдырәлінің қашанда жастарға жақын екенін білеміз. Ол көптеген жасты айналасына топтап, олардың жаңа идея, жарқын ойларын ұштауға зер салды. Egemen Qazaqstan газетіне республи­каның әр түпкірінен талантты жастарды жинап, газеттің бет-бей­несін өзгертті, жаңа леп, жаңа сөз әкелді. Қазір сол ұжымнан түле­ген жастар іргелі басылымдарды бас­қарып, түрлі салада жемісті ең­бек етіп жүр. «Болам деген бала­ның бетін қақпа, белін бу» прин­ципі – Дархан Қуанды­құлы­ның негізгі ұстанымы десек болғандай.
Қысқаша айтар болсақ, «Нүкте философиясы» – көп ойдың транс­формациясын жинақтаған кітап. Оқырман бүгінгі күнге икемді, қажетті ойларды табады.
                  

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары