АЭС ел экономикасына қуатты серпін береді
Бүгін АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Ақтөбе халықтық штабтың мүшелері «Қазақтелеком» АҚ ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуде атом электр стансасын салу және одан әрі пайдалану ел экономикасын дамытуға қуатты серпін бола алатыны атап өтілді.
Егер АЭС бой көтеріп, ел игілігіне берілсе көмір жағу арқылы өндірілетін энергияның үлесі қазіргі 61%-дан 40%-ға дейін төмендейді. Осылайша, атом электр станциясының құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізуде қабылданған Стратегиясын орындаудың негізгі қадамы болмақ.
Бұдан бөлек АЭС ел экономикасының өркендеуіне серпін беріп, көміртегі шығарындыларын азайтады, елдің экологиялық беделін арттырады. Штаб мүшесі Роза Мүсенованың айтуынша, атом электр станцияларын салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ең басты мәселе.
«АЭС құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Сонымен қатар Қазақстан технологиялық жағынан әлдеқайда алға кеткен III және III+ буынды АЭС салуды жоспарлап отыр. Атом энергиясын қауіпсіз, сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді. Осы орайда МАГАТЭ сарапшылары атом электр станциясын салу, оның жұмыс барысын бақылап отырады», - деді ол.
Штаб мүшелері кездесуде АЭС-ның артықшылығын жеткізіп, жұртшылықтың барлық сұрағына дәлелді жауаптарын ұсынды.