Мемлекет басшысы Тәжікстан президентімен телефон арқылы сөйлесті

Тараптар мемлекетаралық ықпалдастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында ілгерілетуге ниетті екенін растады

Мемлекет басшысы Тәжікстан президентімен телефон арқылы сөйлесті
Ақорда
501

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективасын талқылады.

Әңгімелесу барысында жоғары деңгейде, соның ішінде Қазақстан Президентінің биыл тамыз айында Тәжікстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы түрде жүзеге асыру мәселесіне айрықша мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонды туған күнімен құттықтап, бауырлас тәжік халқының игілігі үшін атқарып жатқан жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Мемлекет басшысы Тәжікстан президентінің екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Тараптар мемлекетаралық ықпалдастықты достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында ілгерілетуге ниетті екенін растады. 

Серіктес жаңалықтары