Қарағанды облысындағы дала өртінде мал қырылу дерегі тіркелмеген

Қарқаралы ауданы әкімінің айтуынша, дала өртін жою үшін барлық шара қабылдануда

Қарағанды облысындағы дала өртінде мал қырылу дерегі тіркелмеген
Фото: ТЖМ
221

Әлеуметтік желілерде Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданында дала өртінен малдар зардап шегім жатқаны туралы видео пайда болды. Посттың астында жануарлар қырылуы мүмкін деп жазылған. Алайда аудан әкімі мал шығынына қатысты деректер тіркелмегенін мәлімдейді, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі. 

Қарқаралы ауданы әкімінің айтуынша, дала өртін жою үшін барлық шара қабылдануда. Күш пен қаражат жеткілікті. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы ол «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде мәлімдеді.

«Теректі ауылында ТЖ жөніндегі вице-министрдің қатысуымен жедел штаб ашылды. Өртті жою бойынша барлық шара қабылдануда. Күш пен қаражат жеткілікті. ЖЖМ толығымен қамтамасыз етілген. Құтқарушыларға тамақ пен су жеткізілуде. Қазіргі уақытта мал шығыны туралы ақпарат жоқ. Алайда біз барлық фермермен байланыстамыз», - деді Әділжан Арғынов. 

Ол барлық жұмыс штабтың бақылауында екенін атап өтті. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейді, өртті сөндіруді қатты екпінді желдің соғуы қиындатуда. Қазіргі уақытта өрт ауданы 35 000 га құрайды. 

Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қарқаралы ауданында дала өрті басталды. Өртті сөндіру кезінде 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайрат қаза тапты. 

Осыған дейін Баянауылда өрт шалған жерлердің аумағы 10 мың гектарға жеткенін жаздық. 

Серіктес жаңалықтары