Бауыржан Серікбаев: Өзекті тақырыптар бойынша референдум өткізу – жаңа саяси мәдениеттің көрінісі

Бауыржан Серікбаев: Өзекті тақырыптар бойынша референдум өткізу – жаңа саяси мәдениеттің көрінісі
392

Бүгін ҚР Орталық референдум комиссиясы Республикалық референдумның нәтижелерін жария етті. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев биыл өткен референдумның ерекшелігін атап өтті.

"2022 жылы елімізде Конституциялық өзгерістер, саяси реформалар тақырыбында референдум өтсе, биылғы референдумның ерекшелігі мемлекетіміздің экономикалық, энергетикалық дамуына қатысты халықтың пікірі алынды. Бұл елімізде аталған тақырыпта өтіп отырған алғашқы референдум десек болады. Осы орайда атап өтетін дүние ТМД аумағында, айналамыздағы көрші елдердің ішінде аталған бағытта референдум өткізген бірден бір ел – Қазақстан. Бұл – еліміздің демократиялық бағытта дамуына, азаматтардың белсенділігінің артуына ықпал етер оң үрдістің көрінісі. Жалпы, мемлекетіміздің дамуына қатысты өзекті тақырыптарда референдум өткізу, азаматтардың пікірін ескеру Қазақстанда демократиялық құндылықтардың, жаңа саяси мәдениеттің, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының нәтижелі жұмыс істеп келе жатқанының дәлелі. Бүгін ауыл, аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау, референдум өткізу сынды реформалар пакеті еліміздің дамуында жаңа саяси дәстүрді қалыптастырып келеді. Бұл мемлекетімізде іске асып отырған оң өзгерістер деп есептеймін", – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары