«Ауыл аманаты»: Тамара Дүйсенова Ақмола облысындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады
Тамара Дүйсеноваға «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар шығарған өнімдердің өңірлік көрмесі ұсынылды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасының Ақмола облысында іске асырылу барысын тексеріп, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасына оң баға берді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағдарламасы өз кәсібін ашуға, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етеді. Осы мақсатта 2,5%-бен шағын несиелер беріледі. Тамара Дүйсенова Атбасар ауданында тұрғындар бизнес-идеяларын жүзеге асыру барысымен танысты.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың бірі, Атбасар ауданының тұрғыны Виталий Дубинин 3,5 млн теңгеге көлік жөндеу стансасын ашты. Ал, Аида Мейрамова наубайхана жұмысын ұйымдастырып, 8,6 млн теңгеге жеңілдігі бар несие алған. Қазіргі таңда наубайхана 16 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Жұмысты нөлден бастадық, бүгінде халық арасында сұранысқа ие өндіріске айналып отырмыз. Несиелік қаражатқа қамыр илегіш пен 120 тоқаштық пеш сатып алынды. Біз нан өнімдерінің 20 түріне дейін пісіреміз», — деп, Аида Мейрамова ойымен бөлісті.
Тамара Дүйсеноваға «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар шығарған өнімдердің өңірлік көрмесі ұсынылды. Вице-премьер бағдарлама қатысушыларымен әңгімелесу барысында өндірісте терең өңдеуді дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірлесіп облыстың аудандары мен ауылдық округтері әкімдерінің қатысуымен бағдарламаны іске асыру жөнінде кеңес өткізді. Онда басқа да салаларда жүзеге асқан үздік жобалар қаралды. Қызылорда өңірінен келген «Байқоңыр» ӘКК басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай жобаны жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қолдау жөніндегі тәжірибені айтты. Кооперация бағытындағы үлгілі ауыл ретінде БҚО Қаратөбе ауданындағы Қоскөл ауылы таныстырылды. Сондай-ақ кеңеске қатысушылар мектептерді азық-түлікпен тиімді қамтамасыз ету, өнімді өңдеу және экспорт бойынша кейстермен танысты.
«Жергілікті жерлерде ауыл әкімдері халықпен тығыз жұмыс істейді. Олар азаматтарға мемлекеттік қолдаудың неғұрлым тиімді шараларын ұсынуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана біз басты мақсат – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қол жеткіземіз. Мемлекет жеңілдігі бар несиелерден басқа, бизнесті бастау үшін гранттар, субсидияланған жұмыс орындарын ұсынады. Осы мүмкіндіктердің барлығын пайдалана отырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау шарасы ауыл шаруашылығы бизнесін дамытудың тиімді құралы саналатынын атап өтті.
«Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түрлі бағыттағы жобалар – мал шаруашылығы, тігін және былғары өндірісі, сүт пен шұжық өнімдерін дайындау және басқа да салаларға қаражат берілді. Енді тұтынудан өндіріске көшу керек. Бұл жұмыс орнын ашып, табыс әкеледі. Бюджет халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі керек», — деді Марат Ахметжанов.
Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау және бақылау жүйесі енгізілді. Бұл шара елге әкелінген немесе өндірілген сәттен бастап пациенттің стационарда пайдалануына немесе дәріханаларда сатып алуына дейін препараттар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Тамара Дүйсенова Көкшетау қаласы дәріханалары бірінің базасында жүйенің жұмысымен танысты. Сондай-ақ облыстық ауруханада дәрі-дәрмектерді қабылдау және босату процедурасы көрсетілді.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың өзекті мәселелері өңірдегі медициналық мекемелердің бас дәрігерлерінің қатысуымен өткен кеңесте қаралды. Талқылаудың негізгі тақырыбы – Президенттің тапсырмаларын орындау. Бүгінгі таңда кепілдендірілген базалық және сақтандыру бөліктерінен тұратын медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру міндеті өзекті. Барлық өңірде сақтандырылмаған азаматтарды жүйеге тарту бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде.
«Әрбір сақтандырылған азамат аударымдар көлеміне қарамастан, ересектердің стоматологиясы мен косметологиясына байланысты қызметтерді қоспағанда, сақтандыру шеңберінде барлық қажетті медициналық көмекті алуы тиіс. Ауруды ерте анықтау бойынша жұмысты күшейту қажет», — деді Тамара Дүйсенова.
Ақмола облысына жұмыс сапары аясында спортты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіліп, спорттық ұйымдар мен мектеп басшылары қатысты. Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев өз баяндамасында ұсынылып отырған негізгі өзгерістерге тоқталып өтті. Олар спорт түрлеріне басымдық беру, жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін енгізу, спортшы дайындаудың көп деңгейлі, сабақтас жүйесін түзу, саланы цифрландыруға қатысты болды. Кеңес барысында спорт мектептерінің басшылары өздерін мазалаған сауалдарды жолдап, спорт саласын дамытуға қатысты пікірлерін айтты.
Вице-премьер ұсынылған нормалар барлық мүдделі тараптармен талқыланатынына баса мән берді. Кездесу кезінде көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жан-жақты қарастырылып, ескерілетін болады.