Шымкентте полиция қызметкері масаң күйде көлік жүргізген

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ

Шымкентте полиция қызметкері масаң күйде көлік жүргізген
istockphoto.com
369

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында полиция қызметкеріне қатысты әкімшілік іс қаралып, оны жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Бұл шешімге сотталушының 2024 жылғы 29 қыркүйекте масаң күйде Toyota Corolla көлігін басқаруы себеп болды, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдіріп, жаза жеңілдетуді сұрады. Алайда оның кінәсі бейнежазбалар және медициналық куәлендіру қорытындылары арқылы дәлелденді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес, масаң күйде көлік жүргізу жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыруды және он бес тәулікке қамаққа алуды қарастырады. Дегенмен, сот Т.Ж.-ның полиция қызметкері екенін ескере отырып, оған қамаққа алу жазасын қолданбады, бірақ оны көлік басқару құқығынан айырды», - делінген хабарламада.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары