Қайғылы жағдай: Маңғыстауда Өзбекстанның 6 азаматы қаза тапты
Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды
Маңғыстау облысындағы жол апатында Өзбекстанның 6 азаматы көз жұмды. Апат 16 қазанда таңғы сағат 07:30-да Бейнеу-Тәжен тасжолында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Jac көлігі жол жиегінде тұрған MAN жүк көлігіне соғылған. Жүк көлігінің жол жиегінде шекарадан өту үшін кезекте тұрғаны анықталды.
Көлікте барлығы 10 адам болған. Олардың төртеуі Бейнеу орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр. Науқастар толық көлемде қажетті ем алады. Жол апаты салдарынан 6 адам қаза тапты, – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Сондай-ақ жол апатына түскен көліктердің Өзбекстан Республикасында тіркелгені, қаза тапқандар мен зардап шеккендер сол елдің Ресей Федерациясынан келе жатқан азаматтары екені анықталды.
Өзбекстанның Ақтаудағы бас консулдығы аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.