Жер саласына ауқымды реформа қажет

Жер саласына ауқымды реформа қажет
сурет: istockphoto.com
738

«Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі». Биылғы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы жер саласының мәселелеріне тағы бір тоқталды.

Еліміздің аумағы 272,5 миллион гектар десек, оның 221,4 миллионы немесе 81,3 пай­ызы – ауыл шаруашылығы алқаптары. Ал ауыл шаруашылығына арналған барлық жердің 84,1 пайызы – жайылым жерлері. Елі­міз жайылым жерлердің көлемі бойынша әлемде 5-орында. 
Дегенмен шаруалар, ауыл халқы аздаған малын жаятын жайылым таппайды. Бір қара­ғанда, мүлде ақылға қонбайтын мәлі­мет. Елімізде шамамен 185 миллион гектар жайылым жер бар десек, оның тек 36 па­йызы мал шаруашылығына пайдаланылады екен. Қалған 64 пайызы бос жатыр.
Жалпы, жер саласында мәселе көп. Осыған байланысты елімізде ауқымды жұ­мыс басталып, бірқатар бастама қолға алынған еді.
2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Бас прокуратурамен бір­лесіп, пайдаланылмай жатқан жайылым­дарды қайтарып алып, ауыл тұрғындарының игілігіне беруді тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент 2022 жылғы Жолдауында жерді игеруді жолға қою керек екені айтқан еді. Биылғы Жолдауда да жерді пайдалануға байланысты бірқатар бағыт-бағдар беріліп отыр.

«Адал еңбек еткендерге бөгет жасамау керек»

Ең алдымен, Президент жер ауыл шар­уа­шылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екеніне тоқталды. 
Жер телімдерін қайтару жөніндегі ар­найы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруа­шылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтаған. Бұл мәсе­леге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қа­жет екенін айтқан Мемлекет басшысы заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін тағы бір еске салды. 
– Ал жерді пайдаланушы оған инвес­тиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмыс­қа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, көптеген жер иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мың­даған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойы­на кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер ие­лерінің қажеті жоқ екенін айтқан ол Үкі­мет пен Бас прокуратураға осы мәселені шешуді мықтап тапсырды.

10,8 миллион гектардан астам жер қайтарылды

«AMANAT» партиясының «Жер амана­ты» республикалық жер комиссиясы 2022 жыл­ғы маусымда құрылған болатын. Биылғы шілдеге дейін мемлекетке 10,8 миллион гектардан астам жер қайтарылған. Оның 3 миллионға жуығы азаматтарға берілген. 
Соның ішінде, биыл мемлекетке 946 мың гектар жер учаскесі қайтарылыпты. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орын­басары Тамара Дүйсенова айтты. Қайтар­ылған учаскелер бірінші кезекте халыққа ауылдық жерде мал жаю үшін беріледі. Деп­ут­аттар алдында сөйлеген сөзінде Тамара Дүйсенова биыл көктемгі егіс жұ­мыс­тарын қаржыландыру көлемі 3 есеге – 180 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін артқанына тоқталды. Сондай-ақ биыл агро­өнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 431 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 323 млрд теңге қажет. Бұл мәселе бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады.
Вице-премьер «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру кезіндегі проблемалар туралы айтып берді. Оның айтуынша, туындаған мәселе­лерді шешу үшін жүйелі шаралар қабыл­данған.
– Бұл мәселелерді өңірлермен бірге «AMANAT» партиясымен және осы саладағы сарапшыларды қоса отырып бірнеше мәрте талқыладық. Биыл жаңа тәсілдерді бірқатар өңірде алдымен пилоттық түрде жүзеге асырғымыз келеді, кейін тәжірибе алмасып, әр облыстың ерекшеліктерін ескере отырып жасаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Тамара Дүйсенова.
Сондай ақ комиссияның бастамасымен мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлеріне ашық қолжетім­ділік беру мақсатында  jerkarta.gharysh.kz. геоқызметі іске қосылды. Жер мәселелері бойынша 3 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 80 пайызы оң шешімін тап-
қан.

Ауқымды жер реформасы қажет

Атқарылып жатқан жұмыстарға қара­мастан, жер саласында мәселе әлі де шаш етектен. Проблемаларды реттеу үшін нақты қадамдар жасалуға тиіс. Halyq finance сарапшыларының пікірінше, бізге ауқымды жер реформасы қажет.
– Президент жердің аграрлық салаға инвестиция тартудағы негізгі фактор екенін атап өтті. Ұлттық даму жоспарында ауыл шаруа­шылығы жерлерін тиімді пайдалануға арналған шаралар ұсынылған. Алайда ең маңыздысы – ауыл шаруашылығы жер­леріне жеке меншік құқығын енгізу мәселесі айтылмаған. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, жеке меншік және еркін нарық агробизнесті дамытуға және қар­жыны қолжетімділікті етуге көмектеседі, өйткені жер көбінесе несие алу үшін кепіл ретінде пайдаланылады, – дейді сарапшы Санжар Қалдаров.
Оның айтуынша, қазір жерді нарық емес, қолында билігі барлар бөледі. Ал бұл саланың дамуын тежеп, айтарлықтай кедер­гі келтіріп отырған фактор.
– Қазір елімізде ауыл шаруашылығы жер­лерін нарық емес, шенеуніктер бөледі. Мұндай жүйеде жер инвестициялық тартымдылығын жоғалтады. Сол себепті елімізге ауқымды жер реформасы қажет деп санаймыз, – дейді сарапшы.

Заңсыз алынған жерлерді мемле­кетке қайтару процесі әлі жалғасып жатыр. Бұл бағыт бойынша қыруар жұ­мыс атқарылды. Ал сарапшылар ер­кін нарық механизмдері агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, фер­мер­лердің қаржы жағынан тапшылық көрмеуіне жол ашатынын айтады. Олар қазіргі жүйе жердің экономика­лық құнын төмендетіп отыр деген пікірде.

Д.Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары