Базалық ставка өзгеріссіз қалды

Базалық ставка өзгеріссіз қалды
сурет: istockphoto.com
785

Өткен аптада Ұлттық банк­тің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық ставкаға қатысты кезекті шешімін қа­был­дады. Реттеуші ставканы 14,25 пайыз деңгейінде қал­дырды. 

Базалық ставка – экономиканың «тер­мо­метрі» сияқты. Ол – нарықтағы ақшаның қолжетімділігін, сондай-ақ экономикалық белсенділікті реттейтін маңызды құрал. Банктердің несие және депозит мөлшерле­ме­лері базалық ставкаға тәуелді. Мысалы, база­лық ставка жоғары болса, банктер де кре­дит пайызын өсіреді және депозит табы­сын арттырады. Төмендетсе, төмендетеді. 
Яғни, базалық ставканың өзгеруі эконо­микадағы несие беру, депозиттер, валюта нарығы және инфляцияға тікелей әсер етеді. Осы себепті, бұл шешім қоғам үшін маң­ызды және Ұлттық Банк экономикалық жағдайды жан-жақты талдап барып, ставка бойынша шешім қабылдайды.

«Қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыру қажет»

Реттеушінің мәліметіне сүйенсек, бұл ше­шімді қабылдағанда инфляцияның дина­микасы мен тәуекелдер балансы ескерілген. Естеріңізге сала кетейік, шілдеде өскен жыл­дық инфляция тамыз, қыркүйекте ақырындап төмендеген болатын. 
– Инфляция біздің болжамымызға сай қалыптасып келеді, алайда 5 пайыздық таргеттен жоғары болып тұр. Халықтың ин­фляцияны күтуі де өзгеріп, жоғары дең­гейде қалды, – деді Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов.
Жалпы, әлемде инфляция төмендеп келеді. Ұлттық банктің айтуынша, оған орта­лық банктердің жоғары ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұруы себеп болып отыр. Сыртқы ахуалға келер болсақ, әлем бойын­ша азық-түлік бағасы өскені байқалады. Әсіресе, Қазақстанның саудадағы негізгі серіктесі – Ресейде инфляция қарқыны жоғары. 
Ішкі экономикада проинфляциялық қысым бар. Оған фискалдық ынталандыру­дың күшеюінен қалыптасқан тұтыну сұр­аны­сы, тұрғын үй коммуналдық қызметі бағаларының өсуі және халықтың инфля­ция­ны күтуінің артуы әсер етіп отыр.
– Біздің шешім қатаң ақша-кредит шарт­тарын ұстап тұру саясатын жалғас­тыруды көздейді. Ол баға өсімін баяулатып, инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін қажет, – деді Ұлттық банк Төрағасы Тимур Сүлейменов.
Енді реттеушінің шешім қабылдауына негіз болған факторларға жеке-жеке тоқта­лып өтейік. 

«Инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді деуге әлі ерте»

Базалық ставка инфляцияны тежеу мақ­сатында қолданылады. Әдетте, егер инфля­ция жоғары болса, орталық банктер ставка­ны өсіреді, ал инфляция төмендегенде, төмендетеді. Бұл азаматтардың кредитке де­ген сұранысын азайтуға және ақша ай­налымын шектеуге көмектеседі.
Қыркүйектің қорытындысы бойынша жылдық инфляция 8,3 пайызға дейін баяу­лады. Тамыз айындағы көрсеткіш 8,4 пайыз болған еді. Негізінен, ол азық-түлік компон­ен­тінің дезинфляциясынан қалыптасты.
Тамызда 5,5 пайыз болған азық-түлік бағасының өсімі қыркүйекте 5,1 пайызға дейін баяулады. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі 7,7 пайыздан 7,6 пайызға дейін бәсеңдеген. Ақылы қызметтер инфляциясы шілдедегі ең жоғары мәннен түсіп, екі ай қатарынан 13,6 пайыз деңгейін­де қалыптасты. Жалпы, сервистік инфля­цияға тұрғын үй коммуналдық қызмет құны­ның өсуі мен бірқатар нарық қызметі­нің қымбаттауы айтарлықтай әсер етіп отыр.
– Қыркүйекте инфляцияның бір айдағы динамикасы 0,4-ке дейін төмендеді. Алайда, ол орташа тарихи мәндерден біршама жо­ғары болып отыр. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсет­кіштері шілдеде айтарлықтай жеделдеген­нен кейін баяуласа да, көктем мен жаз бас­ын­дағы ең төмен мәндерден әлі де жо­ғары. Яғни, инфляциялық үдерістер тұрақ­ты төмендеп отыр деп айтуға әлі ерте, – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов. 
Сонымен қатар кей көрсеткіштерден өндіріс шығындарына байланысты бағалар­ға қысым артқан. Осылайша, ауыл шаруа­шылы­ғында, азық-түлік өндірісінде және тауарлар импортында баға өсімі байқалып отыр. 
Базалық ставканы белгілейтін кезде ескерілетін мәселе – халық пен бизнестің инфляцияны күтуі. Егер бизнес пен халық инфляция өседі деп күтсе, шығындарын көбейте бастайды, бұл инфляцияға түсетін қысымды арттырады. Мұндай жағдайда база­лық ставканы көтеру инфляцияны күтуді төмендетуге көмектеседі.
Қыркүйекте халықтың инфляцияны күтуі 14,1 пайызға дейін өсті. Тамыздағы көр­сетіш – 13,1 пайыз болған еді. Респон­денттер азық-түлік, аяқ киім мен киім-кешек және коммуналдық қызмет баға­сының өскенін байқаған. Қаржы нарығы­ның кәсіби қатысушылары алдағы инфля­цияға тұрақты болжам айтып отыр. Олар­дың бағалауы бойынша ол жыл соңына дейін 8,4 пайыз болады. Бұрын олар инфля­ция 8 пайыз шамасында қалыптасады деп күткен болатын.

Ішкі экономикада не болып жатыр?

Экономика баяулағанда, базалық став­каны төмендету арқылы несиелеуді ынта­лан­дырып, кәсіпорындарға қаржы тартуды жеңілдету көзделеді. Керісінше, экономика тым «қызып кеткен» жағдайда, ставканы кө­теріп, ақша массасын азайту қажет бола­ды.
Қаңтар-тамыз аралығындағы қысқамер­зімді экономикалық индикатор жылдық мәнде 4,4 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. 
– Іскерлік белсенділіктің кеңеюі ішкі және сыртқы сұраныспен қамтамасыз етіл­еді. Айтарлықтай өсім құрылыс, көлік, ақ­парат және байланыс салаларында бай­қалуда. Өнеркәсіпте өңдеу секторының оң динамикасы сақталады. Ал тұрақты ішкі сұра­нысқа байланысты сауда саласының көрсеткіштері қарқынды, – деп айтылған Ұлттық банк ақпаратында.
Ал ішкі сұраныс халықтың нақты та­бысының өсуімен қамтамасыз етіліп отыр. Ұлттық Статистика бюросының кейінгі мәліметтері бойынша, шілде айының ая­ғында нақты кірістердің өсімі 4,5% болды. Сондай-ақ бұған экономиканың ресурстық емес секторындағы инвестициялық белсен­діліктің кеңеюі мен жүргізіліп жатқан фис­калдық ынталандыру өз ықпалын тигізіп жатыр.
Ұлттық Банк бақылап отырған іскерлік белсенділік индексі жылдың көп бөлігінде немесе сегіз жыл қатарынан оң аймақта қал­ыптасып отыр. Кәсіпорындар бизнес жүргізудің келешек шарттарын оң бағалады.

Сыртқы ахуал қандай?

Базалық ставкаға әлемдік орталық банктердің, мысалы, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің немесе Еуропа орталық банкінің шешімдері де әсер етеді. Егер басқа елдерде мөлшерлемелер өзгерсе, Қазақстан оларға сәйкес шара қабылдауы мүмкін. Одан бөлек, экономикаға әсер ететін сырт­қы факторлар да бар.
Қазір сыртқы ортада кейбір сын-қатер факторлары артқанын байқауға болады. Бұл негізінен еліміздің саудадағы басты серіктесінің бірі Ресейдегі инфляцияның жеделдеуіне және әлемдік азық-түлік нарық­тарында бағаның өсуіне байланысты болып отыр. ФАО индексі шілде-тамызда біршама баяулаған еді, бірақ қыркүйекте өсті. Индекстегі азық-түліктің барлық түрі қымбаттады.
Сондай-ақ бірқатар елде монетарлық саясат жеңілдей бастағандықтан, сыртқы ақша-кредит шарттары аздап жұмсарған. Әлемде жалпы инфляция баяулап келеді, алайда базалық инфляцияның, яғни оның тұрақты бөлігіндегі көрсеткіштердің төмен­деуі айтарлықтай баяу жүріп жатыр.
Еуроодақта инфляция шілдедегі 2,8 пайыздан тамызда 2,4 пайызға дейін төмен­дегені байқалды. Еуропа орталық банкі өз саясатын жұмсартты. Дегенмен ЕОБ инфля­цияны 2 пайызға жеткізу үшін жеткілікті қатаң ақша-кредит шарттарын сақтайты­нын мәлімдеген еді.
АҚШ-та да инфляцияның тамызда 2,5 пайызға дейін айтарлықтай баяулағаны байқалды. Бұл қыркүйекте АҚШ ФРЖ-ның ставканы соңғы 4 жарым жыл ішінде алғаш рет төмендетуіне әсер етті. Қыркүйекте ставканы бірден 0,5 пайыздық тармаққа төмендетті.
Ресейде инфляция шілде-тамызда 9,1 пайызға дейін өсті. Ресей Орталық банкі негізгі мөлшерлемені көтеру үрдісін жалғас­тырып, ақша-кредит саясатын қосымша қатаң­дату қажет екенін мәлімдеген бола­тын. 
– Әріптестердің бағалауы бойынша, бұл дезинфляция процесін жаңартады, инфля­цияны күтуді төмендетеді және инфляция­ның 2025 жылы мақсатқа жетуін қамтама­сыз етеді, – деді Ұлттық банк Төрағасы.
Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың одан ары шиеленіскеніне байланысты мұ­най бағасы қазан айының басынан бері 75-80 доллар деңгейінде сақталып отыр. Бағаға ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірудегі шектеуді жеңілдетуді биылғы желтоқсанға дейін созуы мен Қытайда қабылданған бір­қатар фискалдық ынталандыру да жанама әсер етіп отыр.

Негізгі мақсат – 5 пайыздық меже

Қорыта айтқанда, реттеушінің түсін­діру­інше, инфляцияның қайта төмендей бастағанына қарамастан, сыртқы секторда және экономиканың ішкі контурында тәуекел факторларына байланысты баға­лар­ға белгілі бір қысым артқан. 
Сондай-ақ бюджет қаражаты тапшылы­ғы мен оны Ұлттық қордың қаражатынан жабуға қатысты белгісіздік тағы бір маң­ызды фактор ретінде аталып отыр. 
Оған қоса, теңгенің әлсіреуі де ставканы төмендетуге мүмкіндік бермеген.
– Айырбастау бағамының әлсіреуінен және ақша нарығындағы мөлшерлеме дина­микасынан туындаған, біршама жеңілдетіл­ген ақша-кредит шарттарын ескерсек, мұ­ның бәрі базалық мөлшерлемені төмендету­ге айтарлықтай шектеу қояды, – деді Ұлт­тық банк Төрағасы.
Ол инфляция тұрақты түрде баяуласа, әсіресе оның тұрақты бөлігі түссе, Ұлттық банк базалық ставканы ақырындап, сақтық­пен төмендетуді қарастыратынын айтты.
– Осы орайда біз бұған дейін айтқан ба­ғыт­та әрекет ете береміз. Болжамды кез­ең­де күтілетін экономиканың өсуін ескер­сек, біз қазіргі ақша-кредит шарттарын ұс­там­­ды қатаң деп бағалаймыз. Ұлттық Банк инфляцияның 5 пайыздық ортамер­зімді мақсатына тезірек қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттарын осы деңгейді 
сақ­тап қалуға тырысады, – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк «инфляция түссе, база­лық ставка неге төмендемейді?» деген сұ­раққа осылай жауап берді. Яғни,  ин­фля­ция тұр­ақты түрде төмендеп кел­еді деп нық айтуға кейбір ішкі-сырт­қы факторлар мүмкіндік бермей отыр. Енді базалық ставкаға қатыс­ты қабылд­анған келесі шешім қарашаның ая­ғында жарияланатын болады.

Серіктес жаңалықтары