Атыраулық блогер ақша бопсалады деген айыппен сотталды

Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады

Атыраулық блогер ақша бопсалады деген айыппен сотталды
istockphoto.com
315

Атырау қаласының №2 сотында бопсалау және ұрлық жасау бабы бойынша айып тағылған блогерге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады turkystan.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Сотта жергілікті блогер супермаркеттің сөрелерінен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тауып, кейін қызметкерге полиция шақырып, арыз жазатынын айтып қорқыта отырып, 2 млн теңге талап еткені анықталды. 

"Полиция келген соң блогер жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату және тауарларда мемлекеттік тілде мәліметтердің болмауы туралы арыз жазған. Мұнымен тоқтамаған блогер өтінішті қайтарып алу үшін 39 824 теңгеге азық-түлік алған. Бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау мақсатында Атырау қаласының №2 сотына келіп, прокурорларға арналған бөлмеге кіріп, ішінде қызметтік киім тұрған шкафты ашып, сондағы киімдердің бірінің қалтасынан 20 мың теңгені жасырын ұрлаған", - делінген сот хабарламасында.

Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. 

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен өз дәлелін тапты. 

Сот үкімімен блогер ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы және 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 58-бабының негізінде 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Серіктес жаңалықтары