Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 40 мыңға жуық грант бөлінген
Гранттардың жалпы санының үштен бір бөлігінен астамын көп балалы отбасылар алды.
2022 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 39 763 грант берілді. Соңғы үш жылда барлығы 38 мың грант беру жоспарланған болатын.
Грант алушылардың санаттары бөлінісінде 16 734 грант көп балалы отбасыларға, 5 142 грант – мүгедектігі бар адамдарға, 3 498 – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, 1 611 – атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 1 024 – асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға, 11 754 – басқа санаттарға берілді.
Гранттардың ең көп саны Қызылорда (6,5 мың), Түркістан (6,4 мың) және Жамбыл (4,7 мың) облыстарында, ең аз саны – Ұлытау (286) және Қостанай облыстарында (963) берілді.
Өтеусіз гранттар: мал шаруашылығына – 13 467, өсімдік шаруашылығына – 474, қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын – 9 488, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 15 678, үй-жайды жалға алуға – 656 берілді.
Көптеген қазақстандықтар грант алып, өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда.