Ақтөбеде қайырымдылық қорының басшысы мүгедек балаларға жиналған ақшаны жымқырған
Қайырымдылыққа деп жиналған 44 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген "More Life" қоғамдық қорының директоры сотталды.
Сотталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласының № 2 сотында "More Life" қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулинаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, "More Life" қоғамдық қорының директоры 2022-2024 жылдар аралығында науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты өзіне иемденген.
Шығын көлемі 43 889 429 теңгені құрады. Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Тіпті жауап беруден бас тартты.
"Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, банктік шоттардан алынған көшірме сотталушының кәнісін дәлелдеді. Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", — деп хабарлады Ақтөбе қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі.