Қарағандыда экс-әйелін өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 млн теңге өндірілді.

Қарағандыда экс-әйелін өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
istockphoto.com
189

Қарағандыда бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

Ер адам бұрынғы әйелін қасақана өлтірді деп айыпталды. Соттың мәліметінше, осы жылдың 25 сәуірінде ер адам мен оның бұрынғы жұбайы арасында жанжал туындаған. Сол күні сағат 20.00 шамасында мас күйде болған сотталушы ас үй пышағын алып, бұрынғы әйеліне үш рет пышақ жарақатын салған, кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші алған жарақаттарынан Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада көз жұмды.

«Соттың үкімімен Т. «Адам өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа мекемесінде өтейтін болады. Сот сотталушының мас күйде қылмыс жасауын қылмыстық жауаптылық мен жазаны ауырлататын мән-жай деп таныды. Іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмады», - делінген облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.

Жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 20 млн теңге өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары