Ақтөбе облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды
Олар жәбірленушілерге 60 млн теңгеге жуық шығын келтірген
Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысында «World Business Consulting» қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оның құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттіктің мәліметінше, алаяқтар өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырып, Ақтөбеде презентациялар өткізген. Жиындарда күдіктілер қаржылық инвестициялар, тиімді пайызбен несие рәсімдеу, әлемнің кез-келген жерінен пәтер және жаңа көлік сатып алу жайлы ақпаратпен азаматтарды қызықтырған. Осы арқылы олар жаңа салымшыларды тартып, оларға ай сайын ақша салып одан сыйақы алатынына сендірген.
Күдіктілердің заңсыз әрекетінен 60 млн теңгеге жуық шығын келтірілген. Сот үкімімен екі азамат кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, – делінген ҚМА хабарламасында.
Жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелді.
Жыл басынан бері ҚМА қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 62 қылмыстық істі аяқтады.
Олардың ұйымдастырушылары 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірген. Бүгінде 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді. Қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін 53 адамға қатысты 35 сот үкімі шықты. Олар 2 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталды, – делінген Агенттік хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,7 мың сайт пен сілтеме бұғаттауға жолданған.
WhatsApp, Telegram және Instagram желілерінде 300-ге жуық чат бұғатталды. Осылайша, 2 млн-нан астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы іске асырыла бастағалы бері «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus» сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.