Ержет Жарлықасын күрестен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді

Ержет - егемендік алған жылдан бері грек-рим күресінен әлем чемпионатының финалында күрескен тоғызыншы қазақ палуаны.

Ержет Жарлықасын күрестен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді
343

Грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отандасымыз 63 кг дейінгі салмақтың финалында Еуропа чемпионы Нихад Захид Мамедлиге (Әзірбайжан) жол берді. Есеп: 1-6.

Грекия астанасы Афиныда 1999 жылғы чемпионатта Мхитар Манукян (63 кг) алтыннан алқа таққан. Осы аралықта Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Қорлан Жақанша, Ержет Жарлықасын сынды бозкілем шеберлеріміз финалға шыққанымен, әзірге бас жүлде бұйырмай келеді.

Айта кетейік, биыл көктемде Бішкекте осы салмақта Азия чемпионы атанған Ержет Жарлықасын кеше іріктеуде Польша және Франция өкілінің, ал жартылай финалда Садық Лалаевтың (Бейтарап спортшы) жауырынын жерге тигізген.

Серіктес жаңалықтары