Бір жыл ішінде еліміздегі 78 елді мекен қаңырап бос қалды

Жалпы, соңғы 10 жылда ауыл саны айтарлықтай азайған

Бір жыл ішінде еліміздегі 78 елді мекен қаңырап бос қалды
istockphoto.com
357

Бір жыл ішінде еліміздегі 78 елді мекен қаңырап бос қалды. Оның сыртында қазір адам саны 50-ге де жетпейтін ауылдар көп, деп хабарлайды turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Бізде тұрғыны көп өлкеден теріскейге адам шоғырландыру жобасы бар. Бірақ оның да пайдасын көріп жатқанымыз шамалы. Депутаттар бағдарламаның жемқорларға желініп біткенін алға тартып отыр.

Былтыр елде 6 286 ауыл болған. Биыл ол 6 208-ге қысқарды. Демек тағы 78 елді мекен жойылды деген сөз. Жалпы, соңғы 10 жылда ауыл саны айтарлықтай азайған. 500 елді мекеннің орнын сипап қалдық.

Тұрғындар мұны жұмыстың жоқтығы, ақшаның аздығымен байланыстырады.

Қазір елде адам саны 50-ге де жетпейтін 546 ауыл бар. Әрқайсысында шамамен тек 26 тұрғын өмір сүріп жатыр. Ал заң бойынша тұрғын саны 50 азаматтан аз болса, ол елді мекен жабылуға тиіс.

Бірақ депутаттар мұнымен келіспейді. «Жай жаба берсек, алтын бесігімізден айырыламыз» дейді. Сол үшін Үкімет тиісті шаралар қабылдауы керек.

Қазір халықтың 38%-ы ауылда тұрады. Бұл – 7,5 млн адам. Ал даму әлеуеті бар жерлердің саны – 3,5 мың. Соның ішінде 1,2 мыңы – тірек ауыл, 2,3 мыңы – серік-спутник саналады. Оларда ауыл халқының 90%-ы қоныстанған.

«ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 2-бабы 3-тармағына сәйкес, халқының саны 50 адамнан азайған шаруа қоныстары мен өзге елді мекендер ең жақын елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай ауылдық елді мекендердің тұрғындары орталық ауылдарда көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады және осы жерде тұру құқығын сақтайды. Мемлекет оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ пошта, медициналық қызметтер көрсетуді және басқасын қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды қолдауды жалғастырып жатыр, - дейді премьер-министр Олжас Бектенов.

Бірақ мұның барлығы – тек уақытша жоба. Сондықтан мәселенің осымен шешіле салмайтынын ұққан жөн. «Ауыл, ауыл» деп тек дабыл қаға салмай, оларды сақтап қалатын нақты заң қабылданса, құба-құп.

Серіктес жаңалықтары