Ақтау әкімдігі жалғызбасты ананы үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған

Ақтау әкімдігі жалғызбасты ананы үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған
istockphoto.com
274

Ақтауда жалғызбасты ана өзін тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарып тастаған Ақтау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімін сотқа беріп, жеңіп шықты.

Жоғарғы соттың мәліметінше, 2009 жылдан бері некеде тұрған ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған екі баласы бар. Алайда 2016 жылдың наурыз айында күйеуі қайтыс болған. Сол жылдың қазан айынан бастап жесір әйел «толық емес отбасы» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған.

«Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі түгендеу жұмыстарын жүргізу кезінде талап қоюшының меншік құқығында оның атына тіркелген пәтері барын анықтаған. Сондықтан 2024 жылдың тамыз айындағы бұйрық негізінде жесір әйел тіркеуден шығарылған.

Ол бұл шешімге шағымданып, Маңғыстау облысы бойынша МАӘС-қа ТКШ бөлімінің әрекетін заңсыз деп танып, тұрғын үй кезегін қалпына келтіруді талап еткен. Сотта анықталғандай, 2017 жылдың маусым айында әйел қайтыс болған анасына тиесілі Ақтау қаласындағы жалпы ауданы 34,9 шаршы метр, тұрғын ауданы 17,7 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді мұраға алған», - делінген хабарламада.

Істі қарау нәтижелері бойынша сот мынадай негіздерді назарға алды:

  • «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның нормаларына сәйкес жергілікті атқарушы орган бір адамға пайдалануға кемінде 15 шаршы метр және 18 ш.м-ден аспайтын жарамды алаңы бар тұрғын үй ұсынады, ал жесір әйелге мұраға қалған 1 бөлмелі пәтер белгіленген нормаларға сәйкес келмейді;
  • Заңның 73-бабына сәйкес, белгіленген тәртіпте тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және оны алғанға дейін есепте тұрған толық емес отбасылар есептен шығаруға жатпайды.

«Осылайша, заң бойынша жесір әйелді тіркеуден шығаруға болмайды.

Сот Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тарапынан қолданыстағы заңнама талаптарының бұзу фактісі бойынша қалалық әкімдік атына жеке ұйғарым шығарды. Шешім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды Жоғарғы сот.

Серіктес жаңалықтары