144
Мүгедек баласы бар ата-аналардан заңсыз ұсталған салық қайтарылды
Жетісу облысының прокуратурасы мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен қамқоршыларынан жеке табыс салығының заңсыз ұсталғанын анықтады.
Тексеру нәтижесінде 2 млн теңгеден астам қаражат қайтарылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен қамқоршылары жеке табыс салығын төлеуден босатылған.
Алайда, Кербұлақ ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Салық кодексінің 346-бабы 1-бөлігінің 3) тармағының талаптарына қайшы келе отырып, аталған азаматтардан негізсіз салық ұстаған.
Мысалы мүгедек баласы бар білім бөлімінің қызметкерінен 2021 жылдан 2023 жылға дейін 400 мың теңгеден астам қаражат ұсталған.
Тексеру одан өзге 19 ата-ана мен қамқоршыға қатысты осындай құқық бұзушылықтарды анықтады. Барлық заңсыз ұсталған ақша қайтарылып, салық бөлімінің басшысына "сөгіс" жарияланды.