Қасым Жомарт Тоқаев Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады
Ресей Сыртқы істер министрі Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 80 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Қазақстан Президенті Астанаға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, екіжақты ынтымақтастықтың достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұған жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтері мен парламенттерінің үйлесімді жұмысы айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Әңгімелесу барысында Ресей Президентінің Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық мәселесіне айрықша мән берілді.
– Біз алдағы сапарға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Бұл мемлекетаралық байланыстардағы айтулы оқиға болады деп санаймыз. Екі елдің ынтымақтастығы үлгі тұтарлықтай және қарқынды дамып келеді. Бұл сапар стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасқа тың серпін береді, – деді Президент.
Өз кезегінде Сергей Лавров Ресей мен Қазақстанның көпжақты ықпалдастығы, соның ішінде алдағы сапардың күн тәртібі үкіметтер мен сыртқы саясат ведомстволары арасында егжей-тегжейлі пысықталып жатқанын жеткізді.
Ресей Сыртқы істер министрі Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 80 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Аталған жиын дипломатиялық ортада және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Лавров өңірлік және халықаралық күн тәртібі, сондай-ақ көпжақты құрылымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясындағы әріптестіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.