Орта бизнестің орны ойсырап тұр
Шағын және орта бизнестің өркендеуі – ел экономикасын тұрақтандыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Дегенмен еліміздегі орта кәсіпкерліктің көрсеткіштері әзірге көңіл көншітпейді.
Нақты секторға несие беру үдерісі әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай іскерлік ортаның белсенділігін төмендетіп қана қоймай, экономиканың дамуын да тежейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтқан болатын. Одан бөлек Президент жыл басында орта бизнесті қолдау шараларын күшейту туралы нақты тапсырмалар берілгенімен, іс жүзінде ештеңе де атқарылмағанына тоқталды.
Мақсат бар, нәтиже жоқ
Орта кәсіп – көлемі мен қызмет ауқымы бойынша шағын бизнестен үлкенірек, бірақ ірі бизнестен кіші кәсіпорындар. Орта кәсіп ел экономикасында маңызды рөл атқарады, себебі ол жұмыс орындарын құрып, шағын және ірі кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтады.
Қазақстанда орта кәсіп ретінде танылу үшін кәсіпорындағы жұмысшы саны және оның жылдық табысы белгілі бір межеге жетуге тиіс. Әдетте, орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкер саны 50-250 аралығында болады, ал олардың жылдық табысы ел заңнамасында көрсетілген шектен аспайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде тіркелген шағын және орта кәсіп субъектілерінің саны 2,2 миллионнан асады. Олардың ішінде нақты жұмыс істеп тұрғандары – 2 миллион. 4,3 миллиондай адам жұмыспен қамтылып, шығарылған өнім көлемі 34 266,8 млрд теңгеге жеткен. Дегенмен мұның ішінде орта бизнестің үлесі өте аз. Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі – 69 пайыз, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 17,7 пайыз, шаруа немесе фермер қожалықтары 13,1 пайыз болса, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,1 ғана.
Ел Үкіметі 2029 жылға қарай орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 15 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазір ЖІӨ-дегі орта кәсіпкерліктің үлесі 7,2 пайыз ғана.
Осылайша, ел экономикасындағы орта бизнестің үлесін арттыру міндеті маңызды болып тұр. Президенттің айтуынша, жыл басында орта бизнесті қолдау шараларын күшейту туралы нақты тапсырмалар берілгенімен, іс жүзінде қолдау шаралары әлі де дайын емес.
– 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес, – деді Президент Жолдауында.
Соның ішінде, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Көптеген орта кәсіпорын ұзақмерзімді және төмен пайыздық несиеге қол жеткізуде қиындықтарға тап болады, себебі банк талаптары жоғары, ал пайыздық мөлшерлемелер айтарлықтай қымбат болуы мүмкін. Бұл әсіресе аймақтардағы кәсіпкерлер үшін өзекті.
– Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет, – деді Президент.
Салық жүктемесі мен әкімшілік кедергілер де орта бизнестің дамуын тежейді. Салық салу жүйесі мен есеп беру талаптары кәсіпкерлер үшін күрделі және түсініксіз болуы мүмкін. Кейбір кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі ауыр, әсіресе бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерге бұл процестің бәрі оңай емес. Сонымен қатар лицензиялар алу, тексерулерден өту және түрлі бюрократиялық рәсімдер уақыт пен қаржыны талап етеді, бұл шағын және орта бизнеске қиындық туғызады.
Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де орта бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Әсіресе, өңірлерде кәсіпорындарға қажетті инфрақұрылым, заманауи өндірістік және логистикалық базалар жетіспейді. Кәсіпкерлер көбіне шикізатқа, көлік және қойма қызметтеріне жоғары шығындар жұмсауға мәжбүр болады.
Білікті мамандардың тапшылығы да – айтарлықтай мәселе. Орта кәсіпорындар көбіне білікті кадрларды табуда қиындық көреді, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша. Бұл кадр тапшылығы өндіріс сапасы мен кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі мүмкін.
Қолдау да, қолдау ала алмағандар да көп
Дегенмен бизнесті қолдау шаралары мүлде жоқ деуге келмейді. Қазір елімізде бизнесті қолдауға арналған 100-ден астам бастама бар, Тіпті қолдаудың көптігінен мәселе туындап отыр деуге болады.
Ең алдымен, салық жеңілдіктер қарастырылған, бұл орта кәсіп иелеріне салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді және қаржы шығындарын тиімді басқаруға көмектеседі. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетіледі. Бұл бағдарлама арқылы мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялайды, несие алу кезінде кепілдік береді, сондай-ақ қолжетімді несие көздерін ұсынады.
Орта бизнеске кеңес беру және оқыту бағытында да қолдау көрсетіліп жатыр. Әсіресе, кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру, нарықтық стратегияларды үйрету, жаңа технологияларды меңгеру секілді іс-шаралар өткізіледі. Сонымен бірге, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтарда бизнес жүргізу үшін инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі, бұл кәсіпорындарға арзан бағамен қажетті құрал-жабдықтарға және жер телімдеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнестің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында да шаралар бар. Мемлекет шетелдік нарықтарға шығуға көмектеседі, экспортқа өнім шығарушы кәсіпорындарға жеңілдіктер мен арнайы гранттар бөледі. Осылайша, Қазақстанда орта бизнесті дамыту және қолдау бағытындағы кешенді шаралар кәсіпкерлерге тұрақты дамуға, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасайды.
Бұл шаралардың сан алуандығы кәсіпкерлердің өздеріне де түсініксіз болып, қажетті қолдауды қалай және қайдан алуға болатынына қатысты сұрақтар туындатады. Яғни, ақпараттың тапшылығы да – маңызды фактордың бірі. Кейде кәсіпкерлер мемлекет ұсынған бағдарламалар мен гранттардан хабарсыз болады, оларға қатыса алмай қалады. Сонымен қатар кәсіпкерлікке қолдау көрсететін кейбір бағдарламалар тек ірі қалаларда ғана жұмыс істейді, бұл аймақтардағы бизнеске шектеу қояды.
Сондықтан Президенттің пікірінше, барлық қолдау шараларын мұқият тексеріп, олардың тиімділігіне баға беру қажет. Бұл мақсатта бизнес өкілдеріне түсінікті болатын бірыңғай жеңілдіктер тізімін әзірлеу ұсынылады.
– Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте, ең алдымен ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Президент шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болатынын айтты, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар. Бұл тәсілдер бизнеске қолдау көрсету үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлерге қаржылық және технологиялық құралдарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Елімізде қаржы технологияларын дамытуға бағытталған ұсыныстар дайындалып, оларды іске асыру бизнес ортаны цифрландыруға оң әсерін тигізе алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Яғни, кәсіпкерлікті қолдау үшін, соның ішінде орта бизнесті дамыту үшін Үкімет оңтайлы шешімдер қабылдап, қаржыландырудың қолжетімділігін арттырып, қолдау шараларын түсінікті етуі қажет. Бұл ретте, орта бизнес бастаудағы ең негізгі кедергі – қаржы мәселесі. Ал шағын бизнесті орта бизнеске дейін дамытуға жағдай жасау – мәселенің тағы бір шешімі болар еді.