Ұрпағымыз ұлттық тәрбиеден кенде қалмасын десек...

Ұрпағымыз ұлттық тәрбиеден кенде қалмасын десек...
сурет: amanatpartiasy.kz
325

Сәрсенбі күні «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің отырысы өтті. «Ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудің бүгінгі қоғамдағы маңызы» тақырыбында өткен басқосуды Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Аманжол Әлтай жүргізіп, маңызды тақырыпты талқылауға жиналып отырғанын жеткізді.

Жиынға кеңес мүшелері – жазушы, қо­ғам қайраткері Алдан Смайыл, жазушы-дра­матург Роза Мұқанова, ақын, ауда­р­ма­шы Оңайгүл Тұржан, М.Нәрікбаев атын­да­ғы «КАЗГЮУ университеті» АҚ Басқарма тө­рағасының орынбасары Айнұр Кәр­бо­зова, театр режиссері Асхат Маемиров, ай­­­­тыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы қа­тыс­ты. Мә­дениет және ақпарат вице-ми­нистрі Айзада Құрманова, Ғылым және жо­ғары білім вице-министрі Талғат Ешен­құлов, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан арнайы қонақ болып шақырылып, баян­дама жасады. Өнертану ғылымының кандидаты Меруерт Құрманғалиева сарап­шы ретінде қатысып, өзінің пікірін ортаға салды.
– Өздеріңіз білесіздер, Атырау қала­сы­н­­­да Ұлттық Құрылтайда Президентіміз: «Та­разы басында өскелең ұрпақтың ру­ха­ни жағынан сау-саламатты болу мә­селесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымы­мыз­ға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге ай­нал­ған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды», – деген болатын. Біз қазір сан ғасырдың сүз­гісінен өткен тағылымды ұлттық тәр­бие­мізді ұрпақтың бойына сіңіре алып жүр­міз бе? – деді Кеңес төрағасы Аманжол Дүй­сенбайұлы кіріспе сөзінде. – Алаштың аяулы перзенті Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құ­н­дылықтардан жұрдай рухта тәр­бие­ленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқ­тажын жоқтайтын пайдалы азамат шық­пайды» деген екен. Жүрегінде оты, кө­кі­регінде нұры бар әрбір азаматты алаң­дататын басты түйткіл – ұрпақ тәрбиесі еке­ні анық. 
А.Дүйсенбайұлының пікірінше, жаһан­дану дәуірімен бетпе-бет келген қоғамның руха­нияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзге­рістер айрықша назар аударуды қажет ете­тін мәселеге айналып отыр. Әсіресе, өс­келең ұрпақтың рухани тәрбиесі – өте маңыз­ды, жіңішкелік пен қырағылықты талап етеді. Оған салғырт қарап, бетімен жі­бер­сек, ұлттық салт-санамыздан айры­лып, құндылықтарымызды қожыратып алуымыз мүмкін. Себебі соңғы уақыттары жас жеткіншектер арасында қатігездік пен зорлық-зомбылық өршіп барады. Ұлттық тәрбиені бала бойына сіңірмей, ұлымыз көшелі, қызымыз жетелі болуы қиын. 
Төрағадан кейін сөз алған Мәдениет жә­не ақпарат вице-министрі Айзада Аман­­­гелдіқызы министрлік тарапынан ат­қарылып жатқан істерге тоқталып, «ұрпақ тәрбиесінде ақпараттың алар орны ерекшелігін, осы мақсатта көптеген шара қолға алынып жатқанын айтты. Әсіресе, жас­­тарды адамгершілікке, білімқұмар­лық­қа, жат әрекеттерден аулақ болуға бау­ли­тын түрлі шаралар өтіп, арнайы бағыттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 
Ал Ғылым және жоғары білім вице-ми­нистрі Талғат Ілиясұлы «елімізде әлеумет­тік жауапкершілік, патриотизм, діни тәр­бие сезімін оятуға, «еңбек адамы» және «то­лық адам», «адал азамат» идеяларын іл­­ге­рілетуге бағытталған идеологиялық жә­не тәрбие жұмысының кешенді шара­ларын іске асыру жолға қойылған», – деді өз баяндамасында. Оның сөзінше, ЖОО-лар­да тәрбие жұмысын ұйымдастыру жө­ніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіт­кен. «Еңбек адамы», «Толық адам» идея­ла­рын насихаттау, қоғамға кеңірек сіңіру мақ­сатында жүйелі жұмыстар қолға алын­ған. Университеттер мен колледждерде «Қоғам­дық сананың жаһандануы, ұлттық код, менталдылық пен дүниетаным: сәй­кес­тік параметрлері», «Ұлттық бірегейлік пен мәдениет», «Ұлттық бірегейлікті сақ­тау», «Қазақ халқының озық ұлттық эти­ка­лық құндылықтарын сақтап, дамыту», «Қа­зақтардың ұлттық мәдениеті – қазақ хал­қының ұлттық бірегейлігінің негізі» сияқ­ты тақырыптар қамтылып, оқытылып жатыр. Сондай-ақ ұлттық киім кию дәс­тү­рін енгізудің алғашқы қадамдары жа­са­лып, жастар арасында бұл бастама трен­дке айналған. 
Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Са­быр­ұлы министрлік мемлекеттік жалпыға мін­детті білім беру стандартына, оқу жос­па­рына «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бір­лік пен ынтымақ», «Әділет пен жауап­кер­шілік», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және жаңа­шылдық» құндылықтарын енгізуді; «Бір­тұтас тәрбие» бағдарламасының оқу-әдіс­темелік кешенін әзірлеуді (оқулықтар, оқу құралдары, ұсынымдар және т.б.), жур­­налдарды, газеттерді және цифрлық бі­лім беру ресурстарын шығаруды; «Бір­тұ­тас тәрбие» бағдарламасын брендтеуді; «Бір­­­тұтас тәрбие» бағдарламасының құн­ды­лықтарын біріктіре отырып, мек­теп­тер­дің бірыңғай білім беру ақпараттық ди­зайнының жобасын құру және осы көр­некі өнімді әрбір білім беру ұйымына ин­теграциялауды жоспарлап отырғанын жет­кізді. Вице-министр жастардың кітап оқуын арттыру үшін «Біртұтас тәрбие» бағ­­­дарламасы аясында «Балалар кітап­ха­на­сы» бағдарламасы әзірленгенін, қазақ әде­биетінің әртүрлі кезеңдері мен жанр­ла­рын қамтитын кітаптардың 1 770 ата­лым­нан тұратын көркем әдебиеттер тізімі жасақталғанын атап өтті.
Үш министрліктен келген қонақтар­дың арнайы баяндамасынан соң кеңес мү­шелері сөз алып, ұлттық тәрбиенің маңыз­­дылығына тоқталды. Жазушы Ал­дан Смайыл «Балапан» секілді телеарнаны ары қарай дамытып, ғаламтордан өзгенің емес, өзіміздің өнімдерді көретін жағдай туғызу қажеттігін, жазушы-драматург Роза Мұқанов балалардың корей, түрік, үнді се­риалдарын көріп, солардың тарихи тұл­ғаларына еліктейтінін, өзіміздің айтулы батырларымыз бен даналарымыз туралы кинолар түсіру маңызды екенін, ақын Оңай­гүл Тұржан қазақтың бірегей әдебие­тін шетел тіліне сауатты аударуды қолға алу­дың бүгінгі жастардың бойында пат­риот­тық сезім қалыптастыруға ықпалы зор болатынын айтты. Кеңестің өзге мү­ше­­лері де тұшымды ойларын ортаға салды. 

Серіктес жаңалықтары