Темірлан Көлбай әлем чемпионы атанды

Спорттық самбодан аса ауыр салмақтағы Темірлан Көлбай (+98 кг) финалда моңғолиялық спортшыны жеңді.

Темірлан Көлбай әлем чемпионы атанды
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
256

Бүгін Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында басталған самбодан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті, деп хабарлайды turkystan.kz ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Спорттық самбодан аса ауыр салмақтағы Темірлан Көлбай (+98 кг) финалда моңғолиялық спортшы Пуревдорж Дамдинчуреннен басым түсті. Отандасымыз жарыс барысында Кеничи Накаяма (Жапония), Бред Флорес (Гондурас), Нұрбек Тураевты (Өзбекстан) жартылай финалда Степан Солдатенковты (FIAS) ұтқан.

Сондай-ақ бүгін Қазақстан құрамасының спортшылары 4 қола жүлдеге ие болды. 

Спорттық самбо:

Армат Қабдолов (58 кг), Арайлым Әбенова (+80 кг)

Жауынгерлік самбо:

Құралай Кабрайқызы (54 кг), Маратбек Рахметоллин (64 кг);

Биылғы самбо бәсекесіне 80 мемлекеттен 470 спортшы жиналды. Ал еліміздің намысын 28 отандасымыз қорғайды. Жалпы 10 қарашаға дейін жалғасатын додада спорттық және жауынгерлік самбодан бөлек, зағип жандар (SVI-1) 31 жүлде жиынтығын сарапқа салатын болады.

Биылғы әлем чемпионатының ерекшелігі - әйелдер арасында жауынгерлік самбо мен зағиптардың сайысы бірінші мәрте енгізілуі.

ӘЧ-ның жалпы жүлде қоры 311 мың АҚШ доллары (1-орын - 4 000 доллар, 2-орын - 3 000 доллар, 3-орын - 2 000 доллар және зағиптар арасындағы чемпион - 1 000 доллар).

Осыған дейін Астанада 2005 жылы қарашада спорттық самбодан әлем чемпионаты өтіп, Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған.

Серіктес жаңалықтары