Қазақстандық оқушы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты

Ол ғарышқа лазер сәулесі арқылы энергия жеткізбек .

Қазақстандық оқушы ғарышқа энергия жеткізу құрылғысын ойлап тапты
294

9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев ғарыш кеңістігінде лазерлік сәулелену арқылы энергия жеткізетін, ғарыштағы жерсеріктер мен ғарыш станцияларын энергиямен қамтамасыз етуге арналған инновациялық құрылғы ойлап тапты, деп хабарлады turkystan.kz.

Құрылғы ғарыш кемесі іспетті екі модельден тұрады. Оның бірінде лазер сәулесін екінші кемеге бағыттайтын фокус жүйесі орнатылған, ал екіншісінде лазер сәулелеріне сезімтал фоторезистор бар. Лазер сәулесі фоторезисторға түсіп, түрлендіргіш арқылы электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия шамын жағу немесе ұялы телефонды қуаттау үшін жеткілікті. Құрылғы энергияны 10 метр қашықтыққа дейін жеткізіп, жаңбыр, қар және тұман сияқты түрлі ауа-райы жағдайларында сынақтан өтті. 

«Ғарышта энергия тапшылығы мәселесі бар. Жерсеріктер мен ғарыш кемелері энергияның аздығынан істен шығуы мүмкін. Мен ғарышкерлерге көмек ретінде осы құрылғыны жасадым. Жобаны жасауға екі жылдан астам уақыт жұмсадым, қолжетімді материалдарды пайдаланып, ғарышта энергия жеткізу мүмкіндігін және ғарышта лазермен энергия жеткізу әлдеқайда тиімді болатынын дәлелдедім», – дейді  жас өнертапқыш. 

2019 жылы Нұрали өз жобасын Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында таныстырып, жоғары бағаға ие болды. Кейіннен құрылғыға қуаты мықты лазер орнатып, бағдарламалық кодын жетілдірді.

Жас өнертапқыш жобасын одан әрі дамытып, Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға қатысуды жоспарлап отыр. Болашақта құрылғыға күн батареяларын қосып, оны тұрмыстық қажеттіліктерге, оның ішінде лазерлік зарядтау құрылғылары арқылы ұялы телефондарды қуаттауға қолданып көрмек.

Серіктес жаңалықтары