Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері марапатталды

Бір топ азаматқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Құрмет грамотасы табысталды.

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері марапатталды
Ақтөбе облысының әкімдігі
93

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, салада тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтар мемлекеттік наградалар мен құрмет грамоталарын иеленді. Озат еңбеккерлерге облыс әкімі Асхат Шахаров марапаттарды табыстады.

Жиында алдымен сөз сөйлеген аймақ басшысы биыл өңірімізде су тасқыны болғанына қарамастан, егін бітік шығып, шаруалар жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отырғанын жеткізді. Атап айтсақ, биыл облыста мал басының орташа өсімі 8 пайызға жетсе, диқандар гектарына 14 центнерден өнім алды. Осылайша өңір бойынша 600 мың тоннаға жуық астық жиналды.

«Баршаңызды ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер облыстың ғана емес, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына зор үлес қосып келесіздер.

Кеше ғана өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек.  Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс», – деп атап өтті. Сондықтан сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында өңір халқы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, еліміздің басқа да маңызды бағыттарында дамуға мүмкіндік алып келеді.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы аталған форумда озық технологияларды кеңінен енгізу бойынша тиісті тапсырмалар берді. Жаңа технологиялар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және жинау кезінде шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта бәріміз жұмыстарды жандандыруымыз керек. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Ақтөбе филиалы базасында Қазақ жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты құрылып отыр. Бұл бастама облыстағы асыл тұқымды жылқылардың сапасын одан әрі жақсартып, санын арттыруға зор серпін береді.

Бүгінгі салтанатты жиында баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбекте толағай табыстар тілеймін!», — деді Асхат Шахаров.

Бұдан кейін облыс әкімі өңірде еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының басшылары мен жұмысшыларына мемлекеттік және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградаларын табыс етті. Атап айтсақ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Әйтеке би ауданы «Құмқұдық» ЖШС механизаторы Ерғали Малайдаров, Қарғалы ауданы «Степное» ЖШС малшысы Батырқан Төлеуов, Хромтау ауданы «Жантізер» шаруа қожалығының шопаны Қайрат Оразалин марапатталса, «Ерен еңбегі үшін» медалін Мәртөк ауданындағы «Айс» ЖШС сауыншысы Асылбек Ертілеуов пен облыстың бас фитопотологі Айнагүл Түлекбаева алды.

Сондай-ақ бір топ азаматқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Құрмет грамотасы табысталды.

Салтанатты жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов сөз сөйлеп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қосқан үлестері үшін жиналғандарға өз ризашылығын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары