Әбе

Әбе
198

Классик жазушы, Қазақстанның Еңбек ері, әлем таныған Әбе – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына биыл жүз жыл толып отыр. Бар ғұмырын тек жазуға арнаған, шынайы шығармашылыққа адал болған ғасырлық шынардың асыл мұраты ғажап кейіпкерлер галереясымен ұштасып, Әбе мен әдебиет деген біртұтас қастерлі ұғымға айналып кеткендей. Сондықтан бұл мерейтой – әдебиетіміздің де мерейлі белесі.

…Тоқсан бірінші жылы мектеп оқу­шы­лары арасында өткен республикалық олим­пиа­дада жазған шығармамыз Алмат деген сы­ныптас досымыз арқылы қазақтың Қал­тайы – қадірлі Қалағаңның қолына тиіпті. Со­дан Қалтай Мұхамеджановтың алдынан бір-ақ шықтық. Бізге бала деп қарамай, ала­қа­нымен қоңқақ мұрнын уқалап қойып сөз бастаған Қалағаң шығармамыз туралы жы­лы пікір айтты. Жанында газет қарап отыр­ған түсі суықтау кісі қалың көзілдірігінің ас­ты­нан қарап: «Әй, Қалтай, балаларды осы­лай мақтап бұзасыңдар ғой» деді жақ­тыр­маған сыңай танытып. Оған мән берген Қалағаң жоқ. Жайраңдап: «Әбе, балдың дәмін білу үшін бір бөшке бал жеудің керегі жоқ. Бармағыңды батырып жаласаң болғаны, бал ма, самопал ма, білесің ғой» деді күле сөйлеп. Бізге мән бермей газет оқып отырған сұсты кісінің Әбдіжәміл Нұрпейісов екенін содан білдік. Кейбір сөзіміз құлағына жақса керек, әлгі кісі біраз үнсіз отырды да: «Не жазып жүрсің, бала?» деп сұрады самарқау қалыпта. Қа­пелімде не айтарымызды білмей «Аздап өлең жазамыз» дедік сасқалақтап. Ол кісі тағы жақтырмаған сыңай танытып: «Серьез­ный нәрсемен айналысу керек қой. Таяқ лақтырсаң, қазақта ақынның басына тиеді. Бір­ақ бәрінің Мұқағали боп кеткендері ша­малы» деді маңғаз кейіпте. Сосын Мұстафа Шо­қай туралы зерттеп жүргенімізді естіген­де жібіп сала берді. «А, бұл бөлек әңгіме» деді газетін жиып қойып, – «Дұрыс, Мұстафаны зерт­теу керек». Қалған әңгіменің қалай өрбі­ге­ні есте жоқ, қоштасып жатып «Сау бо­лыңыз, Әбдіжәміл ата» деген едік, «Қайдағы ата? Мен – Әбемін» деді нығырлап. Сырттай суық көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, тіпті, өзім­сінген адамына қамқор Әбені алғаш осы­лай танып едік. 
Солай Әбемен етене араласып кеттік. Ба­­­­­ласынған жоқ, жанында жүріп әң­гі­месін көп тыңдадық. Жақсылығын көрдік, ша­ра­па­ты да тиді, тағылымын да алдық. Қо­лың­нан тарс қысып ұстап алып, көзін жұ­мып, кейде күлімсіреп, әңгіменің ішіне тү­сіп, бе­рі­ліп айтатын, жарықтық. Тыңдар­ман бейне кино көріп отырғандай әсер ала­тын еді. 
Әбеңнің өмір жолына қарап отырып, адам­ның рухани дүниесі қаншалықты ор­нықты, мығым болса, бойдағы қажыр-қай­рат, ерік-жігер де соншалықты мол бола ма деп ойлайсың. Бұл ретте, суреткер-жазу­шы­ның сөз өнеріне деген құрметі еріксіз таң­ғалдырады. Ол әр туындысын бойындағы қабі­летін сарқа жұмсап, сөз атаулыны әбден ек­шеп отырып шығарады. Сөйлем мен сөзге аса жоғары талғаммен қарайды. Нұрпейісов шығармашылығының ерекшелігі де осында: сөз атаулының бәрі ұқыпты қыз жиған жиһаз­дай жарасып тұрады.
Әбенің жазу мәнері де қызық. Жылына екі рет – қыста және күзде бірнеше апта са­на­торий-шипажайда немесе ауруханада жатады. Бір жағы ем қабылдайды, екіншіден, ешкім мазаламайтын тыныш жерде жатып, шығармаларын жазады немесе әлдеқашан әлемдік әдебиет сыншыларының бағасын алып, көптеген тілге аударылған туын­ды­ла­рын қайта қарап өңдейді. Ерте жатады. То­ғыз­да, ары кеткенде онда жатқандықтан, таң­ғы төртте оянады. Алты сағатта ұйқысы әб­ден қанады. Жылдың қай мезгілі болсын, жы­лы киім киініп, қымтанып, аяғын жылы ұстап, басын орап алады. Асықпай, шәйнегін са­қылдатып қайнатып, сүтті шайды баппен ішіп, ақ тер, көк терге түседі. Сосын көзін тарс жұмып, кірпігін айқастырып, 10-15 ми­нут қыбыр етпей отырады. Мұны шабыт ша­қыру десе де болады. Саусағы ойнаса, ша­быты қашып кетердей, тырп етпейді. Шығарманы қалай бастап, қалай жалғастыру керек екенін оймен өрбітіп, толғатады. Әбден балбырап, бабына келген сәтте сол қал­пымен жазу үстеліне келіп отырады. Со­дан кешке дейін шаршамайды. Арасында ем қабылдайды, ас ішіп, демалады, аздап серуен­дейді. Қалған уақытын жазуға арнайды. Онда да бір бетті өзі ғана түсінетіндей ұсақ жазу­лар­мен көшіре береді. Қайта-қайта көшіріп, жұмырлап, жона түседі. Жона түскен сайын шығарма ширап, шырайы кіріп, шебердің қолынан шыққан мінсіз мүсін қалпына келе бастайды. Оқылған сайын басы артық сөздер мен тіркестер түсіп қалып жатады. Осылай­ша, бір оқиға немесе бір сәттің өзі үздіксіз көшірулерден кейін ширыға түсіп, шып-шымыр қалпында кемеліне жетеді. Бұл орайда Әбе әйгілі Толстойды өзіне үлгі тұ­тып, ұстаз санайды. Данышпан жазушы­ның даңқты шығармасының бір бетін бәленбай рет көшіргенін рахаттанып айтудан жалық­пайды.
Сөздің жауапкершілігі мен қаламның құ­діретін сезінгендіктен бе екен, Әбе сөйлер сөзге де мұқият дайындалады. Ойын жүйе­леп, қағазға ерінбей түсіріп алады. «Ауызекі сөз­де не тұр, кім елей қояр дейсің?!» деген нем­құрайлылық жоқ. Туған күн, үйлену тойы немесе қазада болсын, жазып әкелген сө­зін асықпай оқиды. Ал өзге тілде сөйлейтін бол­са, алдын ала аударма жасатып қояды. Бұл да бір өнеге алатын іс қой деп ойлаймыз.
Осындайда ойға он тоғызыншы жылдың жел­тоқсан айындағы бір оқиға түсіп отыр. Аст­ананың шыңылтыр аязы қыса бастаған кез. Алаштың айбозы Әбіш Кекілбаевтің 80 жыл­дығына арналған мерейтойға Әбе Алма­тыдан арнайы келіпті. Жамбылдың жасына тая­ған классик-жазушыны Алматыдан Арқа­ға жетелеп әкелген қаламгер інісіне деген шексіз құрметі мен сағынышы болса керек. Ол Әбенің «Айналайын-ай» деп басталатын әр­бір естелік сөзінен сезіліп тұрды. Көзін жұ­мып бөлек әлемге еніп алған Әбе әуелгі әң­гімені әріден бастап, алпысыншы жыл­да­ры таныған бала Әбіш туралы айтты: «Қа­зір де көз алдымда: қызыл шыт көйлектің жауы­ры­ны мен иықтың тұсын күн жеп, бояуы оңып, бозара бастапты. Бұйра шаш. Үрпек бас. Қол-аяғы шидиген қағілез, арық бала екен. Сонысына қарамастан елпілдек емес сияқ­ты. Қайта, тумай жатып, оның шидей қол-аяғының сүйек-саяқтарына қорғасын құйып ауырлатып тастағандай, аржағында әлде бір мығым, нығыз салмақ жатқандай екен», – деп бір тоқтады. Классиктің сөз сап­тасы осылай болса керек! Қандай әдемі сурет!? Қандай керемет жады?! Бала Әбіштің дана, дара бейнесі көз алдыма келе қалды...
«Мынау, құдды басына бұғалық түспеген асау аттың салған жерден, бірден шоқтығына жар­масып, тырп еткізбей ұстап тұрып, өзі­нің ырқына оп-оңай көндіріп алғандай бол­ды. Ертеңіне жаңағы баланың баянда­ма­сын сұрап алдым. Аса зейін қойып, мұқият оқып шықтым. Мынау ұстаздан дәріс алып жүр­ген баладан гөрі қолына қалам ұстаған мен сияқтылардың өзіне дәріс беретін дәре­же­ге жеткен, әдебиет әлемінің аржақ-бер­жа­ғында қаншама заманнан бері қордаланған ілім-білімді игеріп алған бала сияқтанды. Көр­дің бе, қаршадай болып алып, өз биігінде тұ­рып, алдымды орап, маған да кеңес беру­ден тайсалмағанын қарашы...».
Осылай деп бір тоқтаған Әбе қолжаз­ба­сын ұсынып, бізді тез теріп келуге жұмсады. Абырой болғанда, аурухананың медбикесі мейі­­­рімді жан екен, өтінішімізді жерге тас­та­май, компьютерін қолдануға бере қалғаны. Тез-ақ теріп апарып бергенімізбен, қағазға шұқ­шиған Әбенің қайта-қайта түзеген, күзе­ген текстін төрт рет басуға тура келді…
Дауыстап оқиды, сосын түзеп, күзеп қай­­та ұсынады. Ақыры, «Әй, осы бо­ла­тын шы­ғар, қалғанын Әбіштің жетпіс жыл­дығында жаз­ған, бірақ еш жерде жария­ланбаған мына баяндаманы оқып беремін» деп, әбден ши­майланған бір қағазды шы­ғар­ды. Онысы орысша екен. 
«Әбе, қағазға қарамай-ақ айта бермейсіз бе?» – деген сөзімді жақтырмай қалды. Оны­сын үндемей қалғанынан аңғарып, тілімді тіс­тей қойдым. Құдіретті сөзге деген жауап­кер­шілік осындай болса керек. Тұлғаның тұл­ғаға деген тағзымы осылай болса керек... 

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиет әле­мі­не бірден іргелі роман арқылы енуінің өзі құбылыс еді. Осынау алғашқы туындысымен-ақ ол қалың оқырманның назарын аударған бо­латын. Алайда ұдайы ізденіс жолында жүре­тін Әбең, өзі куә болған аласапыран күн­дердің елесіндей болған сол «Курляндия» ро­манына бір қайнауы кем дүниедей қарады. Мақтауға, лепірме сөзге мастанбай, орыс ті­­­ліне аударылайын деп тұрған жерінен қай­тарып алып, шығармасын қайыра жазып шық­ты. Сонда да тырнақалды туындысына аса көңілі толмай, тіпті, дүкен сөрелерінен кө­ріп қалса, қарадай қысылып, ұялады екен. Өзін ұдайы мазалап, іштей жегідей жеген осы түсініксіз сезім туралы бірде Әбіш Ке­кіл­баевқа айтса керек. «Ой, Әбе, бұл ойыңыз­бен келіспеймін, сіз бекер қиналасыз. «Кур­лян­дия» соғыс тақырыбында жазылған мық­ты шығарма. Жаңалығы көп. Онымен мақ­тануыңызға болады» деген Әбіш аға, өз ойын қуаттайтын нақты дәйектер келтіреді. «Сонда Әбіштің әрбір сөзі көкейімдегі көп күдікті сейілтіп жіберді. Жан-дүнием босап сала берді. Бір ғажап түсініксіз сезіммен, жал­ма-жан орнымнан атып тұрып, кітап сөре­сінде тұрған «Курляндияны» қолыма алдым. Көптен көрмеген тұңғышына қиянат жасаған әкедей мейірленіп, бауырыма басып: «Айналайын, кешір айналайын» дей беріппін үздіксіз. Сөйтіп, тұңғышыммен Әбіштің ар­қа­сында қайта табыстым» деп еске алады Әбеңнің өзі бұл туралы бір әңгімесінде. Бұл да тумысынан Әбенің өзін-өзі аямай, үнемі қамшылап, ізденіп, жетілу үстінде жүретін ерекше мінезін көрсетсе керек. 
Әдебиет атты айдынға сарқылмас арна тар­тып, әлемнің көптеген тіліне аударылған, өш­пейтін шығармалар жазып, өлмейтін кейіп­керлер жасаған Әбе – шын мәнінде ба­қытты қаламгер. Себебі ол өзінің бар сана­лы ғұмырын әдебиетке, жазуға һәм оқуға ар­нады. Соғыстан кейін әдебиет әлеміне име­не аттаған майдангер қаруын қаламға айыр­бастады. Алпысыншы жылдары «Жұл­дыз» журналының тізгінін ұстады. Басы­лым­ға келе сала Әуезов «жыл келгендей жаңалық» деп бағалаған жастар легін әдебиет сах­на­сына шығара бастады. Көптеген жастың жо­лын ашып, жөн көрсетіп, ізбасар інілеріне қам­қор бола білді. Әрине, ол екпін әлде­кім­дер­ге ұнамаған болса керек, бір жылға же­тер-жетпес уақытта әлдебір себептермен ор­нынан алынды да, Аралды бетке алып жү­­ріп кетті. Содан кейін ешқандай қызмет­тің тізгінін ұстамады. Қаламын сүйеу етіп, қа­ғазға түскен әлемінде, қан мен тердің ар­а­сында өмір кешті.
Қасиетті қаламды қолына алғалы бері «Әде­биет – әдеп» деген қағиданы жадында бе­рік ұстанған Әбе өзінің ұстамды қалпынан әсте жаңылмады. Кез келген туынды ав­тордың мінез-құлқымен, таным-түсінігімен ас­тасып жататыны белгілі. Нұрпейісов шы­ғармаларынан автордың өзін көрмейсіз. Есесіне оның Еламан, Жәдігер, Тәңірберген, Әзім, Айбала, Бәкизат, Судыр Ахмет, Сары Шая секілді кейіпкерлері бірін-бірі жалғап, да­мытып, сабақтасып, көзге түсіп тұрады. Бұл да әдебиеттегі парасаттылықтың көрі­нісі.
Біз Лев Толстой шығармаларының те­рең­­дігіне, ойшыл суреткердің даныш­пан­ды­ғына тәнті боламыз, Михаил Шолоховтың туындысындағы тілдің қарапайымдылығына ерік­сіз сүйсінеміз. Әбе осы қабырғалы қа­лам­­герлердің ең басты қасиеттерін бойына сіңіре білді. Сондықтан да оның ұғынықты, жи­нақы, бояуы қанық шығармалары үлкен ой­ларға ұласып жатады.
Бұл орайда кейбір қаламгер-замандас­тары Әбені қазақтың Шолоховы деп, «Қан мен терді» «Тынық Донға» теңеп келге­нін бі­ле­міз. Бекер емес-ау деп те ойлаймыз. Шо­­ло­ховтың даналықты қарапайым тілмен жет­кізе білген кең тынысы Әбеде анық бай­қа­лады. Дегенмен біз байқаған ұқсастық бас­қа мәселе: орыс әдебиетшілері Михаил Шо­ло­хов пен Лев Толстойдың арасында ру­хани сабақтастық мол екенін айтады. Ал біз Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Мұхтар Әуезовтің арасынан дәл осындай сабақтастықты аңғарамыз.
Мұхаңды ұстаз тұтқан Әбе ұлы сурет­кер­дің әбден кемелденген шағында көзін көріп, тә­лімін алды. Өз сөзімен айтқанда, «іштей жа­қын тұтқан, аса тәнті болған әдебиеттегі ак­а­демигін, ұстазын» шексіз жақсы көрді. Ерек­ше ілтипат, айрықша құрметтің әсері бол­са керек, сол ұстазына тонның ішкі бауын­­­дай етене жақын болуға бір жағы жү­рек­сінетін еді. Әйтсе де, ибалы, үлкенді құр­меттеп өскен ауылдың тәрбиесі тұла бойына тұтас сіңген Әбе мінсіз ұстазын үнсіз жақсы көретін. Ұстаз бен шәкірт арасындағы ма­хаб­бат та осындай риясыз болса керек. Оны адам жанын терең біліп, сезетін дария-да­ныш­пан Мұхаң да қапысыз ұққан сияқты. Өмі­рінің соңғы кезеңінде кейде өзінен сыр­ғақтап, кездесе қалса қызарақтап, шеттеп тұратын қаламгер інісін жақын тартып, оны Жазушылар Одағына басшылыққа ұсынады. Бұл – алыптардың арасындағы алтын арқау­ды, үзілмей жалғасқан ұрпақтар сабақ­тас­тығын көрсетсе керек. Осы әрекеті арқылы ұлы Мұхаң әдебиеттің ендігі кезегін Әбеңе тапсырып, батасын беріп кеткендей әсер қалдырады.
Жүз жасқа жақындап, дүниеден озған  Әбе тұтас ХХ ға­сыр­ды жазып шыққан тұлға. Әбе­нің жоға­ры­да аталған үш туындысының әр­қайсысы ХХ ғасырда қазақ қоғамына ай­рықша ықпал еткен үш ірі тарихи оқиғаны қам­тиды. «Қан мен тер» трилогиясы – 1916 жыл­ғы ұлт-азат­тық көтерілісті, Қазан төң­керісін, «Кур­лян­дия» романы – Екінші дү­ние­жүзілік соғысты, «Соң­ғы парыз» диалогиясы – Кеңес Одағы­ның тоқырап, қоғам үлкен бетбұрыс алдын­да тұрған шақты арқау етті. «Соңғы парыз­да­ғы» шиеленісті қоғам өмірі еліміздің тәуел­сіздігіне әкелгені белгілі. Сондықтан Әбенің жазғандары бір-бірін толықтырып, тұтас бір әлемді құрайтындай. 
Соның ішінде «Соңғы парыздағы» көр­кемдік пайым бойынша Аралдың жойылуы – Аралдай шалқыған адамның ішкі әлемінің тартылып, суалып, ізгіліктің жойылуы, соң­ғы ғасырдағы адамгершілік эко­логиясының сұрқай тарту кеселі жаһан­дық ауқымда да­был­қақты пернеде сурет­телген. Айталық, Жә­дігер мен Бәкизаттың ара­сындағы жұбай­лық, ізгілік қарым-қа­тынастар Арал теңі­зін­дей суалып сарқылған. Арал да адамдардан, жағалаудан қашқан. Жәдігер де адамдар арасынан қашып ақырғы өмірі мұзда өтеді. Арты­на қарайласа ешқан­дай із де жоқ, белгі де жоқ. Ақыры, Жәдігер, Бәкизат, кабинеттік өл­шемдермен құрсау­лан­ған академик Әзім мұз үстінде тоғысады. Қай кезеңде де, қай дәуір­де де заманына қа­рай икемделіп, тіпті қай­раткер болып көрі­нетін «пысықай» Әзім соңғы сәтте мұнда да сеңнен сытылып шы­ғады. Ал он үш жыл отасып, тіпті дүниеге пер­зент әкелген Жәдігер мен Бәкизат бір-бірі­нің қадірін тек ақырғы сәтте, түнерген бұлттармен түнекке айналған, буырқанып, сең­дері соғылысқан теңіз үстінде ғана біледі. «Дү­ние – ғапыл, өмір – зая» деген осы шығар. Ав­тор бұл орай­да «Бас-аяғы бір тұтам тір­ліктің ақыры, міне, ит жыртқан қара терідей ырым-жырым. Соған кім кінәлі?» деп мәң­гі­лік сауалды ал­дымызға тартады. Осыған бай­­ланысты болса керек, қабырғалы қалам­гері­міз Әбіш Кекіл­баев бұл туындыны «Ары­лу әдебиетінің ба­сы» деп бағалаған екен.
Шығарманың шырқау шегінде жылу із­де­ген торғай да пана іздеп мұз үстіндегі Жә­дігердің қойнына еніп кетеді. Бірақ Жә­дігердің денесі суып, аманат шағы жеткенін сез­генде, пыр етіп ұша жөнеледі. «Жаны кеу­деден ұшты» деген көне түркілік мифтік түсі­нікті жазушы қолданғанымен, мұнда адам­гершілік экологиясының суалғанын жа­найқаймен ұқтырғандай. Абай хакім «Көз­дің жасы, жүректің қаныменен, ерітуге бол­майды ішкі мұзын» деп қазақтың тақ­сыретін айтқан ғой. Сол сияқты алып дала­ның шетіндегі Аралдың тоң-мұзында тоқай­лас­қан үштаған тағдыр иелерінің де табан бас­қан соңғы кеңістігі ызғарлы мұз, кеуде­ле­рінен жылылық кеткен, ал табандары тайғақ, бедерлі іздері де жоқ. Жалпы, Нұр­пейі­сов тұманды түндегі теңізде қақпақылға түсіп, сеңдей соғылысқан, балыққа ұмтылған тайғақты да тайқы маңдай елінің құландай жосып кеп, ақыры мұз үстінде, ішкі жан-дү­ниесі де мұзға айналып сіресіп-тіресіп тұр­ған тағдырлы жұрт екенін астарлы уәжбен түсіндіргендей. Бұл ретте, кешегі дәуірдің зая-ұрпағының тағдыр-талайын бейнелеп тұр­ғандай... Мың айдың жүзін көрген Әбе абыз­дық кемел қасиетпен өз халқын айта оты­рып, барша адамзат табиғат-ананы жеңе­міз деп лепіріп жүріп, өзінің ішкі ізгілік қа­зынасынан айырылып, ақыры ХХІ ға­сырда жар шетіне тіреліп, айдын көлін сар­қып, асқар тауын аласартып, табаны тай­ғақ мұзда тұрғанын «Соңғы парыз» романында үштаған кейіпкерлердің бір күнгі өмірінің оқиғасына сыйдырып, шеберлікпен түйіндеп суреттегені анық аңғарылады.
Міне, осылай зиялы адамның өз халқы ал­дындағы міндеттерін терең түсіне білген Әбе жазушылықпен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол халқының қалың ортасындағы қиын­дығын бірге көріп, қуанышын бір дас­тар­қан басында бөліскен нағыз қайраткер де бола білді. Қазақтың мұңы мен мұқтажын ең биік мінберлерден тайсалмай айтты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде де бұғып қал­ған жоқ. Арада бір жыл өткенде Мәс­кеу­де­гі мәжілістердің бірінде ол Колбинді Қа­зақстаннан кері қайтарып әкетуді талап етті. Жалпы, тіл, ауыл, халықтың тұрмыс-тірші­лі­гіне, Аралдың жағдайына қатысты мәсе­ле­лер­де өткір пікірін үнемі бүкпесіз айта білді.
Бірде Әбе «Егемен Қазақстанға» келді. Қа­­­­телеспесем, 2018 жылдың ақпан айы. «Ба­ла, слушай, сен мына газетті оңдапсың. Бұ­рын қарай бермейтін едім, ауруханада жат­қан­да қолыма түсіп, оқып қайран қал­дым. Га­зет мүлдем өзгеріп кетіпті. Вот сволыш, мо­лодец! Мақала берсем, басасың ба?» деді қу­лана күлімсіреп. Тоқсанның төріндегі әде­биеттің алыбы қолқа салып тұрған соң ой­ланбай «Әрине, басамыз!» дедік. Содан қо­быраған, кейбір жері желімделген, жұлым-жұ­лымы шыққан бір қағаздарды шығарып, басу­ға берді. Онысын төрт-бес күн түзеді. Хат­шысы болып, басып береміз. Дауыстап оқып, қайта жөндейді. Мақаланың жиырма нұс­қасы жасалған шығар, сірә… Ақыры, ба­бына келді-ау дегенде «Осыны енді бір сөзін өзгертпей басасың» деді. Даусы қатқыл шық­ты. Ауыл мәселесін көтерген өзекті, көлемді мақа­лада өткір сын да бар еді. Әйтсе де, бұл Әбе ғой, қайтіп бас тартасың. Таяқ жейті­ні­міз­ді білсек те, нөмірге салып кеп жібердік. 
Содан риза болған Әбе редакцияның жұ­мысымен таныса бастады. Ғимараттың бе­сінші қабатында басылымға басшы бол­ғандардың суреттері ілінген еді, Әбе солар­дың әрқайсына ұзақ тоқтап, үңіле қарап, рухтарымен сырласқандай болды. Ал Шера­ғаң мен Әбіш ағаның суреттері алдына кел­ген­де, қабырғадан алып беруімді өтінді. Со­сын қос алыптың суретін сүйді де, «Айна­лайын­дар-ай» деп кеудесіне басты. Бір өзге­ше махаббатпен, сағынышпен еміренді. 
Енді сол ірілеріне, інілеріне қауышқан да болар.
Расында, сыртынан суық, қаталдау кө­рін­генімен, Әбенің жан дүниесі мейірімге то­лы болатын. Ықыласы түскен адамға бар пейі­лімен ақтарыла ауады, ал көңілі қатты қалса, қайта қайырыла қоймайды. Сондық­тан өз дегені болмаса, оңайлықпен тоқтай қоймайтын қайсар мінезін кейде жұрт қыңыр­лыққа балап жататын. Әсіресе, ел тағ­дыры, жер тағдыры дегенде қайраттанып, ай­бат­танып, ештеңеден қорықпай, арыстан­мен алысуға даяр тұрушы еді, жарықтық.
Осыған байланысты мына бір оқиғаны айта кетпеске болмас. 1990 жылдың 30 ма­мы­рында КСРО президенті Михаил Горбачев Алматыға келіп, алқалы жиын өткізеді. Ол Кеңес Одағының әлі де қайраты қайта қой­маған шақ. Әне-міне тәуелсіз ел болып кетеміз-ау деген үміт те қылаң бере қой­ма­ған. Әбең әлемдегі ең алып империялардың бірі­нің көсеміне қасқая қарап тұрып, отар­лау саясатын әшкере етіп, қазақ тілін мем­ле­кеттік тіл етуге наразы пікірлерге тойта­рыс беріп, тайсалмастан айтып салған еді. Бұл сол күні теледидардан толық көрсетілді. Алай­да ешбір баспасөз бетінде жарияланған емес. Әбдіжәміл аға да «Мен сөйтіп айтып едім» деп жүрген жерінде алаулатып-жалау­ла­тып айта бермейтін.
Жалпы, Әбенің ұстанымының өзі сон­дай. Ұстазы Мұхтар Әуезов «Үл­кен талант әде­биет майданына айқайлап келмейді» дей­ді екен. Оның үстіне Әбенің өзі үн-түнсіз жа­зып қана жата бергенді жөн көр­мей, аза­маттық істерге араласып, қоғамға үн қосып отыру қажет деп санайтын. «Ұлт­тық мәде­ниет­тің тұтас қамын ойлау үшін әдебиетші ең алдымен өзін азамат сезінуі керек» деуші еді.
Ол көзі тірісінде атақ та, қызмет те қу­май, әдебиетке адал еңбек етудің өшпес өне­­­­гесін көрсете білді. Өйткені ол – сөзбен су­рет салып, қаламның құдіретін құр­мет­тей­тін қабырғалы қаламгер, алаштың айбыны мен абыройы үшін басын бәйгеге тігуге даяр қай­раткер, әдебиет әлемінде өзіндік қай­та­лан­бас орны бар классик жазушы еді. Сон­дық­тан Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыға арнайы барып, Әбенің кеудесіне «Еңбек Ері» Алтын жұлдызын тағуы – әдебиетіміздің тұтас бір дәуіріне көрсетілген құрмет ретінде ба­ғаланды. Әбемен бірге әдебиетіміздің де мерейі көтерілді.
Әрдайым ағысқа қарсы жүзетін, сертіне бе­рік, діні қатты, ділі құнарлы, діңі сексеуіл­дей шымыр дарабоз құбылыс, тарлан тұлға дегдар болмысынан, тарпаң мінезінен бір сәт танған емес. Ол тұтас шығармасына ғана емес, әрбір сөйлеміне, әрбір жазған сөзіне ықтиятпен мән беріп, қайта-қайта өңдеуден-жөн­деуден әсте қажымайтын. Суреткердің көр­кем сөз сиқырына іңкәр періште көңілі, эсте­тикалық тұнық талап-талғамы оны үне­мі мазасыз еткеніне көзіміз талай мәрте жет­кен. Оның біреуді көлгірсіп мақтамайтын, өзі де мақтанбайтын, сабыры сарқылмайтын, төзімі түгесілмейтін шыңырау мінезі даладан дарыған нәр еді. Басқа қаламгерлер мерейлі белеске шыққан сайын дабыралап мадақ жаздырып, дақпыртпен той жасап жатқанда, абыз Әбең бірде-бір атаулы тойын атап өт­пегені бүгінгі біздерге өнеге. Көзі тірі болса, бәл­кім, ғасырлық тойын да осылай даңға­за­сыз, достарының арасында ғана атап өтер ме еді, кім білсін.
Жамбылдың жасына жақындаған, әде­биет әлемінің Әбесіне айналған Әбдижәміл Нұр­пейісов кесек туындылары, өлімсіз кейіп­керлері арқылы қазақ сөзімен бірге мәң­гілікке жасай береді... 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
академик, 
сенатор

Серіктес жаңалықтары