Волонтерлер қарттарға көмектесті
Елордада қар түсіп, көптеген жеке сектор тұрғындары, әсіресе жалғыз тұратын зейнеткерлер қиындықтарға тап болуда. Қарт кісілер үшін қар күреу физикалық тұрғыдан қиын және өте қауіпті, көп жағдайда жарақат алуға әкеп соғады.
Осыған орай, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының» волонтерлері зейнеткерлердің үйлерінің жеке ауласының қарын күреп, олардың көмірін түсіруге көмектесті.
Аталмыш іс-шара өскелең ұрпақтың қарым-қатынас, өзара көмек және ұжымдық жұмыс дағдыларын қалыптастыруына септігін тигізеді. Осы сынды шаралар тұлғаның үйлесімді дамуы мен әлеуметтік бірлікті нығайтуы үшін өте маңызды. Жастарды осындай игі істерге тарту ізгі қоғам қалыптастырады.
– Мен – «Жастар ресурстық орталығының» волонтерімін. Бұл біз қатысқан алғашқы акция емес. «Таза Қазақстан» акциясы жастардың қызығушылығын кеңінен қамтыды. Бұл тек таза көшелер мен саябақтар жайында емес, сонымен қатар таза ниеттер мен игі істер туралы екенін түсінуіміз керек. Мемлекет басшысы волонтерлік қызметтің баға жетпес үлесі туралы бірнеше рет айтқан. Біздің жігіттер әрқашан бірінші болып іске кіріседі және қажет болған жағдайда көмекке асығады. Елорданың жас тұрғындары мүмкіндігінше біздің еріктілеріміздің үлгісін ұстанып, осы акцияға қосылғанын қалаймын, – дейді Дэвид Шарипов.
Волонтерлер мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың қарым-қатынас, өзара көмек және ұжымдық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі дейді. Бұл тұлғаның үйлесімді дамуы мен әлеуметтік бірлікті нығайту үшін өте маңызды. Жастарды осындай игі істерге тарту өркендеуге жол ашып, тұрақты әрі достық қоғам қалыптастыруға ықпал ететіні даусыз.
– Қыс енді ғана басталды, қар да аз жауған жоқ. Қарды тазалауға өзімнің шамам жоқ. Жастар өте уақытылы көмектесті. Осы балалар болмаса, жалғыз өзім не істер едім. Осындай балаларды тәрбиелеген ата-аналарына алғысым шексіз. Қар күреуге көмектесетіндерін айтқан кезде қатты қуандық. Мұндай көлемде қар жауғанда қақпаны ашу қиын болады, бұрынғыдай күш-қуатымыз жоқ. Уақыт бөліп, бар күшін салып, көмектесіп жатқан балаларға үлкен рақмет. Бұл – біз үшін үлкен көмек, – деді Байқоңыр ауданының тұрғыны.
Айта кетейік, «Астана жастары» белсенділері тәулік бойы қаланың қарын күрейтін коммуналдық қызмет мамандарына да көмектесіп жүр. Елорда үшін маңызды жұмыс кезінде еріктілер тұрақты негізде ыстық шай мен бауырсақ тарату акцияларын өткізеді.
– «Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы орайда біз, «Астана жастары» волонтерлері, мұқтаж қарияларға қол ұшын создық. Қар күреп, көмірі мен отынын тасып бердік. Жыл бойы біз қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған әртүрлі іс-шараға қатысамыз: ағаш егіп, өзендерді тазартамыз, оған қоса басқа да экологиялық жобалармен айналысамыз, – деді волонтер Әнел Низикенова.
– «Таза Қазақстан» республикалық акциясы қыс бойы, әр апта сайын жалғасын табады. Бүкіл қазақстандықты азаматтарды, қала, аудан тұрғындарын осындай іс-шараға қатысуға шақырамыз, – деді «Астана жастары» Волонтерлер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли.
А.Бимендиева