Атаулардан ұлттық сипат іздеген ғалым
Шерубай Құрманбайұлы. Бұл – аты-жөн әрісі түркі, берісі қазақ руханиятына танымал. Этимологиялық тұрғыдан емес, ғылыми әрі әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан. Өйткені бұл аты-жөннің иесі аталған кеңістікте өзінің қолтаңбасын ойып жазды. «Түркі жұрты», «Қазақ елі» дейтін идеяға қызмет етіп келе жатқан ардақты азамат.
Мен осы бір орайды пайдаланып, Шекеңнің шыққан ортасы, яғни туған отбасына қатысты бір-екі сөзді айта кеткім келеді. Оның алдындағы ағасын, өзінен кейінгі інісін білетін едім (өткенге сәл шегініс). Әскерден келген кезіміз, «өмір көрген» жігіттердің қатарындамыз, желкілдеп тұрған шағымыз. Біз болған Қиыр шығыстағы әскери округке сол жылы Мәскеуден төтенше тапсырма келіп, бірнеше әскери құрылысты тез арада бітіру міндеті жүктелді. Екі жыл мерзімін аяқтағандарды әскерден босату (демобилизация) туралы бұйрықтың шығатын күнін санап жүрген біздерді тамыздың аяғына дейін қалдыратын болды. Бұйрық басқаша шыққан соң амал бар ма? Көндік те қалып қойдық. Әскерден келе сала оқуға тапсыруға дайындалып жүрген арманым сол жылы орындалмады, туған жердің топырағына табанымыз 10 тамыз күні ғана тиді.
Ауылда аунап-қунап біраз күн жатқан соң, арман болған Алматыға тартып кеттім. Мақсат биылша жұмыс істей тұрып, дайындалып, оқуға келесі жылы тапсыру. Астанаға келген соң, біршама қиындықтардан кейін орналасқан жұмысым – Алматы промвентиляция. Өндіріс орындарына желдету жүйесін орнату. Құрылысшылар бірге жұмыс істеп, түскі асты бірге ішіп отырса да, орыстар мен қазақтар болып бөлінеді. Қазақтардың түрлі жолдармен қалаға жинала бастаған кезі. Алматыны «жабық қала» деп, қазақтарды кіргізуге барынша тежеу қойса да, жүріп жатқан құрылыс пен жеңіл өнеркәсіп өндірістерінде жұмыс күші жетіспегендіктен, жан-жақтан келіп орналасып жатқан жастар көп болатын. Алайда басшылықтың бәрі өзге ұлт өкілдері. Аузы қисық болса да «байдың ұлы» сөйлеп тұрған кез.
Солардың арасында алғаш көрген бастық қазағым Егінбай Күркебаев еді. Қазіргі тілмен айтқанда білікті маман, құрылыстың тілін жақсы біледі, соның ішінде желдеткіштердің жүйесін, қай жерден қалай өтетінін, қай бөлшегі қайда тұратынын, қабырғадан, төбеден қалдырып кететін мың түрлі тесіктің қайсысынан кіріп, қай жерінен шығатынын эскизге қарап отырып, бәрімізге тамаша түсіндіріп береді. Түсіндіру әдістемесінің шеберлігінен болса керек, желдеткіш құбырларының жүйелік картасын біраз күннен кейін мен де шамалап біле бастағаным есімде. Қасында Мұрат, Мағзом деген екі сенімді жігіт болатын. Жақын інілері секілді, Оралдан, Жамбылдан келіп, осы бригадада бас қосқан екеуі Егімбай ағаларын туған бауырындай сыйлайды. Бір қызығы, бірге істейтін құрылысшылар әкесінен үлкен адамдарды атымен атай беретін, біраз жас үлкендігіне қарамай Егінбай ағамызды біз де атымен атайтын едік. Бірге жүрген кезде аспайтын, айтар сөзінің өлшемін білетін, бойына күші сыймай тұратын албырт жігіттердің лепірген көңілін де баспайды, сабырмен тыңдап отырып-ақ сабасына түсіреді, сонан соң сабырға шақырып сөйлейді. Осы мінезімен басшылыққа да жақты, қол астындағылардың алдында да беделді болды. Мен сол бригадада жүріп әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің кешкі дайындық бөліміне түсіп, келер жылы бірінші курсқа қабылдандым. Қыс бойғы кешкі сабаққа асығыстықта, құжат тапсыру кезіндегі қарбаласта, емтиханға дайындық кезіндегі қысылтаяң сәттерде үнемі қолдау көрсетіп отырғаны әлі есімде. Оқуға түсіп, қуанып келгенімде жақсы тілегін айтып, бригаданы жинап құттықтап, шығарып салды. Бұл – Егінбай бауырымыз Шерубайдың туған ағасы еді. Құрылысшы бригадирінен учаске бастығына дейін көтеріліп, зейнеткерлікке дейін біршама уақыт басшылық қызмет атқарғаны туралы естимін. Қазір ұл-қыздары ержеткен, үбірлі-шүбірлі, немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Одан бері отыз төрт жыл уақыт өтсе де, бауырдай болған азаматтың сол кездегі адамгершіл тұлғасы әлі ойымда.
Осы әулетте мен білетін екінші азамат – Кенже Күркебаев. Азан шақырып қойылған аты Кенжетай, қатар құбылары құрметтеу мақсатымен «тайын» қысқартып «Кенже, Кенжеке» атап кеткен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде қатар оқыдық. Білімді азамат көп жылдан бері осы университетте қызмет етіп келеді. Күркебаев Кенжетай Құрманбайұлы – филология ғылымдарының кандидаты, қазақ филологиясы кафедрасының доценті. Бірнеше оқу құралдары мен монографиялардың авторы.
Құрманбай әулетінен мен білетін осы үш ұлдың әрқайсысы қазақ қоғамының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, ісіне адал, ұстанымдары берік, өмірден өз орындарын тапқан азаматтар.
Шерубай Құрманбайұлымен сол кешкі дайындық курсында оқып жүргенде алғаш кездестік. Қазақ тілінен сабақ өткізуге келді. Бізге бұл сабақты филология ғылымының кандидаты, доцент Молдабеков Қуатбек ағай жүргізетін. Сол жолы орнына 3-курс студентін жіберген екен. Арамызда біраз өмір көрген сақа жігіттер де бар, жастары сол кезде 25-26 шамасында. Әуелде жасына қарап «е» дегендей болдық. Талғап, таңдап жатпай сұрақтарды бірінен кейін бірін қойып жатырмыз. Жауапсыз қалғаны болмады, кей сұрақтардың бірнешеуін қосып бір-ақ жауап берді. Тіс қаққан сақа жігіттер бірден түсіне қойды, бұл студентті баласынуға болмайды... Шымыр денелі, қаршығадай жігіт, сөздері де ширақ. Біраз уақыттан соң аудиторияны игеріп алды... Ертеңіне жұмысқа келгенде «Інің кеше бізге сабақ өткізді» дедім күліп (сіз деп сызылғанды ешкім аса ұната қоймайды). Менің сабаққа барып келуім басқаларға қызық. Әр күнгі сабақ туралы сұрайды. Сол күнгі сабақты да бригададағы жігіттерге айтып бергенім есімде.
...Ауылшаруашылық жұмыстан соң, бөлмесіне арнайы іздеп барғам. Шекеңмен алғаш таныстығымыз сол 1990 жылы басталған. Есте қалған ерекше сәттердің бірі – ол 1999 жылы 12 наурызда «қазақ тілі» мамандығы бойынша «Қазақ лексикасының терминденуі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Авторефератын берген, арнайы барып қатыстым. Қорғау кезінде көрсеткен слайдтар, еркін көсіліп сөйлеп тұрған сәттері көз алдымда қылыпты. Сұрақтар көп қойылды, бұл жолы да дағдарған жоқ, барлығына жауап берді. Әлімхан Жүнісбек ағамыз «Шерубай, сен «бәрі өзімдікі» дей бермей, мына ағаларыңның пікірін құрметтеп, «иә, солай, алдағы уақытта қарастырамыз» деп қойсаңшы», – деді жарасымды әзілмен. Нұргелді Уәли ағамыз да біршама сұрақ қойды, ғылыми тұрғыдан пікірін айтты. Ресми сөзін аяқтағаннан кейінгі інісіне мынандай тілек айтты: «Күні бойы шапса шаршамайтын, бір терлеп басылған соң, кешке қарай шабысын үдете түсетін өрен жүйріктер болады екен. Қазақ ондай жылқыны «сартап ат» дейді. Түрің де ақ сары, шабысың да сол сартап атқа ұқсайды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін азаматсың, саған сәттілік тілеймін!» – деп сөзін аяқтаған.
Арада өткен осынау жылдар ішінде қазақ тілі біліміне Шерубай Құрманбайұлы деген есім келді. Қазақ терминологиясының жоғын түгендеп, керегесін кеңейтті. Қысқа ғана айта кетсек, 2014 жылы 60 баспа табаққа жуық, яғни 952 беттік көлемді еңбегінің өзі біраз жайттан хабар берсе керек. Қазақ терминологиясын жинақтап, жүйелеп, теориялық, қолданбалық, әдістемелік негіздері бойынша үш тұғырын бекітті. Бұл – қазақ тіл біліміне қосылған қомақты үлес. Ол ғылыми зерттеулермен ғана шектелген жоқ, біршама беделді басшылық қызметтер атқарды, қазақ руханиятына зор үлес қосты, өзі танымал тұлғаға айналды.
Ғалымның ғылыми тұлғасын айғақтайтын аталған еңбегінен басқа зерттеулері аз емес. Соның бір парасы – ономастика бағытындағы ойлары мен ғылыми пікірлері. Ол ойлар қазақ ономастикасының жоғын түгендеуге арналған конференцияларда сөйлеген сөздер, сұхбаттар, мақалалар түрінде жарық көрді. Ғалым өз пікірін ортаға салып, әр кезде қазақ қоғамына ой тастап келеді.
Кеңес үкіметі кеткенмен, соңында үлкен мәселелер қалды, соның бірі – туған тілдің жағдайы. Бұл мәселелердің бір жағы мемлекеттік тілді дамытумен, екінші жағы тіларалық қатынас – саясатпен, үшінші жағы сыртқы елдермен байланыс, құқық, т.б. секілді сан тараулы күрмеуі күрделі болып келетінін көпшілігіміз білеміз. Шерубай Құрманбайұлы сол уақытта тіл ғылымы мен саясатына қатар араласқан. Бұл ономастиканың да мемлекеттік дәрежеде күн тәртібіне шыққан кезі. Арғысы патшалық Ресейдің, бергісі кеңестік идеологияның ең бір шүйліккен жері қазақтың аты-жөні, ғасырға жуық уақытты қамтыған аралықта (жекелеген тұлғаларды айтпағанда), толықтай орысшаланып болған. Құжатқа жазды, санаға сіңірді, талай буын өкілі ұмыта алмайтын әр жерде із қалдырды, оған бүгінгі күні көзіміз жетіп отыр. Шекең осы кезде есті ағалардың ізімен алғаш ес жиғандардың бірі еді, аты-жөнін орысша жұрнақтардан тазалап алды. Ата-бабадан қалған үлгімен, дәстүрлі ұлттық нұсқаны таңдады. Көне түркі жұртынан келе жатқан тектеу (тегін анықтау) дәстүрімен «ұлы» болды. Көне түркіден қалған «Байна Саңун Оғлы Кулуг Чур», «Кулуг Тіріг оғлы бән Кулуг Тоған», т.б. секілді аты-жөндердің құрамында сақталған «оғлы» сөзі біздің заманымызға жаңғырып жетті. Бұл – ғалымның ономастика бағындағы алғашқы қадамы деп білген дұрыс. Ешкімді жазғырмады, кінәламады, бірінші өз аты-жөнін дұрыстаудан бастады.
Шерубай Құрманбайұлының қазақтың аты-жөні туралы ойлары кешенділігімен ерекшеленеді. Мәселенің күн тәртібіне қойылуы мен шешілуіне қатар назар аударды. Т.Жанұзақпен бірге қазақ аты-жөнін жазудың нұсқаулығын дайындады. Нұсқаулықта қазақ аты-жөнінің біршама үлгілері мен жазу ережелері берілді. Кісі аттарына қатысты мақалаларының идеясы қолданыстағы аты-жөнімізді дұрыс рәсімдеумен және осы нұсқаулық талаптарына сәйкестендіру ізденістерімен сабақтасып жатады. Бұл тақырыпты жан-жақты қаузап, басылымдарға көптеген мақала жазды. «Аты-жөнді ала-құла жазудан арылуымыз керек» («Айқын», 12 желтоқсан 2008 жыл); «Есімдер есті болса» («Айқын», 29 қаңтар 2009 жыл); «Аты-жөн мемлекетшіл қалыпқа келу керек» («Айқын», 4 наурыз 2010 жыл); «Енді аты-жөнімізді рәсімдеуді ретке келтірейік». («Ана тілі», 5 наурыз 2010 жыл); «Қазақстан азаматтарының аты-жөнін бірыңғай қалыпқа келтіруді заңмен реттеу қажет». («Алаш айнасы», 9 қараша 2011 жыл); «Аты-жөнді жазуда неге бірізділік жоқ?» («Айқын», 16 қаңтар 2013 жыл).
Кісі аттарын нормалау, яғни біріздендіру бізде ғана емес, әлем елдерінің біразында бар. Дәстүрі мен мәдениетінің ерекшеліктеріне қарамай, ат қоюдағы кейбір ұстанымдар түрлі халықтарда бір-біріне сәйкес келіп жатады. Сонымен қатар азаматтардың тегінің қалыптасуы да бірнеше ғасырды қамтыған елдер бар. Мысалы, орыс фамилиясы өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін жүйеленбеген, бытыраңқы күйде болған. Орыс ғалымдарының табанды зерттеулерінің нәтижесінде адамның тегін (фамилия) білдіретін қосымшалардың саны айқындалды. А.Суперанская мен А.Суслова орыс фамилияларын стандартты және стандартқа сай емес деп екі топқа бөліп қарастырады. Стандартты орыс фамилияларына -ов, -ев, -ин, -ский, -их, -ой, -ий секілді қосымшаларды жатқызады да, стандартты еместеріне, қолданылып жүрген, мұнан өзге 29 қосымшаның түрін атап көрсетеді және ешқандай қосымшасыз жеке сөзден тұратын фамилиялардың 14 түрін мағыналық топтарға жіктеп береді. Стандартты емес фамилиялар құрамындағы қосымшалар «реттелмеген, кездейсоқ, міндетті емес, ауызекі сөйлеу тілінің элементтері» ретінде қарастырылады. Жинақтай келгенде, бұл екі ғалым орыс тегінің 32 түрін анықтап көрсетті. Сөйтіп, соның ішінде фамилия болуға жарарлық бірнешеуін ғана қалдырып, қалғанының қолданысы шектелсе деген ойларын білдірді.
Осы зерттеулер қазақ есімдеріне байланысты да жүргізілді. Ғалымдардың арасында ол санды алғаш атаған – Шерубай Құрманбайұлы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аты-жөнін, тегін өзгерту, қазақшалау ел арасында қызу қолға алынып жатқанда біраз азаматтарымыз жеке қалауларымен, түрлі уәждерді негіз етіп, өздеріне тек жасап алып жатты. Олардың ішінде ата, әулеті, келіні, үбірі т.б. секілді туыстық атаулар, ілік, шығыс септіктерінің жалғаулары, т.б. үлгілер бар еді. Осы кезде Шерубай Құрманбайұлы сол кезде қолданылып жүрген тегіміздің 16 түрін жинап, жұртшылықтың назарына ұсынды. Тегіміздің бұлайша түрленуін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдық сананың жаңғыруы және тек таңдау бағытындағы алғашқы ізденістер деп бағалауымыз керек. Осы тұста ізденістің жақсы екенін, бірақ қазіргі ресми тегіміз тарихи тегімізден алыс кетпеуге тиіс екенін әлеуметке түсіндіріп беретін уәжді сөз керек еді. Сол сөз – осы статистикалық дәлел еді. Он алты тек қатар тұрғанда олардың тарихи дәстүрімізбен сабақтас, бүгінгі күн талаптарына жауап бере алатын нұсқалары анық көрінді. Соңғы жылдары қалаған тегін алып пайдалана беру тоқтады, лақап түрінде болмаса, құқықтық-нормативтік тұрғыдан да нақты рәсімделуге тиіс бірнеше нұсқа белгіленді. Осы бағыттағы қазақ зиялылары болып атқарған мәселеге қатысты пікір айту, насихаттау, іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында Шерубай Құрманбайұлы жүрді, әлі де жалғастырып келеді.
Ономастиканың өзекті саласының бірі – топонимика. КСРО-дан қалған күрделі мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы ойлары да көптеген түйінді шешуге арналған. Қаланың тілдік келбетін қазақы қалыпқа келтіру, қалаішілік атауларды дұрыс жолға қою туралы бірнеше мақала жазып, арнайы конференция ұйымдастырды.
Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, төраға орынбасары болып тұрған кезінде, тек Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің әр аймағында, әсіресе тіл мәселесі ақсап жатқан облыстарда конференциялар, семинарлар ұйымдастырып, мемлекеттік тілдің, соның ішінде ономастика мәселелерін жиі көтерді. Бұл іс-шараларға әкімшілік қызметкерлерін қатыстырып, кемшіліктер мен одан шығатын жолдарды өзі немесе ғалымдардың, тіл жанашырларының пікірлері арқылы үнемі еске салып отырды.
Ономастика мен терминологияға қатысты негізінен көтерген мәселелерінің бірі – бірізділік. Бірізділік дегеніміз тұтастық пен жүйелілік. Бұл – ұлттық тілдің жаңа заманға, ғылым тіліне айналуының басты шарты. Қазақ ғалымдарының барлығы жиналып, бір бағытқа бұрылуын, бір мақсатқа жұмылуын дұрыс көреді. Қолданысқа түсіп нормаға айналса, кез келген қазақ сөзінің жаттығы жоқ, тілге сіңісіп кетеді. Тек термин ұсынылғаннан кейін басқа баламасын іздемей, барлығымыз бірдей қолдансақ жеткілікті. Қарапайым ғана осы қағиданың ұлттық терминологияны қалыптастыруда рөлі зор. Ономастика мәселесінде де шетелдік атаулардың қазақ тіліндегі түрліше жазылуына сын айтты. Орыс тілінің заңдарына бейімделіп, әлі де ұлттық үлгісін таба алмай жатқан топонимдердің мәселелеріне де бейжай қарамады. Теле-радио хабарларды өзі де ұйымдастырды, өзгелер ұйымдастырғандарға да қатысты. Шаршы топта сөз бастады, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты, ойларын шеберлікпен жеткізе білді. Жұртшылық оның сөзін сілтідей тынып тыңдады, ол мінберге шыққанда елеулі нәрсе күту әдетке айналды.
Бекжан Әбдуәлиұлы,
Сиянь (ҚХР) халықаралық шет тілдер
университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы