"Қазақстанда кәсіби футбол клубын ашқым келеді" – Седет Чичек
Жуырда әлеуметтік желіде ұлттық киімдер конкурсында түсірілген видео кеңінен таралып, тоғыз миллионнан астам қаралым жинады. Онда Седет Чичек есімді түрік азаматы қазақ қыздарының есімін сұрап, таңғалысын жасырмайды. Видео астында жазылған пікірлерде көпшілік, әсіресе түрік қолданушылары қазақ қыздарының есімдерінен көп ұқсастық байқағанын айтып, жылы пікірді қарша боратты. Осыдан төрт жыл бұрын Алматыға қоныс аударған, бүгінде елдегі балалар футболын қайтсем дамытамын деп жүрген бапкер Седетке хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.
– Бірнеше БАҚ сізді Түркиядан келген блогер деп шатастырып жазып жүр. Ал негізінде сіздің футбол бапкері әрі университет оқытушысы екеніңізді көпшілік біле бермейді.
– Иә, мені көбі солай жазып жүр. Негізі, мен – бапкермін әрі футбол маманымын. Пандемия аяқталуға аз қалғанда Қазақстанға көшіп келіп, мұнда Түркиядағы ең үлкен клубтардың бірі – «Фенербахче» командасының спорт клубын аштық. Негізі, мен мұнда баяғыдан бері келгім келіп жүрген. Қазақстан – біздің атажұртымыз. Мен осында келмес бұрын Қазақстан туралы деректі фильмді көп көретінмін. Түбі бір күні онда барып, теледидардан көргенді өз көзіммен көремін деп мақсат етіп жүретінмін. «Фенербахченің» Алматыдағы спорт клубында бір жылдай жұмыс істедім. Ондағы келісімшарт аяқталған соң Алматы менеджмент университеті мені оқытушылық қызметке шақырды. Әрі сол аралықта мен университет жанынан балаларға арналған спорт мектебін аштым. Одан бөлек, университеттегі футбол командасының бапкері қызметін атқарамын. Оған қоса, балаларға арналған бірнеше тиімді жобам бар.
– Әлеуметтік желіде белсенді болуға не себеп?
– Жасырып не керек, мен басында танымал болуды қаладым. Мені көпшілік танитын болса, олар менің жобаларыма қызығушылық тудыратыны анық. Негізі, мен мұнда келгенге дейін мүлде әлеуметтік желі қолданбағанмын. Кейін жеке парақшамды ашып, мұндағы футбол, әсіресе балалар футболы туралы біраз контент жариялауды қолға алдым. Үндемей жүре берсем, мені ешкім аңғармайтыны аян. Кейін Алматыдан басқа қалаларға шығып, өзім қызыққан дүниелерді таспаға түсіріп, парақшама жүктедім. Алайда бұл жүктегеніме көпшілік сонша қызығады деп күтпедім. Екі апта бұрын Шымкентке барғанымда бір салонның іші адамға лықа толы екенін байқадым. Сөйтсем, ұлттық киім киген қазақ қыздары арасында жарыс болып жатыр екен. Оны видеоға түсіріп, Алматыға келген соң парақшаларыма жүктеген едім. Ертесі қарасам, ол видеом жалпы саны 10 млн қаралым жинаған екен. Елестетіңізші, әлемдегі 10 млн адам ондағы әдемі киімдерге қызыққан. Индонезия, Түркиядан бөлек, араб елдерінен қызыққандар қатары көп болды. Кейін қазақстандық бірнеше БАҚ мен туралы жаза бастады.
– Әдепкіде балалар футболын насихаттаймын деп ашқан блогыңыздың соңы қазақ мәдениетін танытуға ұласты.
– Иә. Қазір бәрі өзгерді. Көпшілік менің жобаларымды тыңдай бастады, тіпті Президент назарына іліктім деп естідім. Менің басты мақсатым – көп адамды жақындастыру. Мен Қазақстанға көшіп келген соң көп ұқсастықты байқадым. Түбіміз бір болғаннан соң ба, мінезіміз де ұқсас келеді екен. Біз, негізі тұтасымен бір адамбыз ғой, тек саяси себептер мен географиялық бөлініс жағынан бөлектеніп қалдық. Біз бір тілде, бірақ түрлі диалектте сөйлейтінімізді аңғардым. Менің екінші көздегенім – Түркиядағы отандастарыма Қазақстанды көбірек танытқым келді. Олар біздің бауырлас, туысқан ел екенімізді жақсы біледі, дегенмен көбі мұнда келіп көрмеген. Алайда менің видеоларымнан соң, көп түрік азаматы Қазақстанға келе бастады. Мен олардың біразын Алматыда кездестіріп қалдым. Олар «Біздің Алматыға бірінші рет келуімізге сіз себепші болдыңыз» деп алғысын білдіріп жатыр. Мен мұны естігенде қатты қуандым. Жоғарыда айтып өткен, Шымкентте түсірген ұлттық киімдер туралы видеода көпшілік киімнен бөлек, қазақ қыздарының ерекше есімдеріне қатты қызықты. Ол видеоның астындағы пікірлерді оқысаңыз, көпшіліктің түркі елдеріне ортақ есімдер қойылғанына риза болғанын байқайсыз. Қазіргідей араб есімдерін қою сәнге айналған заманда, өзіміздің айрықша есімдерді ұмыт қылмағанына қайран қаласың. Онда қатысқан жиырма алты қыздың екеуінің ғана есімі арабша, ал қалғаны түркітілді қолданушыға таныс болды. Әрі олар көп есімнің Қазақстанда ұмыт қалмағанына риза болды. Ал мен сол сайысты байқап қалмасам, бұл туралы ешкім білмес те еді. Әлгі видео әлеуметтік желіде кеңінен таралған соң Шымкент қаласының әкімдігінен сыйлық алдым.
– Балалардан қазақша алған сұхбатыңыз таспаланған видеолар да біраз қаралым жинап үлгерді.
– Иә, әсіресе, ата-анасы түрік баланың қазақша еркін сөйлеген видеосы көпшілікке ұнады. Мен осында келіп, балалармен видео түсіре бастағанда қазақ тілі бұрыннан «ішімде», санамда бар екенін байқадым. Тіл құрылымы ұқсас болғасын ба, қазақша әңгіме естісем, келесі сөздің қалай аяқталатынын біліп тұрамын. Қазір өз бетімше қазақша үйреніп жүрмін. Қазақшам жақсарған соң сол тілде көп видео түсіретін боламын. Танымалдығым артқан сайын, бірнеше жобаны іске асыру туралы идея келді. Бұйырса, алдағы уақытта қандай жоба екенін көретін боласыздар.
– 80 жыл бұрын айдалып, Қазақстанға көшуге мәжбүр болған түрік ақсақалдарынан алған сұхбатыңыз да көп қаралым жинады. Бірнеше отандық БАҚ көшіріп басты. Сіз оларды Шымкентке арнайы іздеп бардыңыз ба?
– Жоқ. Мені таныған қазақ жұрты өз жағына шақырып жатыр. Өскемен, Семей, Астана қалаларынан бөлек, шалғайда жатқан ауылдарға қонақ етеміз деп ыстық лебізін білдіріп жатыр. Алдымен ел ішіндегі сапарымды Шымкенттен бастайын дедім. Бір қызығы, онда барғанымда көп адам мені танитынын аңғардым. Мен Шымкентте өмірі болмағанмын, бірақ олар мені бұрыннан танитындай бауыр тартып, қонақжайлық көрсетті. Жолай бір ауылға тоқтап, ол жердің әдемілігін көргіміз келген. Сөйтсем, онда түріктер тұрады екен. Сосын мені Грузиядан он екі жасында айдалып, көшіп келген бір қарияның үйіне ертіп апарды. Сөйтсем, ондай зұлмат заманды көрген үш түрік ақсақал сонда тұрады екен. Олар бала кезінде келсе де, сол аласапыран уақытта өз жағдайы мәз емес бола тұра, қолындағы барын беріп, құшақ жая қарсы алған қазақтарға алғысын айтып, ағынан жарылды. Алматыға келген соң, сол видеоларды жүктеп салған едім, көп қаралым мен пікір жинады. Сосын ол видеолар Қазақстандағы басты сайттардың жеке парақшасында жарияланды. Онда да жылы лебіздер толастамады. Бұйырса, алдағы уақытта Түркияға барып, ондағы, әсіресе Зейтүнбұрындағы қазақтар туралы контент әзірлемекпін. Әрі жергілікті халықтан Қазақстан туралы не білетінін сұрамақпын. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған көп қолданушы жазылғандықтан, түрлі жобаны іске асырғым келеді. Менде әлі жарияланбаған жүздеген қызық видео бар. Алайда түсіргенімнің бәрін сала бермеймін. Жеке канал ашып, сонда жария қылғым келеді. Себебі бос уақытта істейтін бұл сүйікті ісім негізгі кәсібімді «басып» кетпесе екен деймін.
– Алдағы уақытта тек Алматыға тұрақтайсыз ба?
– Иә, өйткені Алматы – мен үшін әлемдегі ең керемет қалалардың бірі. Мен Түркияның керемет жерлерінде тұрдым. Негізі, мен Бурсада өстім, кейін Бодрумда, сосын Мармаристе көп жыл тұрдым. Алматыға келмес бұрын Мармаристі әлемдегі ең керемет қала деп ойладым. Кейін Алматыға келіп, ойым өзгерді. 2 жыл бұрын Мармариске жұмыс бабымен барып, онда жиырма күн тұрақтадым. Ішім пысып, не істерімді білмедім. Байқасам, Алматыны сағыныппын. Маған бұл қаланың әр мезгілі ұнайды. Алматының тұрғындары ешқайда асықпайды. Түркияда бәрі астығып-аптығып жүреді, қалаберді, кептелісте көп сағат тұрады. Ал Қазақстанда, әсіресе Алматыда әр күн мереке секілді өтеді. Әлемнің осындай ерекше қаласында тұрып жатқан мен бақыттымын. Әрі жай ғана өз жұмысымды істеп қана қоймай, Түркия мен Қазақстан арасында мәдени елші болып жүргеніме шүкір етемін.
– Бір сөзіңізде Қазақстанда балалар клубынан бөлек, ересектер командасын жасақтағыңыз келетінін айтып қалдыңыз.
– Иә, мен Қазақстанда кәсіби клуб құрғым келеді. Тек команда жасақтап қана қоймай, академия ашқым келеді. Онда тәжірибе жинақтаған балалар біз құрған клуб сапында Қазақстан Премьер Лигасында ойнаса деймін. Қазақстан мен Түркия арасында көп сала бойынша қатынас жақсы жолға қойылған. Алайда екі ел арасында спорт жағынан еш байланыс жоқ. Менің басты мақсатым – сол байланысты орнату. Өкініштісі сол, мұндағы кейбір орысша «ойлайтындармен» жоба туралы сөйлесу қиындау. Дегенмен Қазақстанда іске асырғым келетін жобалар туралы өзім білім беріп жатқан университет басшылығы, «Қайрат клубы» және Қазақстан футбол федерациясының өкілдерімен сөйлестім. Тіпті, былтыр Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанның көмекшісіне жасаған презентациямды жібердім. Бұл бастамаларым бүгін болмаса, ертең іске асады деп сенемін. Бір үмітім бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ