Биыл Шымкентте 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі
Осы жылы жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1240-ы алынды.
Биыл Шымкентте 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға өсті. Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 миллион 360 мың шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Бұл жайлы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ОКҚ көшпелі брифингінде хабарлады.
Әкімнің мәліметінше, әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты. Мәселені шешу үшін 4830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Оның айтуынша, жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1240-ы алынды. Сонымен қатар жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есеге арттырып, кемінде 400 отбасыға жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді.
«Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді. Одан бөлек, «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы есепті кезеңге 2004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1270 пәтер беріледі», – деді әкім.
Экономика өсімі қала инфрақұрылымының дамуына да қарқын беріп отыр. Елді мекендердің инженерлік жүйелері жыл сайын жақсарып келеді. Атап айтқанда, биыл 5 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда Сайрам, Құрсай және Бозарық елді мекендерін ауыз су жүйелеріне қосу жұмыстары басталды. Алайда жауапсыз мердігерлер жұмысқа үлкен кедергі келтіріп отыр. Мысалы, «Риголит» ЖШС-гі «Құрсай» шағын ауданындағы ауыз су жүйелерінің құрылысын 2021-2022 жылдары жүргізіп, қаржысының 95%-ын алып қойған. Алайда, іс жүзінде жұмыстар толық аяқталмаған және кемшіліктері өте көп. Жауапсыз мердігер есебінен халық ауыз суға қол жеткізе алмай отыр.
«Біз халық мұқтаждығын және мәселенің өзектілігін ескеріп, шешу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Бүгінде демеушілер есебінен жұмыстар атқарып, тұрғындарды суға қосу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сол сияқты «Ұлағат» шағын ауданында «Алемстрой-1» ЖШС тарапынан 2022 жылы кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, қаржысы толық аударылған. Алайда 7 шақырым кәріз жүйесі мүлдем жүргізілмегені анықталды. Бүгінгі таңда, мәселе құқық қорғау органдарымен қылмыстық іс аясында тергелуде», – деді қала басшысы.
Электр энергиясымен қамту бағытында да жұмыс атқарылуда. 5 елді мекенде электр желісінің құрылысы басталып, осы жылы 6 мыңнан астам халқы бар Асар-2 шағын ауданы сапалы электр қуатымен қамтылды. Сонымен қатар электр қуатын арттыратын 2 қосалқы станцияның құрылысы жүргізілуде. Жеке инвестор есебінен қуаты 36 МВт құрайтын «Дендропарк» қосалқы станциясы іске қосылды. Станция 7 500-ден астам абонентті қосу арқылы тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады. 12 елді мекенде табиғи газ жүйесінің құрылысы басталды.
Бірнеше жылдан бері өзекті болып келген 60 мыңнан астам халқы бар Қайнарбұлақ елді мекенінде газ жүйелерінің құрылысы аяқталды. Қазір ішкі монтаждау және абоненттерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Осы сияқты Қаратөбе, Бозарық-2 елді мекендерін газ жүйесіне қосу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін қосымша Тассай, Ынтымақ-2, Қайтпас-1, Еламан, Бозарық-1 және Бозарық-3 елді мекендері қамтылатын болады.
Қалада 2 магистральді кәріз коллекторы және 6 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл 120 мыңға жуық халықты кәріз жүйесіне қосу мүмкіндігі бар коллектор пайдалануға беріледі.
«Қаланы жылумен қамтуда бірқатар мәселелер бар. Жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету мақсатында осы жылы 30 шақырым жүйелер жөндеуден өтті. Айта кететін жайт, өткен жылдары жалған дайындық төлқұжаттары берілуіне байланысты, ақаулар орын алған болатын. Биыл бұл мәселе басты назарға алынып, әрбір тұрғын үй және нысандар мұқият тексерілгеннен кейін ғана дайындық төлқұжаты берілді. Дегенмен жылу сапасы бойынша халық шағымы көп. Мұның басты себебі КСК жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан, олардың жұмысын әкімшілік тарапынан қолға алуға мәжбүрміз», – деді шаһар басшысы.
Сонымен қатар тұрғындардың өтінішімен жылу маусымында ғана ыстық су беріліп келген 241 көпқабатты тұрғын үйлерге алғаш рет тұрақты ыстық су берілді. Қаланың демографиялық өсімі және өндіріс алаңдарының тұрақты өсу үрдісін ескеріп, инфрақұрылым қуаттылығын арттыратын 6 су жинақтағыш қондырғы, 7 электр қосалқы станция, 1 газ тарату станциясы, 1 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарланып отыр.