392
Өскеменде Maker-Space алаңы ашылды
Өскеменде Maker-Space алаңы ашылды
Өскеменде облыстық кітапхана жанынан Maker-Space шығармашылық алаңы ашылды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Maker-Space жобасының мақсаты – өрендердің өрісі мен көкжиегін кеңейту, шығармашылық тұрғыда дамыту.
Арнаның хабарлауынша, Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен облыстық кітапхананың бірлескен жобасы жастардың ІТ саласына қызығушылығын арттырып, білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл жоба «Сандық Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылды. Алаңда жеткіншектердің шығармашылық дамуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Заманауи компьютер-моноблоктар, 3D қалам, инженерлік жинақтар де бар.
Мейкерлер қозғалысының негізі – тәлімгерлік. Жас студенттер жобаға қызыққан іні-қарындастарын жетелеп, бағыттауға машықтанған. Жаңа технологиялардың арқасында жемісті әуендетіп, «Ақылды үйлерді» қашықтан басқаруға болады. Менторлар немесе тәлімгерлер қарамағындағы жас талаптарға нұсқау беріп, қабілетін дұрыс екшеуге жол сілтейді.
Кітапханаға білім алу үшін ғана емес, жан-жақты даму үшін келетін жастардың жаңа қыры ашыла бастады. Сүйікті кітабымыздағы қажетті беттен жаңылып қалмас үшін пайдаланылатын мынадай белгі бауларды Maker-Space орталығындағы өрендер арнайы жазу мен роботқа айналдырған екен. Бұл үшін 3D принтердің көмегі тиген. Келешек физиктер мен электроника саласы мамандары осы алаңда өз қабілеттерін ұштап жатуы да ғажап емес. Бастысы, Америкада қыруар қаржы тұратын қызмет бізде тегін көрсетіледі.
MakerSpace жобасы бұған дейін Алматы мен Астанада қолға алынған. Жаңалыққа жаны құмар жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.