387
Астанада 21 жастағы жігіт ағасын пышақтап өлтірген
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
Астанада 21 жастағы жігіт туыстарына шабуыл жасап, бір адамды өлтіріп, тағы үш туысын ауыр жарақаттады. Қайғылы оқиға 17 қаңтар күні таңғы сағат 4 шамасында Ғабиден Мұстафин көшесіндегі тұрғын үйде болды.
Azattyq Ryhy сайтының мәліметінше, күдікті Free Fire ойынын ойнап жатқан кезде туыстары оның телефонын тартып алған. Ашуға булыққан жігіт түнде олар ұйықтап жатқанда шабуыл жасаған.
«1997 жылы туған ағасы оқиға орнында қайтыс болды. Үш отбасы мүшесі ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», — делінген хабарламада.
Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«21 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға туыстарының ескерту жасауы себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.